Инвестиция

Экономика өсім көрсетіп жатыр. Мемлекет бюджетіне қанша ақша түсті?

Министрлер есеп берді

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қаңтар мен мамыр аралығында ел экономикасы 4,6 пайызға өскен. Нақты сектордағы тұрақты серпін, қызмет көрсету секторындағы өсудің жеделдеуі, экспорт көлемінің артуы өсімге серпін берген.

  • Нақты сектордағы өсім 4,8%-ды құрады;
  • Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ға дейін ұлғайды;
  • Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ды құрады;
  • Инвестициялар білім беруде 72%-ға, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда 55%-ға;
  • Ғылыми және техникалық қызметте 36%-ға;
  • Денсаулық сақтауда 28%-ға;
  • Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 20,4%-ға;
  • Саудада 14%-ға;
  • Құрылыс саласында 10,7%-ға өсті.

Ведомство басшысы елімізде азық-түлік, сусын өндірісінің, жеңіл және химия өнеркәсібінің де алға жылжығанын айтады. Сонымен қатар резина және пластмасса бұйымдарын шығару, мұнай өңдеу, жиһаз және машина жасау өнімдерін шығару, фармацевтика өндірісі бойынша да ілгерілеу бар.

«Тау-кен өнеркәсібіндегі 4% өсім табиғи газ, мұнай, көмір және металл кендерін өндіру есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыс саласы да 9%-ға жуық тұрақты өсім көрсетіп отыр. Құрылыс материалдарының өндірісі 5%-ға өсті» дейді Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың өзі.

5 айдың қорытындысына сәйкес, Ақмола, Алматы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласы мен елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім тіркеліп отыр. Үкімет басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне осы жұмыс қарқынын сақтауды тапсырды. Ол үшін экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды жалғастыру қажет.

Енді Үкімет тарапынан орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр:

  • Салынып жатқан объектілерді уақытылы пайдалануға беруді бақылауды қамтамасыз ете отыра, құрылыс жұмыстары маусымын тиімді жүргізу.
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын мониторингтеу және тиісті қалыпқа келтіру шараларын қабылдау.
  • Еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орындарын құруды екпінді қадағалау.
  • Инвестицияларды белсенді тарту және инвесторлармен нақтылы жұмыс жүргізу, әр инвестициялық жобадан келетін экономикалық қайтарымды максимизациялау.
  • Экспорттық міндеттемелердің толық орындалуына жәрдемдесу және экспорттаушыларды барлық деңгейлерде қолдау.

Министрліктің мәлімдеуінше, аталған шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Экономикамызды демеп отырған бірден бір қаржы көзі – Ұлттық қор. Қазір қордағы актив көлемі 53,8 млрд долларға жетті. Республикалық бюджетке 1,9 трлн теңге трансферт бөлу үшін биылғы 5 айда 2,3 млрд долларға валюталық активтер сатылған.

Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 5 айда мемлекеттік бюджетке 6 трлн 554 млрд теңге сомасында кірістер түсіп, жоспардың 107%-ға орындалғанын мәлімдеді. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына тиесілі болған. Тиісінше, корпоративтік табыс салығы, импортқа қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспар орындалмаған.

Жамаубаев төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде қаржының жеткілікті дәрежеде игерілмей отырғанын да жасырып қалмады. Оның сөзінше, конкурстық рәсімдер мен шарттар жасасу рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, төлеуге берілетін шоттардың кеш ұсынылуы бөлінген қаржыны дер уақытында игермеуге себеп болып отыр.