Fitch Ratings агенттігі Қазақстанның егемен рейтингін растады
Қазақстанның егемен кредит рейтингі «тұрақты» болжамды «BBB» деңгейінде
2022 жылғы 17 маусымда Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан Республикасының егемен кредит рейтингінің «тұрақты» болжамды «BBB» деңгейін растады.
Орта мерзімді перспективада ағымдағы шоттың профицитімен қамтамасыз етілетін елдің елеулі сыртқы резервтері кредиттік рейтингті сақтаудың негізгі факторы ретінде бұрынғысынша қалып отыр. Fitch Ratings бағалауы бойынша Қазақстанның таза сыртқы резервтері 2021 жылдың соңында ЖІӨ-нің 37% – ын құрады, бұл салыстырмалы кредиттік рейтингі бар елдер тобы бойынша медиандық көрсеткіштен едәуір асады. Атап айтқанда, 2021 жылы ҚРҰҚ активтері ЖІӨ-нің 33,1% – ын, және алтын-валюта активтері ЖІӨ-нің 18% – ын құрады.
Агенттік елдегі қаңтар айындағы оқиғаларға, геосаяси тәуекелдердің іске асырылуына және Ресейге қатысты санкциялардың енгізілуіне қарамастан, бұл факторлардың әсері негізгі экспорттық тауарларға неғұрлым жоғары бағалармен және 2024 жылдан бастап Теңіз мұнай кен орнының кеңеюіне байланысты мұнай өндірудің ұлғаюымен теңгерімделетінін атап өтті.
2022 жылғы мамыр айының соңында инфляция 14% құрады. Бұл ретте Fitch Ratings 2023 жылы инфляцияның бір сандық мәнге оралуын болжайды. Сарапшылар Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені арттыруын және кейбір тауарлардың бағаларын бақылау жөніндегі іс-шараларды қамтитын тиісті шараларын жеке атап өтеді. Агенттік мемлекеттік институттардың ақша-кредит және фискалдық саясатты одан әрі жетілдіруге ұстанымын атап көрсетеді.
Агенттік валюта интервенцияларын жүргізу теңгенің сыртқы шоктарды сіңіру қабілетіне әсер етпегенін атап өтті. Теңгелік депозиттерді қорғау бағдарламасын енгізу де ұлттық валютаға деген сенімді нығайтты.
Fitch Ratings сондай-ақ банк секторындағы капиталдандырудың жеткілікті деңгейін атап өтті, атап айтқанда, жұмыс істемейтін кредиттердің деңгейі 2022 жылдың бірінші тоқсанында 3,6% – ға жетті.