Қоғам

Орындалған істер тізімін жүргізудің пайдасы

Бұл әдіс әдеттегі жоспардан жақсырақ

Бүгінде күнді жоспарлаудың, уақытты құр өткізбеудің түрлі әдісі бар. Соның ішінде көпшілігінде жоспарға сүйенеміз. Яғни ертең жасалуы керек шаруалардың тізімін жасап, жасалған соң белгідеп қоямыз. Бұл тәсілді ұстанып, одан нәтиже шығарып жүрсеңіз, керемет. Ал енді ол жоспар көбне орындалмай қалатын болса, демек сізге басқа әдіс табу керек деген сөз. Осы ретте назарыңызға жоспарлау емес, аяқталған шаруалар тізімін жасап жүруді ұсынамыз. Ол қалай, не артықшылығы бар — ол туралы толығырақ тарқатамыз.

Жоспармен жүрудің жағымсыз тұстары

Алдымен жоспарлап қойып, сол тізім бойынша іс атқарудың тиімсіз тұстарына тоқталайық. Біріншіден, жасалуы керек шаруа міндетті түрде орындалады дей алмаймыз. Себебі жасалатынына еш кепілдік жоқ. Байқасақ, біз орындалуы қиын не өзімізге аса қызық болмаса да жасалғаны жөн істерге байланысты жоспар құрамыз. Сөйтіп сол жоспардан ауытқымас үшін барымызды саламыз. Айталық, тіл үйрену не арықтау үшін жүгіру секілді жоспар құрып, бастапқы күндері ауытқымай, кейін орындалуы қиындайтын кездер таныс па? Жоспарлағанның бәрі міндетті түрде орындалады деген жоқ. Өйткені сол тізім сіздің әлдебір істі жақсы көріп кетуіңізге себепкер бола алмайды. Кез келген уақытта қалыптастырғыңыз келген әлгі әдеттің күлін көкке ұшыра салуыңыз мүмкін.

Негізі жоспар құрғандағы мән — уақытты тиімді пайдалану, көп шаруаға үлгеру. Десе де, сол тізім жасалса бәрі күшті болып кетеді деп ойламаңыз. Баршамызға таныс жоспар құру үшін арнайы уақыт бөлуіңіз керек. Қай кезде не істейсіз, оған қанша уақыт кетеді, қандай топтарға бөлу керек — бәрін ойланасыз. Әрине, ішкі тәртібіңіз темірдей болса, орындаған сайын ерік-жігеріңіз арта түссе, керемет. Ал енді тізім жасалғанымен, көбі сол күйі қалса, сіздің көңіл-күйіңізге  кері әсер беретіні анық. Әрі аталған тізім жасалған соң, қайта-қайта қарағыштап, енді не істеу керек, не істелді деп алаңдай бересіз. Орындалғанына белгі қойып, орындалмаса минус қойып отырасыз. Ал бұл болса, байқатпай біраз уақытыңызды алады. Осылайша негізгі шаруаларға кедергі болуы да мүмкін. Бұдан тиімділік артып кетпейді. Тіпті керісінше түсіп кетсе, ғажап емес. Орындалмай қалған шаруалар таудай үйілсе, еңсеңіз түседі.

 Ертең не алда жасалуы керек жоспарлар тізімін жасаған кезде болашаққа шаруа көп болады. «Ананы жасау керек, мынаны аяқтау керек» деген ойдың өзі миыңызға салмақ салуы мүмкін. Сонша күш салғанда ол жоспар мінсіз орындалса жақсы, әрине. Жоспардан ауытқып жатсаңыз, ол да жүйкеге тиеді. Тізіммен жүретін адам үнемі ой үстінде жүреді. «Не істеп үлгердім, енді не істеуім керек» деген ой қысады. Соның кесірінен демалыс күні де жөнді демала алмайды. 

Жоспармен жүру адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Өйткені ойға алған шаруасы іске аспаса, көңілі түсіп, өзін кінәлі сезінеді. Ал ондай жағымсыз эмоциялар жақсы әсер бермейтіні анық. Нәтижесінде өзіңізге деген бағаңыз төмендеп, эмоциялық түрде жанып, күйзеліске түсіп кетуіңіз мүмкін. Ақыр соңында ұйқыңыз бұзылып, мазаңыз қашуы ғажап емес. Ал ол болса, денсаулықты құртады. Күйзеліс — жақсы емес.

Жасалған шаруалар тізімінің артықшылықтары

Мұнымен қиындық аздау болады. Ал пайдасы әлдеқайда көбірек. Неге және қалай екенін қазір айтамыз. Бұл әдіс адамның уақытын азырақ алады, эмоциялық жай-күйін жақсартады. Орындалған істердің тізімін әркім қалағанынша жасай алады. Бұған кететін уақыт жоспарлауға кетіретін уақыттан азырақ. Атқарылған шаруаларды орындалған бойда не түнде бір қорытынды жасап, болмаса апта сайын белгілеп тұрсаңыз да болады. Бір жақсысы, тізімді көріп, жасаған шаруаларды көргенде өзіңіздің қыруар еңбек еткеніңізді көріп, марқайып қаласыз. Ал жағымды эмоция адамға күш береді.

Белгілі бір мақса қойып, оған жету-жетпеуі беймәлім халден гөрі нәтижелерді көру жақсырақ. Өйткені атқарылған шаруалар тізімін жасағанда мойныңызда ештеңе қарыз болып ілініп тұрмайды. Керісінше жасай алатын іске көзіңіз анық жетіп, оны орындауға құлшыныс артады. Себебі орындалған істердің ұзын-сонар тізімі көз қуантады. Жоспарлаған тізімнен гөрі бұл қысқалау болуы мүмкін. Есесіне, мұнда нақтылық бар. Сәйкесінше нәтиже де шынайы. Сіз өзіңізге маңызды істерді ғана атқарып жатқаныңызды түсінесіз.   Ұнайтын іспен шұғылданған кезде адамда бәріне үлгеру керек дейтін немесе уақыт пен энергияны онша құлықсыз нәрселерге шығындау дейтін ішкі қарама-қайшылық болмайды. Одан қала берді орындалған шаруалар тізіміне қарап, неліктен кей істерге үлгермей жатқаныңызды да анықтауға болады.  

Мұнда мотивация көлемі де молырақ болады. Өйткені тізімдегі әр жазба сіздің бүгінгі уақытыңызды бекер кетірмегеніңіздің айғағы болып тұрады. Кей сарапшылардың айтуынша, адам азғантай болса да жеңіске жеткен сайын алға ұмтылуға күш алады екен. Демек, сіздің атқарған істеріңіз алға басуға әсер етеді. Google, FourSquare және Buzzfeed сынды ірі компаниялар әр қызметкердің атқарған істерінің тізімін баршаға көрсетіп қояды. Сөйтіп мұның астарында мотивация алсын деген ой жатыр деседі.  

Орындалған істер тізімін қалай жүргізу керек?

  1. Ақ парақ алыңыз. Ол жерге әр атқарылған істі — жетістігіңізді жазып отырасыз. Визуал түрде көрініп тұруы үшін телефонға емес, параққа жазған жақсырақ.
  2. Кесте толтыруға бір уақыт арнауыңыз керек. Оны өзіңіз қалаған кезге қоя аласыз. Күніне бір жазасыз ба, жоқ апта сайын қорытынды жасайсыз ба — өз еркіңізде. Аса көп уақытыңызды алмайды. Әрі кетсе, 10 минут. Негізі күн сайын жүргізген жақсырақ.
  3. Үлкен бір мақсат қойған шаруаларды атқару кезінде ұсақ-ұсақ істердің өзін тізімге қосыңыз, елеуіңіз керек.
  4. Ойыңызда болмаса да, орындалған шаруаларды міндетті түрде қосыңыз. Айталық, презентация жасардың алдында қайта бір қарап, толықтырдыңыз делік. Мұны да қосу керек.
  5. Тізімге арагідік қарап отырыңыз. Өзіңіз үшін бір байлам, қорытынды жасап отыру керек. Мұндай анализді айына бір жасап тұруға болады. Нәтижесі қуантатыны анық.
  6. Әрине, кейде кей шаруалар тым ұсақ болады. Ондайдың бәрін тізіп жүрген қиындау болуы мүмкін. Ондайда ең маңызды дегендерін белгілеуді әдетке айналдырыңыз. Көптен ойлап жүрген ісіңізді жүзеге асырсаңыз, қосуды ұмытпаңыз. Өйткені анализ жасағанда сізге нағыз жағымды эмоция сыйлайтыны — солар.
  7. Жоспар бойынша жүру әдетінен арылу қиын болса, онда екеуін үйлестіріп көріңіз.