Стресті активтер нарығы қалай дамымақ?
Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын мақұлдады. Аталған заң жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова ұсынған еді.
Заң жобасының негізгі мақсаты – стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық негізде құру және оларды экономикалық айналымға тарту. Әбілқасымованың айтуынша, стрестік активтерге активтердің 4 тобы жатады:
- Төлеу мерзімі 90 күннен асқан кредиттер;
- Қайта құрылымдалған кредиттер;
- Өндіріп алынған мүлік;
- Банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері.
Заң жобасы ҚР 4 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді және мынадай негізгі бағыттардан тұрады.
Заң жобасының бірінші блогы стрестік активтерді сатып алушылардың қолданыстағы тізімін кеңейтуге бағытталған. Қазіргі уақытта стрестік активтерді сатып алушылардың тізіміне тек мамандандырылған қаржы компаниялары енгізілді, бұл жеке инвесторлардың нарыққа шығуын шектейді. Сондықтан жаңартылған заң жобасына сәйкес аталған тізім кеңейтіліп, енді ол қатарға жеке инвесторлар да кірмек. Алайда агенттік басшысы қарыз алушы жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында жеке инвесторларға заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің проблемалық қарыздарын ғана сатып алуға рұқсат етіледі деп хабарлады. Осылайша, заң жобасында жеке тұлғалардың кредиттерін инвесторларға сату қарастырылмайды.
Заңнамалық бастамалардың екінші блогы сервистік компаниялар институтын құруға бағытталған. Олар жеке инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерді өтеу және басқару қызметтерін көрсетеді. Заң жобасына сәйкес, сервистік компаниялардың функциясын банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге беру ұсынылады.
Заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін:
- Капиталдың мөлшері;
- Нарықтағы жұмыс тәжірибесі;
- Мінсіз іскерлік беделінің болуы;
- Қадағалау шаралары мен санкциялардың болмауы жөнінде жоғары талаптар белгіленбек.
Сонымен бірге заң жобасында жеке инвесторлар үшін ірі корпоративтік қарыздарды дербес басқару мүмкіндігі көзделеді. Өзге жағдайларда жеке инвесторлар қарыздарды сервистік компаниялардың басқаруына беруге міндетті болады.
Қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында банктік қарыз және микрокредит шарттары шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына қойылатын барлық талаптар мен шектеулер жеке инвесторға қолданылатын болады.
Заң жобасының үшінші блогы стрестік активтерді экономикалық айналымға тартуды жеделдетуге бағытталған. Түзетулерде өндіріп алынған мүлік банктердің және микроқаржы ұйымдарының баланстарында болуы үшін шекті мерзімді 3 жыл деп белгілеу көзделеді. Нәтижесінде заң жобасы стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық негізде дамыту үшін қажетті жағдай жасауға және оларды ел экономикасына тартуды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Заң жобасын сенаторлар мақұлдады және ол Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі.
«2017-2021 жыл аралығында 6,7 трлн теңгеге стрестік активтер есептен шығарылған. 2022 жылдың 1 қаңтарында стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6 пайызын құрады. Мемлекет қаржысын тартпай-ақ банк баланстарын жұмыс істемейтін кредиттерден тазартудың нарықтық тетігін құру үшін стресті активтердің өтімді нарығын дамыту қажет. Біріншіден, заң жобасында жеке инвесторлардың стресстік активтерін уәкілетті сатып алушылар тізіміне енгізу қарастырылған. Қазір тізімге екінші деңгейлі банктер, банктердің стрестік активтерді басқару бойынша еншілес ұйымдары, проблемалық несие қоры, коллекторлық агенттіктер және өзге де қаржы ұйымдары енгізіліп отыр» дейді Әбілқасымова.
Заң қолданысқа енгізілген жағдайда жеке инвесторлардың 50 млн теңгеден асатын корпоративті займдарды басқаруына мүмкіндік туады.
«Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер ішінде проблемалық займы бар қарыз алушылар саны 16 мың. Проблемалық берешек көлемі – 1,1 трлн теңге. Осылардың ішінде займ көлемі 50 млн теңгеден асатын 2 мың қарыз алушы бар. 14 мың қарыз алушының қарызы 50 млн теңгеден төмен. Заңға сәйкес, өндіріп алынған мүлік 3 жыл бойы банк және микроқаржы ұйымының балансында жатады. Бұл банктер мен микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерді экономикалық айналымға тартуына стимул болады. Бұл ретте Жер кодексінде белгіленген жер учаскелеріне қатысты нормалар және мәжбүрлеп алып қою мерзімдері сақталады» деп түсіндірді агенттік басшысы.
Қазіргі кезде отандық банк секторында:
- Сомасы 870 млрд теңгеден асатын берешек мерзімі 90 күннен асқан (төленбеген) кредиттер;
- 936 млрд теңге сомасындағы қайта құрылымдалған кредиттер;
- 156 млрд теңге сомасындағы өндіріп алынған мүлік;
- Банктердің стрестік активтерді басқару бойынша еншілес ұйымдарының 356 млрд теңге көлеміндегі активі
стрестік активтер санатына кіріп тұр.