Инвестиция

Qaztrade Accelerator 2022 бағдарламасы аясында 90 компания экспорттық қолдауға ие болды

Олар өз тауарларын Әзірбайжан, Ресей, Қытай және Украина нарығына шығарады

2022 жылғы экспорттық акселерация бағдарламасы аясында, 5 салада жұмыс істейтін 90 қазақстандық компания Әзірбайжан, Ресей, Қытай және Украина нарығында қолдауға ие болды.

14 маусымда Qaztrade Accelerator 2022 экспорттық акселерациясы бағдарламасына қатысушы компаниялар, экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шараларының операторы – «Qaztrade» АҚ және халықаралық кеңесші арасында алғашқы кездесу өтті. Онлайн кездесу шетелдік экспорттық нарыққа шыққалы отырған Бағдарламаға қатысушы 90 компанияға арналып ұйымдастырылды.

Жиынды «Qaztrade» АҚ Бас директоры Азамат Асқарұлы ашып беріп, шағын және орта бизнес секторындағы компаниялардың шетелдік нарықтарға шығу әлеуеті мен мүддесін атап өтті.

Экспорттық акселерация бағдарламасы 2020 жылы іске қосылғалы бері айтарлықтай қарқын алған. Бағдарламаның нысаналы нарықтарының тізімі де арта түсті – биыл қазақстандық тауарлар Қытай мен Ресейдің ғана емес, сондай-ақ Әзірбайжан мен Украина нарығына да шығатын болады.

Кездесу барысында қатысушыларға Бағдарламаның тұжырымдамасы, өткен жылдардың нәтижелері, сондай-ақ компаниялардың нысаналы нарықты игеруіне бағытталған жоспарланған іс-шаралар да таныстырылды.

Бағдарлама аясында қатысушы компаниялар нысаналы нарықтарға шығу жөніндегі дайындық тренинг-сессиясына қосылады, маркетингтік материалдар жасау және шетелдік нарықтарды игеру мақсатында іс-шаралар өткізу бойынша қолдауға ие болады. Халықаралық сарапшылар қазақстандық компаниялармен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделі сатып алушыларды іздестіруді қамтамасыз етеді, әлеуетті ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашып беру үшін B2B кездесулерін ұйымдастырады.

Жалпы алғанда, экспорттық акселерация бағдарламасы 2020-2025 жылдар кезеңіне есептелген. Осы уақыт ішінде 1 мыңнан астам қазақстандық өндірушіге қолдау көрсету жоспарланып отыр. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, акселерация құралын пайдалану елдің экспорттық әлеуетін дамытуға оң әсер етеді. Осылайша, Еуропалық экспорттық акселерация бағдарламасы ЕО елдерінен 2700 компанияға Оңтүстік-Шығыс Азияның: Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Сингапур, Малайзия, Таиланд, Вьетнам, Индонезия және Филиппиннің 9 нысаналы нарығын ашуға мүмкіндік берді.

Кездесуге қатысушылар бұл сессия қазақстандық компаниялардың экспорттық нарықтарға шығуы бойынша үлкен кезеңнің бастауы екендігін атап өтіп, барлығына алдағы айларда табысты әрі жемісті жұмыс тіледі.