ҰБТ басталғаннан бері 130 мыңға жуық астам талапкер тест тапсырды
ҰБТ басталғалы шекті балды 67% – ға жуық талапкер жинады
Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 130 мыңға жуық астам талапкер тест тапсырды. Оның ішінде түлектердің 75,7% – ы қазақ тілінде, 24,1% – ы орыс тілінде, 0,1% – ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы мәлімдеді.
ҰБТ басталғалы шекті балды 67% – ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 65 балды құрады.
Талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар, олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл төрт апта ішінде тестілеуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 415 бала қатысты.
Жалпы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 16 мамырда басталып, 2022 жылғы 5 шілдеге дейін жалғасады. Бұл ретте талапкерлер тестілеу орны мен уақытын өздері таңдады.
Биыл талапкерлерге ыңғайлы болу үшін алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданатын болады. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі.
Академиялық адалдықты сақтау мақсатында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланды. Яғни ҰБТ-ның әрбір қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушыларды анықтап, олардың нәтижелерін жояды.
Бүгінгі таңда 174 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 159 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
«Прокторинг тек кіргізу және ҰБТ өткізу барысында ғана емес, сонымен қатар тестілеу аяқталған соң да жүргізіледі. Қазіргі таңда постпрокторинг, яғни бейнежазбаларды қайта тексергеннен кейін 14 тестіленушінің нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларға талдау күнтізбелік жылдың соңына дейін жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану және ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады», – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ-ға кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Биыл тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтеді. Егер бұған дейін тестілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған.
Айта кетейік, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.