Банктердің көшедегі жарнамасынан немесе мобайл қолданбалардың басты бетінен кредитті қайта қаржыландыруға ұсыныстарды жиі көретін боларсыз? «Сізге арналған тиімді ұсыныс» деп тұрған соң, қызығып қалуыңыз да бек мүмкін. Дегенмен мұның не екенін, қандай жағымды жағы, қандай кемшілігі барын білмесеңіз, «басыма бекер бәле тілеп алмайын» деп ашпай жүрген шығарсыз. Олай болса, бүгінгі материалымызда кредитті қайта қаржыландыру процесі туралы толығырақ түсіндіреміз.
Қайта қаржыландыру деген не?
Алдымен қайта қаржыландыру деген не екенінен бастасақ. Бұл — клиенттің банк алдындағы кредиттің міндеттемелерін тиімдірек шарттармен жабуға мүмкіндік беретін қызмет түрі. Осы арқылы кредит тарихын жақсы қалыпта сақтап қалуға болады. Сондай-ақ, басыңызда артық мәселе болып тұрған әр түрлі мерзімде төленетін несиелер немесе сомасы көп кредиттердің уайымын азайтуға мүмкіндік береді. Енді мысал түрінде түсіндіріп көрелік. Сізде бірнеше жерде кредит бар. Біреуін айдың басында, екіншісін ортасында, тағы екеуін айдың соңына қарай төлеуіңіз керек болсын. Сізге бұлардың бәрін ойда ұстап, ұмытпай, уақытылы төлеу қиындау болуы мүмкін. Мұндайда бәрін біріктіріп, бір жерден кредит рәсімдеуге болады. Болмаса, басыңызда ипотека бар. Оның пайызы тым жоғары болса, одан тиімдірек тәсілмен қайта қаржыландыруға болады. Бірақ бәрі керемет екен деп қалмаңыз. Себебі ай сайынғы төлемі азайса, сәйкесінше мерзімі ұзарады деген сынды шарттарда іске асады. Бастысы, қаржылық жүктемені сәл де болсын азайтуға көмектеседі. Материалымызда жағымды жағын ғана емес, қандай кемшілігі барын да айтамыз. Ол туралы сәл кейінірек.
Кімдерге тиімді болады?
Алдымен қай кезде қайта қаржыландыру жасаған қолайлы, соған тоқталайық. Негізі бұл қызметті автонесие, ипотека мен тұтынушылық несиелерді, сондай-ақ, овердрафтты дебеттік карта немесе кредит картаны жабу үшін қолданған абзал. Қазақстандық банктердің дені тұтынушылық кредиттер мен автокредиттерді ғана қамтиды. Мына жағдайларда қайта қаржыландырғаннан ұтасыз:
- Сіздің басыңызда бірнеше кредит бар. Олардың датасы мен сомасы әр түрлі. Барлығының төлемін қадағалап жүру қиын емес. Кейде шатасып, біреуін ұмытып кетуіңіз де мүмкін. Сөйтіп екі ортада мерзімін кешіктіріп алдыңыз. Егер осындай жағдайда жүрсеңіз, дұрысы пайыз мөлшерлемесі төмендеу бір кредит алып, қайта қаржыландыру жасаған жөн. Сонда бәрінің басын бір жерге біріктірген боласыз.
- Қаржылық жағдайыңыз өзгеріп кетті. Бұрынғыдай ірі төлемдерді уақытылы төлеп тұру қиынға соғып жатыр. Мұндайда қайта қаржыландыру жақсы шешім бола алады. Өйткені қалған соманы алдыңғыдан ұзағырақ мерзімге аласыз да, есесіне ай сайын азырақ төлейсіз. Сөйтіп иығыңыздағы жүк жеңілдейді.
- Кредитіңіздің мөлшерлемесі тым жоғары болса. Мұндай жағдайда да қайта қаржыландырып, төленетін ай сайынғы соманы реттеуге көмектеседі.
- Табысыңыз артты. Сөйтіи банк алдындағы барлық қарыздан тезірек құтылғыңыз келді. Қайта қаржыландыру шарттарының ішінен өзіңізге қолайлысын таңдап, қарыздан тезірек құтылсаңыз болады.
- Қосымша кредит алып жүргеннен гөрі, қайта қаржыландырған тиімдірек. Олай дейтініміз, оның күні, сомасы бөлек болады. Ал егер қайта рәсімдетсеңіз, алдыңғы кредитті жабасыз да, оның үстіне өзіңізге керек соманы алып, екеуін тиімді шартпен бірге төлей бересіз.
- Кредит валютасы өзгертсе. Мысалы 2013 жылы кредитті доллармен алдыңыз делік. Одан бері доллар бағамы шарықтап кетті. Сәйкесінше, ай сайынғы төлемнің де сомасы өсті. Мұндай жағдайда кредитті теңгемен төлеу үшін қайта қаржыландырсаңыз болады.
- Қайта қаржыландырған кредиттің өзін қайта рәсімдеуге мүмкіндік бар. Дегенмен шектеулерді білу керек. Мәселен, кей банктер бұрын қайта қаржыландыру жасаған болса, екіншісін жасау үшін кемінде бір жыл өтуі керек деуі мүмкін.
Сонымен қайта қаржыландыру деген бұрынғы кредиттерден құтылып, оның қарыз сомасын тиімдірек шартпен басқа банктен төлеу. Есепшотыңызға ақша түседі, сіз қайта қаржыландырамын деген кредитті жабуыңыз керек. Кейде бірден сол банктегі шотқа түсуі де мүмкін. Осылайша алдыңғы келісімшарттың күші жойылады. Айтқандай, кей банктер тек қайта қаржыландырып қана қоймай, оның үстіне қосымша сомада несие алуға мүмкіндік береді.
Қай кезде қайта қаржыландырған тиімсіз?
«Бәрі күшті екен. Қайта қаржыландырамын» деп аласұрмаңыз. Өйткені есіңізде болсын: ешкім сіздің қарызыңызды төлеп беріп жатқан жоқ. Қайта рәсімдеген кезде сіз тағы бір кредит аласыз. Сондықтан кей жағдайда сол процесті жасаған да дұрыс.
- Кредиттің көп бөлігін өтеп тастаған болсаңыз, қайта қаржыландырған тиімсіз. Себебі сіз негізгі қарызды төлеп бастап жатқан кезде қайта рәсімдетсеңіз, қайтадан пайыздарды төлеуге мәжбүр боласыз. Айталық, 5 жылға алған кредитті төлеп келе жатқаныңызға 3 жыл болса, демек сіз негізгі қарызды төлеп жатсыз. Мұндай жағдайда қайта қаржыландырудан ұтыласыз.
- Жаңа кредиттің пайыз мөлшерлемесі бұрынғысына қатты аз болмаса, алмаған жөн. Яғни төлейтін сомаңыз да, пайызы да шамалас болса, басы артық мәселені не істейсіз?
- Кредитті уақытынан бұрын төлегені үшін айыппұл төленетін болса, ойланыңыз. Өйткені екі ортада ірі сома төлеп қалуыңыз мүмкін. Сондықтан қайта қаржыландырмас бұрын банктен анықтап алыңыз. Мерзімінен бұрын өтегені үшін айыппұл салатын кредиттер бар. Сол қатарда емес пе?
- Қосымша шығындары көп болса, қайта қаржыландыру тиімсіз. Мысалы, рәсімдеу уақыты ұзақ, өтінімді қарағаны үшін ақы алады, кішігірім шығындары бар, қайта қаржыландырғанына комиссия ұстайды, бір шоттан екіншісіне ақша аударғаны үшін ақы ұстайтын болса, қажет емес.
Қайта қаржыландыру процесі қалай жүреді?
Алдымен қайта рәсімдеуге қандай құжаттар керегіне тоқталайық.
- Жеке куәлік, Қазақстанда тұратынын дәлелдейтін анықтама;
- Жасыңыз 21-ден асуы керек. Максимум жас — 65. Қазақстанда зейнеткерлерге берілетін кредиттердің шарттары тиімсіз. Соны ескеру керек.
- Табысыңызды растауыңыз керек. Мысалы кейінгі жарты жылдағы айлығыңыздың көлемі көрсетілген құжатты апарасыз.
- Қайта рәсімдеткіңіз келетін кредиттің келісімшартын апарыңыз.
- Қосымша шығындарға келсек, ипотеканы қайта рәсімдеткен кезде анықтамаларға, жылжымайтын мүлікті бағалатуға және нотариус қызметі үшін шығындаласыз.
Өзге де білуіңіз керек жайттар
Сақтандыру сомасына мән беріңіз. Автокредит немесе ипотеканы қамтыған кезде сақтандыру қажет болып жатады. Әрі кредит сомасына қарай сақтандыру сомасы да өсе беруі мүмкін. Қайта қаржыландырудың ішкі және сыртқы деген түрлері бар. Ішкі дегеніміз — алдыңғы кредитті қай жерден алсаңыз, сол жерге қайта қаржыландырғаныңыз. Банктер клиенттеріне көмектесіп, өзінде ұстап қалу үшін көбіне осындай нұсқалар ұсынады. Ал енді сыртқы қайта қаржыландыру — басқа банктен алынған қарыз. Көпшілігінде осылай болады. Мәселен, Halyk bank-тен алған кредитті Jusan-мен жабады дегендей. Дегенмен мұндай жағдайда банк шешімін күту ұзағырақ уақыт алуы мүмкін. Есесіне, ұсынатын шарттары әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Бұл жерде бастысы, жақсылап ойланып барып шешім қабылдау. Асығыстықпен қайта рәсімдетіп, алдыңғысынан айтарлықтай айырмасы жоқ кредитке тап болып жүрмеңіз. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» ұстанымы қай кредитке болсын өзекті. Мейлі ол тұтынушылық несие болсын, мейлі қайта қаржыландыру болсын.
Төлем кестелері туралы
Қайта қаржыландыру деген кредит екенін айттық. Яғни оны рәсімдеген кезде әдеттегі кредиттердегідей төлем кестесі болады. Банк сізге екі түрлі опция ұсынуы мүмкін:
- Аннуитет. Егер сіз несиені аннуитеттік төлеммен төлеуді таңдаған болсаңыз, онда сіздің ай сайынғы төлемдеріңіз біркелкі болады. Есептеуге ыңғайлы. Бірақ үстінен артық төленетін ақша дифференциялды түрімен салыстырғанда көп болады. Демек сайып келгенде қаржылық жағынан тиімсіз. Тек сізге кредит беру туралы шешім қабылдағанда, аннуитетті таңдаған болсаңыз, банктің мақұлдау мүмкіндігі артады. Себебі, бар төлем біркелкі бөлінгендіктен, ай сайынғы жүктеме көп болмайды.
- Дифференциялды төлем. Бұл жағдайға негізгі қарыз несие мерзіміне теңдей бөлінеді. Бірақ есесіне сыйақы жүктемесі несиенің бірінші жартысына көбірек есептеледі. Бастапқы төлемдердің тым үлкен болатыны да осыдан. Ай сайын төлеміңіз азая береді. Егер несиені ертерек жауып тастауды жоспарлап отырсаңыз, бұл ең қолайлы әдіс. Әрі аннуитетке қарағанда артық төлем сомасы әлдеқайда тиімді болып шығады.
Есте ұстайтын кеңестер
- Қайта қаржыландыру туралы ойланғанда барынша тиімді шарттармен болуына мән беріңіз. Мысалы ақшаңыз бітіп, енді қалай төлейтініңізді білмей дал болсаңыз.
- Бірнеше банкке өтінім беріп көріңіз. Сөйтіп шарттарды салыстырып, өзңзіге келетінін таңдап алыңыз.
- Өзіңіздегі кредит сомасын дұрыстап анықтап алыңыз. Барлық пайыз бен төлемді қамтып, түгел жабуы керек.
- Егер сіз кредит жабуға керек сомадан артық қосымша ақша алған болсаңыз, оны осы жаңа кредиттің төлемін жабуға қолдансаңыз болады.
- Ақша бірден кредиттік шотыңызға түссе, алдыңғы қарызыңыз өтеліп, келісімшартыңыздың күші жойылады.
- Қайта қаржыландырған кезде арқаны кеңге салып жүре алмайсыз. Себебі бір айдан кейін төлем күні келіп тұрады.
- Төлемдерді уақытылы жасап тұруға дағдыланыңыз.
- Кредит сомасы сол бұрынғыдай болып қала береді. Тек пайызы немесе мерзімі өзгереді.
- Нақты шешім қабылдамас бұрын алдыңғы кредит пен қазіргінің шарттарын, көлемін салыстыру керек. Тиімді болмаса, алудың қажеті жоқ.
- Микрозаймдарды жабу үшін ақша алатын болсаңыз, көбіне қайта рәсімдеуге рұқсат бермеуі мүмкін.