Еліміздегі жеке тұлғалардың мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша берешегі 24,3 млрд теңгеге жетті. 919 мың салық төлеушінің қарызы бар. Соның ішінде қарыздың негізгі сомасы көлік құралдары салығына тиесілі – 22,8 млрд. теңге, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті.
Соның ішінде көлік құралдары салығын төлемегендердің басым бөлігі Алматы қаласында тұрады. Бұл қалада 88 мың борышкердің 5,2 млрд. теңге берешегі бар.
Алматы облысының 132 мың борышкердің 3,9 млрд теңге қарызы жиналып қалған.
Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында 2,6 млрд теңге және 1,9 млрд теңге берешегі бар 76 мың борышкер жүр.
Жеке тұлғалардың көлік құралдарына 2021 жылға салық төлеу мерзімі 2022 жылғы 1 сәуірде аяқталғанын еске саламыз.
2022 жылғы 17 мамырдан бастап салығын уақтылы төлемеген тұлғаларға берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын жолданады.
Берешек төленбеген жағдайда салық бұйрығы табыс етілген күннен кейін 5 жұмыс күні өткен соң, жеке сот орындаушыларының қолына өтеді. Ал олар банк шоттарын бұғаттап тастауға құқылы. Егер қарыз 40 АЕК-тен асса, азаматқа елден шығуға тыйым салынуы мүмкін.