Ойынқұмарлық оңдырмайды: Асауға тұсау бола аламыз ба?

Жарияланды
Елдегі бір ойынқұмардың орташа қарызы – 10 млн теңге

Қазір тұтас Қазақстанға төніп тұрған бірден бір қауіп болса, ол – ойынқұмарлық. Иә, казино атаулының барлығын жиып-теріп Қонаев қаласына (бұрынғы Қапшағай) көшіріп тастағанбыз. Бірақ одан автоматқа ақша салушылар азая қойған жоқ. Қазір ең жедел өрістеп тұрған құмар ойын – букмекерлік кеңседегі бәс тігу.

2021 жылы бәс тігу мен құмар ойындарды ұйымдастыру бойынша қызмет көлемінің құны 73,9 млрд теңгеге жеткен. Ең рекордты көрсеткіш 2020 жылы тіркелген: 78,6 млрд теңге. Сарапшылардың айтуынша, 2021 жылдың 4 қаңтарынан бастап бүкіл букмекер Мөлшерлемелерді есепке алу орталығы арқылы жұмыс істеуге міндетті болды. Бұл букмекерлердің сектордағы қызметін кәдімгідей заңды ете түсті.

2022 жылдың бірінші тоқсанының өзінде құмар ойындар мен бәс тігулердің ұйымдастыру бойынша қызмет көлемі 138,8 млрд теңгені құрап, 2021 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 8,4 есе көбейген. Сонымен қатар 2021 жылдағы бүкіл қаржы айналымының өзінен 2 есе артық болып тұр. Бұл құмар ойындардың елімізде үлкен қарқынмен дамып, азаматтардың оған деген тәуелділігі арта түскенін аңғартады.

Дәл осы бәс тігу және құмар ойын ұйымдастыру саласындағы ақша айналымы

  • Спорт, демалыс ұйымдастыру және ойын-сауық саласы көрсеткішінен 21,3 пайызға;
  • Кітапхана, архив, музей және өзге де мәдени нысандар қызметтерінің көлемінен 7 есе;
  • Шығармашылық, өнер және ойын-сауық саласының қызмет көлемінен 12 есе артық.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше лудомания (компьютерлік және құмар ойындарға деген тәуелділік) ресми түрде психологиялық ауру деп мойындалған.

Жақында мәжіліс депутаттары Ләззат Рамазанова мен Екатерина Смышляева премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады. Олардың айтуынша, қазір Қазақстанда 350 мыңға жуық адам лудоман болса, соның көбі – жасөспірімдер. Елдегі бір ойынқұмардың орташа қарызы – 10 млн теңге. Елдегі 10 жұптың жетеуі осы ойынқұмарлық кесірінен ажырасады. Жарияға жеткен-жетпеген қылмыстық оқиға мен суицидтер қаншама. Ал заңнамада аталған қызметтердің жарнамасына тікелей тыйым салынбаған.

«Қазір әлемдік практика ойынқұмарлықты наркомания, токсикомания және алкоголизммен тең дәрежеде деп қарастырады. АҚШ Ұлттық қауымдастығының құмар ойындар проблемасы бойынша жүргізген зерттеуіне сәйкес кез келген қалалықтың қылмыскер болуға – 6 пайыз, алқаш болуға – 34 пайыз, наркоман болуға – 32 пайыз, ойынқұмар болуына 48 пайыз мүмкіндік бар. Ойынқұмарлықтың тәуелділігі тіпті есірткі тұтыну тәуелділігінен де асып түседі дейді мамандар. Оның соңы қандай қиын жағдаймен аяқталарын Қазақстанда да жиі байқап жатамыз. ҚР «Алкоголизм, наркомания және токсикоманиямен ауыратындарды мәжбүрлеп емдеу туралы» заңының 1-бабында ерікті емдеуден жалтарған адам денсаулық сақтау жүйесінің наркологиялық ұйымдарында емделуден өту кезеңіне еңбекке тартыла отырып, мәжбүрлеп стационарлық емдеуге жатады делінеді. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі құмар ойындармен ауыратын науқастарды мәжбүрлеп емдеуді енгізу үшін ешқандай шара қолданбайды. 350 мыңға жуық қазақстандықтың құмар ойын құрбаны болып отырғанына қарамастан заңда мұндай ойындардың жарнамасына тікелей тыйым салынбаған. Жауапты ведомствоның бұл проблемаға назар аударуы үшін тағы қаншама тағдыр талқан болуы керек?» делінген сауалда.

Бұл ретте депутаттар жастар саясатына қатысты заң жобасы аясында букмекерлік кеңселер жарнамасына тыйым салуды ұсынады.

«Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Жоғарыда айтылғандарға байланысты және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды құмар ойындардың жойқын әсерінен қорғау жөніндегі тапсырмасына сәйкес сізден құмар ойындарға қарсы күрес жөнінде кешенді шаралар қабылдауды сұраймын. Негізінен:

  • Құмар ойындарды тарату және жарнамалау саласындағы заңның орындалуын бақылауды күшейту;
  • Салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің жұмыс жоспарларында балалар мен жасөспірімдер арасында құмар ойындардың алдын алудың арнайы бағдарламаларын көздеу;
  • Медициналық қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру шеңберінде ойынға тәуелділіктің алдын алу және емдеу бойынша бағытты қолға алу;
  • Балалар мен жастардың бойында ойынға тәуелділіктің бар-жоғын анықтауға қатысты зерттеулерді тұрақты түрде жүргізу, сондай-ақ, олардың арасында мұндай тәуелділікке бейім адамдарды анықтау;

Құмар ойындарға қарсы жүйелі алдын-алу шараларын қолданбай, біз бұл зиянды құбылыстың қоғамда таралуын тоқтата алмаймыз» дейді депутаттар.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, онлайн-казино сайттарының қолжетімділігі мен кеңінен таралуы халықтың құмар ойындарға тартылуының негізгі себебі болып отыр. Мемлекеттік органдарда мұндай сайттардың саны, құмар ойындарға тәуелді адамдар және азаматтардың онлайн казиноға жұмсаған қаражатының көлемі туралы деректер жоқ.

Сәуірде үкіметте осы тақырып бойынша арнайы жиын өтіп, онда вице-премьер Тоғжанов тиісті органдарға мынадай тапсырмалар берген:

  • Заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл және азаматтардың құмар ойындарға тартылу деңгейін төмендету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу;
  • Құмар ойындардың зияны туралы әлеуметтік роликтер жасау және насихаттау;
  • Қоғам өкілдерін тарта отырып, заңсыз ойын орындарын анықтау бойынша рейдтер жүргізу;
  • Интернет-казиноны ұйымдастырушы тұлғалардың тізімін белгілеу;
  • Банктер мен төлем жүйелеріне осы тұлғалардың қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салу;
  • Несие карталарының көмегімен казиноларда, ойын автоматтары залдарында, букмекерлік кеңселерде және тотализаторларда төлемдерді жүзеге асыруға немесе шоттарды толықтыруға тыйым салу;
  • Интернет-казиноны ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік белгілеу;
  • Құмар ойындарға тәуелді азаматтарды, олардың ішінде балаларды анықтау және оңалту жүйесін әзірлеу.

Телеграмдағы Risk Takers каналының жазуынша, елдегі барлық банктің мобилді қосымшасындағы төлемдер категориясында букмекерлік кеңселер мен компанияларға төлем жіберуге арналған бөлімдер бар. ForteBank-те – 8, Jusan bank-те – 6, «Сбербанк Қазақстан» да – 15, Kaspi-де – 3 букмекерлік кеңсе тіркелген, ал «Қазақстан Халық Банкінде» бірде бір букмекерлік кеңсе жоқ.

«Банктердің қосымшаларын зерттей отыра барлығының дерлік букмекерлік компаниялардың шотына ақша салуға ыңғайлы жағдай қарастырғанын байқадық. Банктер логиндерді толтыру үшін несие қаражатын пайдалануға тыйым салып, 25 жасқа толмаған адамдар үшін аударымдарды шектеуі керек. Сондай-ақ жүйелі түрде ставка қоюмен айналысатын азаматтарға несие беруді де тоқтату керек. Бұл олардың ойынқұмарлықпен күреске қосқан елеулі үлесі болар еді. Депутаттар дұрыс сауал жолдады, енді тек аталған тақырыпты дамыта түсу қажет» дейді экономикалық сарапшылар.  

Сондай-ақ оқыңыз