Жекеменшік балабақшаның дамуына кедергі көп пе?

Жарияланды (жаңартылды )
«Ашық диалог» алаңына ата-аналар жиі шағым түсіреді екен

Open dialog ашық алаңында мектепке дейінгі білім беру жүйесіне қатысты сұрақ көп. Жыл басынан бері порталға балабақша мәселесі бойынша 60 өтініш түссе, соның 56%-ы — ата-ананың арыз-шағымы. Одан бөлек мемлекеттік тапсырыс турасында – төрт, еңбекақы жайында – екі, маман тарапынан 16 өтініш түскен. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен ақша бөлу мөлшері мен коррекциялық балабақша жайы да қозғалған.

Балабақшаға қатысты шағым көп

Тақырыпты ары қарай тарқатар болсақ, Open dialog-тағы ата-аналар жазған 34 арыз-шағымның  33%-ы — балабақша кезегіне, төртеуі — үлкен топтағы (5-6) балалардың жасына,  төлемақы (1) мен коррекциялық бөбекжай (2) жайына, қалған 15-і тағы басқа сұрақты қамтиды. Айта кетерлігі, ата-аналар тарапынан түскен шағымның ішінде  тек біреуі оқу жүйесіне қатысты. Жалпы, мектепке дейінгі білім беру жүйесі туралы өтініштің дені  Алматы қаласынан (16%) келіп түскен. Мемлекеттік тапсырысқа байланысты қаржыландыру жайындағы төрт өтініштің екеуі – Шымкент қаласы мен Түркістан облысына, қалғаны Талдықорғанға тиесілі. Еңбекақыға байланысты екі өтініш авторының бірі Түркістан облысынан болса, екіншісі — Талдықорғаннан. Өтініштер арасында диплом мен білікті арттыру, педагогтерді тестілеу жайлы сауал қойған балабақша мамандары бар.

Балабақшадағы бала санын қысқартуға бола ма?

Аталған шағымдар арасынан №740430 нөмірлі өтінішке назарымыз ауды. Қысқаша баяндайтын болсақ, азаматша заңсыз тексеріс келгенін, соның нәтижесінде бала саны қысқартылғанын айтып шағымданған. Келісімшарттағы бала санына келісуге мәжбүрлегенін де айтқан. Осыдан соң өтініш авторымен байланысқанымызда шағымды өзі жазғанын, сондай мәселе барын растады. Дегенмен мәселені БАҚ бетіне шығарудан бас тартты.  Оған қоса облыстық Білім басқармасы тарапынан қысым көруі мүмкін екенін айтқандықтан аты-жөнін жасыруды жөн көрдік. Шағым иесінің осы турасында айтқаны аудиожазба түрінде сақтаулы тұр.

Осыдан кейін еліміздегі жекеменшік балабақшалар жайын зерттеуді қолға алдық. Жалпы, елімізде 10 583 мектепке дейінгі ұйым тіркелсе, соның ішінде 3809-ы – жекеменшік балабақша.  Онда 351,1 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының мәліметі бойынша, жекеменшік балабақшаға берілетін мемлекеттік тапсырыс көлемі ауылды жерде 45 348 теңге болса, қалада – 410197 теңге. Ал экологиялық аймақта орналасқан ауылдағы жекеменшік бөбекжайға 54 216 теңге, қаладағысына 50 065 теңге бөлінеді.

Ал жоғарыдағы өтініш турасында балабақшадағы балалар санын қысқартудың дұрыс-бұрысын Оқу-ағарту министрлігінен сұрадық. Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Манап Сағатханқызының айтуынша, белгілі бір талап орындалмағанда бала санын қысқартуға болады. «Жалпы, жекеменшік ұйымдардағы тексеру жұмысы жоспарлы түрде және жоспардан тыс жүргізіледі. Мұнымен өңірлердегі сапаны қамтамасыз ету департаменті айналысады. Ата-аналар тарапынан өтініш түссе, Білім басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылып, жоспардан тыс тексеріс жасалады. Комиссия хаттамалық негізде шешім қабылдап, содан соң ғана бала санын қысқарта алады. Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырған балабақша нормативтік талаптарға сәйкес келуі керек.  Балалардың өмірін, денсаулығын, қауіпсіздігін сақтауға міндетті. Оларға санитарлық талап бойынша анықтама, өрт қауіпсіздігі туралы анықтама, балабақша ғимаратының және ондағы жиһаздың сәйкестігі, медициналық кабинет, балалар тамақтану орнына қатысты талап қойылады. Талаптардың бірі орындалмаса, шара қолданылады» деді Манап Сағатханқызы.

Мемлекеттік органның жауабынан соң, еліміздегі басқа да балабақшаларда осыған ұқсас (№740430 өтінішке – авт.) жағдай тіркелген-тіркелмегені қызықтырды. Бұл турасында Тараз қаласындағы «Аяулым» бөбекжайының директоры Зәуреш Тойбекованың айтуынша, аймақта балабақшадағы бала санын негізсіз қысқарту жоқ. Керісінше, жергілікті орган мемлекеттік тапсырыс бойынша тіркелген әр баланың келуін талап етеді. Ол «бұл — орынды талап» деп отыр.

Ал Facebook-те Sadik Vospitatel никнеймімен тіркелген желі қолданушысы заңбұзушылықтың барын жасырмады. «Мынанша баланы базаға тіркемеңдер дейтін Білім басқармалары бар, әсіресе, мұндай нұсқау Алматыда өте көп. Сол себептен Қаржы мониторинг агенттігі Алматы мемлекеттік балабақшаларын тексерсе, небір былықтар ашылар еді»,– деп жазды ол. Лақап атпен тіркелген қолданушымен байланыс орнатып, жеке басын анықтауға тырысқанымызбен, хабарламамызға жауап ала алмадық. 

Айталық,  Қаржы мониторинг агентігі Шымкенттегі балабақша басшыларын бюджеттен ақша жымқыру фактісі бойынша күдікке ілінгенін мәлімдеді. Дәлірек айтқанда, олар 2019-2021 жылдар аралығында балабақшаға келген балалар саны бойынша жалған мәлімет енгізген. Салдарынан мектепке дейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландырудың «Балапан» бағдарламасы бойынша қарастырылған жалпы сомасы 45,7 млн теңге бюджет қаражаты қолды болған. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы тұста  күдік расталып жатса,  құзырлы органға тергеуді ары қарай қазбалауға Open dialog-тың көмегі тиюі мүмкін. Өйткені  балабақшаға қатысты мемлекеттік тапсырысты орналастыру турасында бірнеше арыз-шағым бар.

Талап күшейді, балабақша, сен де түзел!

Қаржы мониторинг агентігі осы ақпаратты жариялаған соң көп өтпей Оқу-ағарту министрі мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға қойылатын талаптардың күшейетінін мәлімдеді.  Мәселен, тәрбиешілер мен басқа да педагогтердің білігі мен біліміне қатысты талаптар енгізіледі. Алдағы жылдары балабақша педагогтері мен тәрбиешілерінің білім мен білігі талапқа сай болуы, тәрбиешілер  үлгілік штат нормативіне сай жұмыс істеуіне ден қойылады. Сондай-ақ, міндетті түрде бейнекамералар орнату, балабақша ғимараттары мен үй-жайларының санитарлық нормаға толық сәйкес келуі, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қатаң қадағаланады. Айта кетерлігі, білім басқармалары балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты бөлу мүмкіндігінен айырылады. Жергілікті органға мемлекеттік тапсырыс орналыстырғанға дейін балабақшалардың жұмысымен және онда жасалған жағдайлармен танысу құқығы беріледі. Осылайша, жалпы талапқа сай келетін балабақшалардың тізімі әзірленеді. Ата-аналар аталған тізімнен  балабақшаны өздері таңдай алады.

.

Естеріңізде болса, осыған дейін А.Аймағамбетов балабақшаларға жүргізілген тексерудің нәтижесі көңіл көншітпейтінін, олардың жартысынан көбінде мәселе барын ашық айтты. Сол үшін бұрынғыдай балабақшаларды        лицензиялау, аттестациядан өткізу  қайта күшіне енеді. Мұның бәрі мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыруға, жұмыс жағдайы мен сапасын көтеруге бағытталған. Оған қоса министрдің айтуынша, колледждер мен ЖОО-да мамандарды даярлау сапасын арттыру, мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту ісі де аяққа тұрады. Назар салсаңыз, Open dialog-тағы мектепке дейінгі білім беру жүйесіне қатысты мамандардан түскен 16 өтініштің дені осы қайта даярлау мен біліктілікті арттыру бойынша жазылған. Демек, министрлік дегенін бұлжытпай орындаса, балабақша мен ондағы мамандарға да талапқа сай болу қажет. Тиісінше, осыған қарап ата-аналарға бәсекеге қабілетті балабақшаны таңдау оңайға түседі.

Бұл жоба АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен
«MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында дайындалды.

Kursiv Media ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат
USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін
.

Айзат Айдарқызы

Сондай-ақ оқыңыз