Жаңалықтар

Ұлттық қордың шығыны кірісінен асып түскен

Тек 2021 жылы қордан 4,5 трлн теңге алынған

Болашақ ұрпаққа деп жинақталуы тиіс Ұлттық қордан үкімет жыл сайын триллиондап ақша алып жатыр. Былтыр тіпті Ұлттық қордың шығыны кірісінен асып түскен. 2021 жылы қорға 4,3 трлн теңге түсім түссе, сол жылы-ақ 4,5 трлн теңгесін алып, жұмсап тастадық. Бұл туралы Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова мәлімдеді.

«Ұлттық қорды 2015 жылдан бері қарқынды пайдаланып келеміз. Біз 2020 жыл туралы айтып отырған жоқпыз, шын мәнісінде, пандемиямен байланысты дағдарысқа қарсы іс-шараларды қаржыландыру қажет болды. Алайда, 2021 жылы жағдай айтарлықтай жақсарды. Дегемен, мемлекет басшысының республикалық бюджет Ұлттық қор қаражатын пайдалануға арқа сүйемеуі тиіс деген тапсырмасына қарамастан, 2021 жылы 4,5 трлн теңге жұмсадық. Ал түсімдер 4,3 трлн теңгені құрады» деді Годунова.

Есеп комитеті төрағасының айтуынша, заңнамаға сәйкес, Тұжырымдамада көзделген бағыттарға ғана трансферт бөлінуі керек. Қордың 30 пайызы қалғанда мүлдем қаржы алуға болмайды.