Лезде төлеу жүйесінің ерекшелігі неде?
Ұлттық банк елімізде лезде төлеу жүйесі платформасының іске қосылғанын мәлімдеді. Жүйе қаржылық қызметтерді тұтынушыларға қызмет көрсететін қандай да бір банкке қарамастан, онлайн қолжетімді болуы үшін және төлем құралдарын пайдаланатын ыңғайлы әрі қарапайым төлем сервисін ұсыну мақсатында әзірленген. Жүйенің функционалдығы ұялы телефон нөмірі арқылы аударымдарды және әртүрлі банктің клиенттері арасында QR-код арқылы төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
ҰБ төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, осы жүйе банк аралық онлайн аударымдар мен төлемдерді жеделдетеді.
«Бұл жүйені енгізудегі басты мақсат – азаматтарға жеңілдетілген деректемелерді, мәселен, телефон нөмірі арқылы тәулік бойы режимінде банкаралық аударымдар мен төлемдер жүргізудің қарапайым әрі ыңғайлы жолын ұсыну. Әртүрлі банктердің клиенттері арасындағы есеп айырысу уақыты қысқарады – енді бұл бірнеше секундта ғана жүзеге асатын болады. Банк үшін бұл, ең алдымен, қызмет көрсету сапасын арттырудағы жаңа мүмкіндік. Қазіргі уақытта ЛТЖ-да телефон нөмірі бойынша жеке тұлғалар арасында аударымдар қолжетімді. Ал алдағы уақытта QR-код бойынша банкаралық төлемдер сервисі қосылады» дейді ҰБ төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, ғаламдық тұрғыдан алғанда, лездік төлем жүйесі Қазақстанда құрылып жатқан Ұлттық төлем жүйесі құрамдастарының бірі ғана.
«Біз әр адам үшін цифрлық қаржы инфрақұрылымын құрып отырмыз – ол бәсекелестікті ынталандыруға, қауіпсіздік пен қолайлылықты арттыруға, сондай-ақ, ең бастысы, түпкілікті тұтынушылар үшін қаржы қызметтерінің құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Мұндай жүйе әлемнің көптеген елдерінде – барлығы 60-қа жуық елде, соның ішінде Ұлыбритания, ЕО елдері, Сингапур, Швеция, Ресейде табысты жұмыс істеп тұр» дейді.
ҰБ өкілінің сөзінше, қазір ЛТЖ сервисін 4 банк іске қосқан, тағы бесеуі дайындық жұмыстарын жүргізуде. Дайын болған соң өзге банктер де қосыла бастайды. Қосылғаннан кейін банктер өз клиенттеріне ресми мобилді қосымшаларында ЛТЖ қызметтерінің қолжетімділігі туралы хабарлайды.
Сондай-ақ Шолпанқұлов Ұлттық төлем жүйесінің екінші құрамдас бөлігі болып есептелетін – «банкаралық төлем карталары жүйесі» іске қосылған соң ішкі банкаралық операциялар қалай өңделетінін де айтты.
«Төлем карталарының банкаралық жүйесін құрудағы негізгі мақсат – ел ішінде карточкалық операцияларды өңдеу инфрақұрылымын дамыту, яғни, оларды оқшаулау. Бұл Қазақстанның халықаралық төлем жүйелерінің карточкаларына қызмет көрсету үшін тең жағдай жасайды және ішкі карточкалық төлемдердің қауіпсіздігі мен үздіксіз болуын қамтамасыз етеді. Төлем карточкаларының банкаралық жүйесі өндірістік пайдалануға беруге дайын – ол 2022 жылғы 1 шілдеге жоспарланған. Негізгі жұмыс аяқталды: құқықтық база әзірленді, инфрақұрылым құрылды, Visa, Mastercard және UnionPay халықаралық төлем жүйелерімен келісімдер жасалды, екінші деңгейлі банктер өз жүйелерін бейімдеу және халықаралық төлем жүйелерімен өзара іс-қимыл процестерін қайта баптау бойынша жұмыстар жүргізді. Оператор – Қазақстандық банкаралық есеп айырысу орталығының алаңында тестілеу сәтті жүзеге асырылды» деді ол.
Ұлттық Банк өз жобаларын, оның ішінде Ұлттық төлем жүйесін нарық үшін инфрақұрылым ретінде іске асыруда және дамытуда дейді ол.
Спикер цифрлық теңгенің рөлі мәселесін де айналып өтпеді.
«Нарықпен бірге біз цифрлық теңгені енгізу мәселесін де зерттеп жатырмыз. Болашақта цифрлық валюта да Ұлттық төлем жүйесінің бір бөлігіне айналады. Инфрақұрылымның басқа элементтерімен қоса, бұл интернет болмаған жағдайда да есеп айырысу мүмкіндігінің арқасында қолма-қол ақшасыз төлемдердің үздіксіз және қолжетімді болуын қамтамасыз етеді, сол секілді смарт-келісімшарт аталатын технологияның арқасында нарық қатысушыларына инновация үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазір бұл мәселе нарықпен және халықаралық сарапшылармен бірге терең зерттеліп жатыр, жылдың соңына дейін біз түпкілікті шешімге келеміз» деді сарапшы.