Ұлттық банк теңге неге құнсызданғанын түсіндірді

Жарияланды
Шетелдік валютаға деген сұраныс артқан

Ұлттық валюта бағамы біраз уақыт нығайып келе жатып, кейінгі 1-2 күнде біршама құнсызданып кеті. Осы орайда Ұлттық Банктің монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Иван Сердюк оған не әсер еткенін түсіндірді.

ҰБ өкілінің айтуынша, бұндай динамикалық құбылысқа себеп болған басты нәрсе – валютаға деген сұраныстың артуы және нарықтағы сатушылардың шектеулі болуы. Көптеген акционерлік қоғамдарда акционерлердің жалпы жиналысы өтіп,  дивиденд төлеудің басталуына байланысты долларға деген сұраныс артқан. Ал импорттық операцияларды жүзеге асыруға қажет валютаға деген сұраныс әдеттегідей сақталып отыр.

«Енді шетелдік валюта ұсынысының шектеулігіне келсек. Мамыр айының соңында экспорттаушылар пайдалы қазбаларды өндіруге салық төлеу және «үлкен салық аптасы» аталатын мерзімде экспортқа рента салығын төлеу үшін валюталық түсімді сатты. Маусым айында біз сатудың мұнша көлемін байқамадық. Сондықтан банктер барлық сатып алушы клиенттерді биржалық сауда-саттыққа жіберді, оның ішінде қарсы ағындар болмағандықтан, бұл валютаға қосымша сұраныс тудырады» дейді Иван Сердюк.

Дегенмен, маусым айында орташа күндік сауда-саттық көлемі 95 млн АҚШ долларын құраған, бұл мамыр айымен салыстырғанда 18%-ға аз. Қазіргі уақытта жалпы сауда-саттық көлемі 1,6 млрд АҚШ долларына тең. Яғни, валюта нарығы тұрғысынан экономикалық белсенділік айтарлықтай төмен деңгейде қалып отыр.

Жалпы алғанда, теңге динамикасы жалпы әлемдік үрдіске сәйкес келеді. АҚШ МБҚ кірістілігінің өсуі мен АҚШ долларының жаһандық деңгейде нығаюы көптеген дамушы елдердің валюталарына қысым көрсетті. Маусым айының басынан бастап дамушы нарықтардағы валюталардың динамикасы көбіне теріс болды: Бразилия реалы 10,7%-ға, түрік лирасы 5,8%-ға әлсіреді, сол сияқты, Индонезия рупийі мен Мексика песосы және Оңтүстік Африка ранды шамамен 2%-ға әлсіреді. Ал, бұл ретте J.P. Morgan дамушы елдерінің валюта индексі 2,2%-ға төмендеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз