Банк дәуірінің күні батып бара ма?

Жарияланды
Заманауи үрдістер банк секторына әсерін тигізіп жатыр

Қазақстан соңғы 20 жылда бірқатар нарықтық қатынастардың өзгерісін бастан кешірді. 2000 жылдардың бас кезінде ұялы телефон ұстау таңсық көрінсе, қазір ұялы телефон – смартфондар тек байланыс құралы емес, қаржы операцияларын атқаратын, театр мен киноға билет рәсімдейтін, мәтін жазып, видео монтаждайтын көпфункциялы құдіретке айналды. Күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болып кетті. Бірақ заманауи процесс қанша жылдамдағанымен халық сұранысын өтеуді жалғастыра беретін дүниелер де бар. Мәселен, өткен ғасырдың 60-70 жылдарында теледидар пайда болғанда көпшілік «театрдың күні батты-ау» дескен. Одан бері не заман өтті, театр жоғалған жоқ, керісінше уақыт талабына сай түрленіп дамуға көшті. Интернет те телевизия тамырына балта шаба алған жоқ. «Газет енді шықпайды» дескен талай білгір. Бірақ газет редакциялары да, баспаханалар да қызметін тоқтатпады. Енді сондай әңгімелер қаржы нарығына қатысты жиі айтыла бастады.

Соңғы 10-15 жыл бірнеше жаһандық трендтерді өмірге әкелді. Қазір банктердің тек несие беріп, табыс тауып, алаңсыз отыратын сәті емес. Процесс күн санап күрделеніп барады. Тұтынушылар белсенді түрде онлайн форматқа көше бастады. Қазір онлайн қызметтерді икемдей алмаған қаржы институтының беделі мен бәсі төмен. Қазақстандағы PwC компаниясы консультациялық қызмет бөлімінің менеджері Кристина Морева банктер тек қаржылық қызмет көрсетумен шектелмей, азаматтардың өмірлік қажеттілігіне де назар аударуы керек дейді. Ол – тамақ, киім, демалыс, транспорт, саяхат, жөндеу жұмыстары сияқты қосымша сервистер. Ал шағын және орта бизнес пен корпоративті сегмент үшін – бизнес ашуға қолдау көрсету, клиент іздеуге көмектесу, бухгалтерлік есеп пен заңдық қызмет, құжат айналымы, жеке тұлғалар базасына қолжетімділік беру сияқты міндеттер өте маңызды. Яғни, дәстүрлі емес банк өнімдерінің басын біріктірген экожүйе қажет дейді ол.

Processing.kz негізін салушы Константин Горожанкиннің айтуынша, экожүйе технологияларды құруға және банк секторынан тыс жатқан қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. Олар бірінші кезектегі – электронды коммерция, лайфстайл, телеком, денсаулық сақтау, девелопмент, B2B қызметтер.

Freedom Finance Bank директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Айдос Жұмағұловтың пікірінше, цифрландыру үдерісі банк өнімдеріне өзгеріс әкелді.

«Қазір Freedom карталарының 80 пайызы цифрланған. Apple Pay, Google Pay және Samsung Pay өнімдерінің шығуы да Қазақстан үшін бірегей мүмкіндік. Шоттарды ашу үшін бірыңғай биометрия енгізілді, соның ішінде заңды тұлғалар үшін онлайн-процестер іске қосылды. Былтыр шілдеде басталған «цифрлы ипотека» отандық банк өнімдері нарығы үшін үлкен серпіліс болды. Банктің тағы бір өнімі – цифрлы автонесие. Ол өнім аясында идентификация үшін қашықтан биометрия, авто құнын бағалау модулі, бұлтты ЭЦҚ және цифрлы құжаттар пайдаланылады. GovTech пен FinTech жылдар мен айларды қысқартып, бәрін бір күнге сыйғызып жатыр», дейді Жұмағұлов.

Әрине, осындай жекелеген банктердің (Freedom, Kaspi, Halyk секілді) үдерістерді алға жылжытудағы жетістіктері бар болғанымен, жалпы көлемде отандық банк секторында экожүйе жеткілікті дамыған деуге келмейді. Мұндай ойды Бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева айтады.

«Шын мәнінде бізде көп ойыншы да, көп қосымша да жоқ. Ұсыныс тапшылығы байқалады, өйткені бар экожүйелердің өзі адамдардың барлығын қамти алмай отыр. Тіпті қандай да бір цифрлы өнім жасағымыз келсе заңнамада кедергілер шығады. Оның үстіне қазір санкциялық риторика пайда болды. Мұның бәрі әсер етеді. Біздің нарықта қазір InsurTech жетіспей тұр. Стартаптар да, инвесторлар да сақтандыру нарығына назар аударуы керек. Бұл бағыттың перспективасы бар», дейді ол.

Константин Горожанкиннің айтуынша, экожүйе мәселесі АҚШ пен РФ-да жақсы жолға қойылған. Ол жақтың банктеріндегі қосымша сервистер қарқыны өте жоғары дейді. «Қазақстанда да сервис көп, бірақ соның бәрін бір «қорапшаға» жинау керек. Қазір бұл банктер үшін ең алғашқы кезектегі мәселе. Кім осыны бірінші естісе сол Kaspi-ді қуып жетеді» дейді Горожанкин.

Қаржыгерлер қауымдастығы қаржылық технология және инновациялар секторының директоры Константин Пак экожүйені жаппай дамыту қысқа мерзімді перспективада ғана тиімді, сосын бәрі одан жалығады деді.

Fortinet компаниясының маңызды тапсырыс берушілерімен жұмыс бойынша менеджер Назим Латыпаев экожүйелердің дамуы кибер тәуекелдерді күшейтеді деп санайды.

«Былтыр қаржы жүйесіндегі киберқылмыстардың орташа құны 18,5 млн доллар болды. Сондықтан дәстүрлі банк болып қалу керек пе, әлде белсенді цифрлану қажет пе, трансформация жасаған күнде сол жүйені қорғай аламыз ба дегенді түсіну керек. Fortinet-те машиналық оқыту мен AI көмегімен инфрақұрылымды желі тұрғысынан да, ақпараттық қауіпсіздік сегменттері тұрғысынан да автоматты түрде бақылауға мүмкіндік беретін көптеген құралдар бар», деп түсіндіреді.

Dell Technologies жүйелік аға инженері Ильдар Суханов бұрын банктер құрылғыларға көп инвестиция салса, қазір локалды және бұлтты деректерге көбірек қаржы бағыттағанын жеткізеді.

Сондай-ақ оқыңыз