Жаңалықтар

БЖЗҚ-да 12,8 трлн теңге зейнетақы жинағы жатыр

Ай сайынғы ең жоғары төлем 707 мың теңгеге жеткен

2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,8 трлн теңге  зейнетақы жинақтары қалыптасты.

Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 12,4 трлн теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары 374,5 млрд теңге, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі шамамен 2,6 млрд теңге.

Айта кетерлік жәйт, кіріс ағындары, атап айтқанда, жарналар биыл көбейді. 2022 жылдың бес айында салымшылардың шоттарына шамамен 661,9 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 29% немесе 147,2 млрд теңгеге көп. Өсім жарналардың барлық түрі бойынша болғанын атап өту керек.  Жарналардың жалпы көлемінің 95,1% БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсімдер құрайды – 629,3 млрд теңге (соңғы 12 айдағы өсім 28%), МКЗЖ бойынша 31,4 млрд теңге (өсім 37%) түссе, ЕЗЖ бойынша 1,2 млрд теңге (өсім 402%) аударылды.

2022 жылдың 1 маусымына қарай  БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,9 млн бірлікке (өсім 2,7%) жетті. Шоттардың ең көп үлесі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылды – 10 872 201 бірлік. Одан әрі МКЗЖ-нан қалыптасқан шоттар бір жылда 8,8% ұлғайып, 569 957 бірлік болса, БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар саны 6 еседен астам көбейіп, 299 809 бірлікке жетті. Айта кетерлік жәйт, ЕЗЖ бойынша елеулі өсім Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан (ҚДКБҚ) БЖЗҚ-ға салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алу үшін кепілдік берілген өтемі талап етілмеген қаражаттың аударылғандығымен байланысты.

Жыл басынан бері БЖЗҚ өз салымшыларына 947,5 млрд теңге төледі. Оның басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрады – 840,6 млрд теңге. Жасына байланысты төлемдер – 42,4 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер – 28,6 млрд теңге, ҚР шегінен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер – 20,9 млрд теңге, сақтандыру ұйымдарына аударымдар шамамен 11,7 млрд теңге, жерлеуге арналған төлемдер – 2,3 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер – 1,0 млрд теңге.

Атап кету керек, БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем (зейнет жасына толуына байланысты) 29 360 теңге, ал ай сайынғы ең жоғары төлем 707 326 теңге болды.