«ВТБ Банк (Қазақстан) АҚ ЕБ-ның жалғыз акционері – ВТБ Банк (Ресей) өзінің қазақстандық еншілес банкіне жариялаған акциялар санын әрбіріне 10 мың теңге номиналды құнмен 7 995 700 бірлікке дейін ұлғайтуға шешім қабылдады. Бұл туралы Қазақстан қор нарығының (KASE) ресми сайтында жарияланған құжат мәтінінен білуге болады.
«Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы №415-II Заңының 36-бабы 1-тармағының 3-тармақшасына және Банк Жарғысының 9.2-тармағының 9.2.4-тармақшасына сәйкес: – Банктің жариялаған қарапайым акцияларының саны әрқайсысының номиналды құны 10 мың теңгеден 7 995 700 данаға дейін ұлғайтылсын. Әрқайсысының номиналды құны 10 мың теңге болатын саны 2 995 700 дана бұрын орналастырылған жай акцияларға қосымша ретінде әрқайсысының номиналды құны 10 мың теңге болатын 5 000 000 дана көлеміндегі Банктің қарапайым акциялары қосымша шығарылсын» делінген құжатта.
Осылайша, ресейлік акционердің еншілес банкті қосымша капиталдандыру көлемі 50 млрд теңгені құрап отыр. Сәйкесінше, банктің жарғылық капиталының мөлшері 29,9 млрд теңгеден 79,9 млрд теңгеге дейін артады.
Осыған дейін, ай басында ВТБ Банк (Ресей) Қазақстандағы еншілес қаржы ұйымының қосымша қаржыландыруға ниетті екенін байқатқан еді. Алдын ала тараған мәлімет бойынша, бөлінген қаражат меншік капиталын көбейтуге бағытталады. Бұл еншілес банктің Қазақстандағы қызметті кедергісіз жалғастырып, тиісті талаптарды орындауына мүмкіндік береді.
Еншілес банк сәуірді 14 млрд теңге шығынмен жапты. Бұл жағдай оның меншік капиталына да әсер етті, нәтижесінде капитал жеткіліктілігі бойынша пруденциалды нормативтер бұзылды. Осыған дейін ВТБ Банк Қазақстанның ресейлік акционері 2021 жылы түскен 8,3 млрд теңге көлеміндегі таза кірісті бөлістірмеу, қарапайым акциялар бойынша дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдаған еді.
ВТБ Банктен бөлек, Қазақстанда жұмыс істейтін «Сбербанк» және «Альфа-Банк» те АҚШ санкциясына ұшырады. «Альфа-Банкті» өте қысқа мерзім ішінде «Банк ЦентрКредит» сатып алды және атауын Eco Center Bank деп өзгертіп, ребрендинг жасауды бастап кетті.
Ал қаржы нарығындағы ірі ойыншы Halyk Bank-ке 330 млрд теңге көлеміндегі несие портфелін сатқан «Сбербанк Қазақстан» да әне-міне сатылудың аз-ақ алдында тұр. Ресейлік еншілес банкті ықтимал сатып алушы – қазақстандық «Бәйтерек» холдингі. «Сбербанк» (Ресей) төрағасының орынбасары Александр Ведяхиннің айтуынша, «Сбербанк» өзінің Қазақстандағы еншілес банкін сату бойынша мәмілені 10 шілдеге дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
«Қазіргі кезде «Бәйтерек» холдингі біздің қазақстандық банкті сатып алуға басты және негізгі үміткер. Тараптар арасында келіссөз өте позитивті жүріп жатыр. Мәмілені 5-10 шілдеге дейін жабамыз деп отырмыз» дейді Ведяхин.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова осы айдың басында ресейлік еншілес банктердің төлем қабілетін тәуір деп бағалаған еді.
«РФ-ға қарсы салынған санкцияларға қарамастан ресейлік еншілес банктер өз клиенттері алдындағы міндеттемелерін толығымен өтейді. Санкция жарияланған соң үш еншілес банктің шетелдегі корреспонденттік шоттары жабылып, шетелдік банктегі активтері бұғатталды. Сөйтіп, олар доллар, еуро және фунт стерлингпен операция жасау мүмкіндігінен айырылды. Санкция салынған уақыттан бастап аталған банктерден депозиттің кетуі байқалады. Салымдар негізінен қазақстандық банктерге ауысқан. Қазір банктерде 500 млрд теңге көлемінде жеке және заңды тұлғалардың депозиттері сақталған. Тиісінше бұл банктердің 1,7 трлн теңге көлемінде өте жоғары сападағы қарыз портфелі бар. Бүгінгі таңда өтімді қаражат шамамен 590 млрд теңгені құрайды, осылайша олар жеке және заңды тұлғалар алдындағы барлық міндеттемелерді толығымен жабады» деп сендірді Әбілқасымова.
«Сбербанк» (Қазақстан) бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша активтер көлемі бойынша 2-ден 4-орынға түскен. Актив көлемі 791,1 млрд теңгеге азайып, 2,1 трлн теңгені құраған. Бұған несие порфтелінің әжептәуір қысқаруы (несие портфелі бөліктерінің басқа қаржы институттарына берілуі) әсер еткен. Бірінші тоқсанда «Сбербанк» 25,8 млрд теңге табыс тапса, сәуірдің соңында 53 млрд теңге шығынға тап болған. «Альфа-Банк» те 220 млрд теңгені БЦК-ға ауыстырды.
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ирина Кушнареваның айтуынша, отандық банк секторындағы ойыншылардың осылай азая беруі – экономиканы несиелеу мөлшерін де төмендетеді.
«Бұғаттаушылық санкциялармен байланысты шектеулер жағдайында банк бизнесін дамыту өте қиын екені түсінікті. Ал «Сбербанк» АҚ ЕБ секілді ірі ойыншының біздің сектордан кетуі – сектордың әрі қарайғы дамуы үшін және экономиканы несиелеу тұрғысынан алғанда жағымсыз фактор. Сондықтан оны «Бәйтеректің» сатып алуы біршама позитивті жаңалық» дейді ол.
Осыдан бірер ай бұрын негізгі «Сбербанктің» қожайындары Қазақстандағы еншілес банкті сатып алуға ниетті инвесторлар баршылық екенін, ондай әлеуетті инвесторлардың Түркия, Қазақстан және басқа да шетелдерден екенін айтқан еді. Алайда содан бері бірде бір шетелдік инвестордың «Сбербанк» АҚ ЕБ-ға қызыққаны жайлы ақпарат шыққан жоқ. Өз ішімізде тек «Бәйтерекпен» мәміле жүзеге асуы мүмкін екені айтыла бастады және сол дерек шындыққа айналатын секілді.
Жалпы, қаржы секторында «Сбербанк» АҚ ЕБ секілді ірі ойыншыны кез келген қаржы институты оңайлықпен «жұта алмайды». Оған шамасы жететін бірден бір банк «Қазақстан Халық Банкі». Алайда Halyk тек несие портфелін ішінара сатып алумен шектелді.