Негізгі ҰБТ-ның аралық қорытындысы шықты
Негізгі ҰБТ басталғалы 170 мың талапкер тест тапсырған. Оның ішінде түлектердің 75%-ы қазақ тілінде, 24,8%-ы орыс тілінде, 0,1%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығы.
ҰБТ басталғалы шекті балды 67%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келер болсақ, ол 66 балды құраған.
«Тестілеудің бесінші аптасы аяқталды, барлығы штатты режимде өтіп жатыр. Жалпы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, олардың ішінде 160 мың өтініш бірінші мүмкіндікке, 130 мың өтініш екінші мүмкіндікке берілген. Қазіргі таңда 170 мың рет тест тапсырылды, яғни талапкерлер екінші мүмкіндігін пайдалана бастады. Өткен аптамен салыстырғанда орташа балл 1 баллға жоғарылады. ҰБТ 5 шілдеде аяқталады», – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Қазіргі кезде смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпекші болған 215 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан 199 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды.