ҚДКБҚ таратылған «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына 1,5 млрд теңге өтем төледі. Бір қолға төленген максималды өтем сомасы – 15 млн теңгені құраса, ең аз төлем 10 теңгеге дейін болды, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
Кепілдік берілген өтемді «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының барлығы бірдей алмаған. ҚДКБҚ салымшылардың осы уақытқа дейін талап етілмеген кепілдік өтемақы мөлшері негізінен азғантай сома екенін хабарлады. Оларды алу үшін «Еуразиялық банк» АҚ агент банкінің бөлімшелеріне келудің қажеті жоқ. Төлемдердің электрондық порталын пайдалана отырып, кепілдік берілген өтемді алуға өтінішті тез арада онлайн беруге болады.
«Ол үшін салымшының (банктік шоттардың, төлем карточкаларының және депозиттерінің иесі) ағымдағы электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы керек. Одан әрі ол бейне тексеруден өтуі немесе ұялы телефон нөміріне алынған бір реттік құпиясөзді (кодты) енгізуі қажет. Өз кезегінде салымшылардың мұрагерлері, олардың заңды өкілдері және басқа да құқық иелері, сондай-ақ дәстүрлі банктік қызметтерді қалайтын тұлғалар өздерінің растайтын құжаттарын ала отырып, агент-банкке жүгінуі қажет» делінген хабарламада
ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаевтың айтуынша, 3 шілдеге дейін кепілді өтемді төлеуге өтініш бермегендердің ақшасы олардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылады.
ҚДКБҚ мәліметтері бойынша, 47 мың қазақстандық ақшасын «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-та сақтаған. Бір жылдан аз уақыт ішінде банк салымшыларына кепілдік берілген өтемнің жалпы сомасының 92%-дан астамы төленді.