Жеке инвесторлар банктердің стресті активтерін сатып ала алады
Парламент Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын мақұлдады.
Заң жобасының негізгі мақсаты – стресті активтердің өтімді нарығын нарықтық негізде құру және оларды экономикалық айналымға тарту.
Заң жобасын ұсынған ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымова стресті активтерге активтердің 4 тобы жататынын атап өтті: төлеу мерзімі 90 күннен асқан кредиттер, қайта құрылымдалған кредиттер, өндіріп алынған мүлік және банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері.
Заң жобасы ҚР 4 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Заң жобасының бірінші блогы стрестік активтерді сатып алушылардың қолданыстағы тізімін кеңейтуге бағытталған.
Қазіргі уақытта стрестік активтерді сатып алушылардың тізіміне тек мамандандырылған қаржы компаниялары енген, бұл жеке инвесторлардың нарыққа шығуын шектейді. Сондықтан Заң жобасымен бұл тізімге жеке инвесторлар қосылатын болды.
Мәдина Әбілқасымова қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқығын қорғау мақсатында жеке инвесторларға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің проблемалық қарыздарын ғана сатып алуға рұқсат етілетіні туралы хабарлады. Осылайша, Заң жобасында жеке тұлғалардың кредиттерін инвесторларға сату көзделмейді.