Беларусь пен Ресейдің әскерилері Қазақстанға әскери жиынға келді
«Берег» полигонында ТМД елдерінің Қарулы күштері инженерлік әскері бөлімшелерінің бірлескен жиыны басталды. Іс-шараға Беларусь, Қазақстан және Ресейдің әскери қызметшілері қатысып жатыр, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жиынға Қазақстан әскері атынан инженерлік-саперлік құраманың әскери қызметшілері қатысып отыр.
«Сапер мамандар теориялық білімдерін іс жүзінде бекітіп, тактикалық-арнайы және арнайы дайындықтар бойынша нормативтерді орындайды. Жиын барысында Іле өзені арқылы паромдық өткел жүргізу, робототехникалық кешендерді қолдана отырып, жол учаскесін және объектілерді минасыздандыру секілді инженерлік қамтамасыз ету тапсырмалары бірлесіп пысықталатын болады» делінген хабарламада.
Инженерлік бөлімшелердің бірлескен жиыны 23 маусымға дейін жалғасады.