Қазақстандық отбасы азық-түлікке қанша ақша жұмсайды?

Жарияланды (жаңартылды )
Кейінгі бес жылда азық-түлік шығынының үлесі артқан

Биыл бірінші тоқсанда орташа бір отбасының азық-түлікке жұмсаған шығыны 377 мың теңгеден ( айына 125 мың теңге) асқан. Бұл санды статистика мамандары есептеп шығарған. Бұл  ақша былтырғы қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда 15 пайызға артық. Алайда қазақстандықтар тұтыну көлемін қысқартпаған. Жалпы отбасылық бюджеттегі  кірістің жартысына жуығы азық-түлікке кетеді.

Орташа статистикалық отбасы шығынының басым бөлігі азық-түлік пен сусынға кетеді (49 пайыз). Табыстың 23 пайызы азық-түлік емес тауарларға, 17 пайызы ақылы қызмет көрсетуге, 6 пайызы несиені өтеуге, 5 пайызы басқа да баптарға жұмсалады.

Азық-түлік бюджетінің ең үлкен «бөлігі» – 122,3 мың теңге бірінші тоқсанда ет сатып алуға жұмсалған (32%). Шығын көлемі бойынша екінші орында жарма және нан өнімдері тұр – 53 мың теңге немесе 14%. Азық-түлік бюджетінің оннан бір бөлігі сүт, сүзбе, ірімшік сатып алуға жұмсалады (35,5 мың теңге). Қазақтандықтар сырттан тамақтануға салыстырмалы түрде аз жұмсайды – бар болғаны 3%.

Бір қызығы, Қазақстанның әр өңірінде азық-түлік шығыны әртүрлі. Өңірдегі орташа табыс неғұрлым төмен болса, азық-түлікке жұмсалатын  ақша үлесі соғұрлым жоғары болады. Мәселен, биыл бірінші тоқсанда азық-түлікке ең көп шығын жұмсаған аутсайдерлер үштігіне Алматы (68%), Түркістан (68%) және Жамбыл (56%) облыстары енді. Нұр-Сұлтан (36%) мен Қарағанды ​​облысының (37%) тұрғындары табысының азық-түлікке ең аз бөлігін жұмсайды.

Ұлттық статистика бюросы тоқсан сайынғы іріктеме сауалнама негізінде үй шаруашылықтарының шығыны туралы мәлімет жариялайды. Сауалнама әр өңірдегі 12 мың отбасының арасында жүргізілген.

Апта басында Kursiv.media Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың қазақстандықтарға шығынын уақытша қысқартуға кеңес бергенін жазған еді. Оның айтуынша, азық-түлік шығынының артуы – жаһандық мәселе.  Министр нарықтағы жағдай тұрақтанғанда, шыдай тұру керек деді.

Сондай-ақ оқыңыз