Мұндай ұсыныс электр және байланыс нарығын монополиясыздандыру аясында айтылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі электр энергиясы мен байланыс нарығын монополиясыздандыру шеңберінде ұялы байланыс қызметтерін көрсетудегі «Қазақтелеком» АҚ үлесін азайтуды ұсынды. Бұл туралы Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысы барысында белгілі болды, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің электр энергиясы мен байланыс нарығын монополиясыздандыруға қатысты ұсыныстары қаралғаны атап өтілді.
«Байланыс нарығын монополиясыздандыру шаралары аясында «Қазақтелеком» АҚ ұялы байланыс қызметтерін көрсетудегі үлесін азайту туралы ұсыныс енгізілді. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі аталған шаралардың экономикаға ықтимал әсерін бағалау мақсатында айтылған тәсілдерді сарапшылық деңгейде пысықтауды тапсырды», – делінген хабарламада.
Еске салайық, сәуір айының басында Қазақстан үкіметі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының 28,8 пайыз акциясы мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлаған болатын. Жеке компаниялар Skyline Investment Company S.A. мен Alatau Capital Investment сыйға тарту шарты бойынша байланыс операторының 24,95% және 3,85% акцияларын республикалық меншікке берді.