Халықтың кредиті көбейіп тұр
Несиенің де бірнеше түрі бары белгілі ғой: ипотека, кепілсіз несие, автонесие, тұтынушылық несие. Осылардың ішінде соңғысының айдарынан жел еседі. Халықтың банктерге қарызы 10 трлн теңгеден асқан. Бұл әрине, өте көп сома.
Ranking мәліметінше, еліміздегі 22 банктің тоғызы жеке тұлғалар үшін тұтынушылық несиені жылжымайтын мүлікті кепілге қою талабымен береді. Кепілді тұтынушылық займ сегментінде ең жоғары соманы ForteBank ұсынады – 200 млн теңге. Бұл басқа қаржы институттарымен салыстырғанда бірнеше есе көп мөлшер. Одан кейінгі орындардағы Bank RBK – 75 млн теңге, Altyn Bank пен «Нұрбанк» 50 млн теңге ұсынады.
«Үздік ондықтағы банктер ішінде ең төмен ставкалар: ForteBank: 20,5 пайыздан басталады, ЖТСМ – 22 пайыздан; Bank RBK – ЖТСМ – 22,1 пайыздан; «Банк ЦентрКредит» – ЖТСМ – 22,6 пайыздан басталады. Аса ірі емес банктер ішінде ең тәуір ставка «Шинхан Банкте» – 19,4 пайыздан. Сондай-ақ «КЗИ Банк» (20 пайыздан) пен Altyn Bank (21,6 пайыздан) ставкалары да төмен саналады. Біз банктерді әдейі үздік және аса ірі емес деп бөліп отырмыз. Мәселе аса ірі емес банктердің өңірлерде филиалы жоқ болып, соның салдарынан көп өнімдерінің қазақстандықтарға жетпей жатқандығында ғана емес. Басқа да шектеулер бар. Мәселен, «Шинхан Банк» кепілді тек Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан ғана қабылдайды», дейді Ranking сарапшылары.
Сегментте займның максималды мерзімін – 120 айға дейінгі мерзімді 6 банк ұсынады, олар – ForteBank, Altyn Bank, «Нұрбанк», Bank RBK, «Банк ЦентрКредит» және Halyk Bank. «Шинхан Банк» несие төлеуді 240 айға дейін бөліп берсе, «КЗИ Банк» пен «Қазақстандағы Қытай Банкі» 60 аймен шектеледі.
«Өткен жылдары банктер клиенттердің несие қабілетін бағалау жүйесін жетілдіріп, өнімдер аясын кеңейтіп қана қойған жоқ, сонымен бірге қазақстандықтар да түрлі қаржы құралдарын сауатты пайдалануды үйрене бастады. Биыл мамыр айында жеке тұлғаларға берілген тұтынушылық займ көлемі 6,3 трлн теңгені құрады. Сектордағы мерзімі өтіп төленбеген займ көлемі бүкіл несие портфелінің 3,5 пайызын алады. Былтыр – 4,4, бес жыл бұрын 7,3 пайыз болған» делінген зерттеуде.
Ал егер жеке тұлғаларға берілген ипотекалық несиелерді де есепке алар болсақ, онда тұтынушылық кредит көлемі 11,589 трлн теңгеге жетеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова елде проблемалық несие көлемі азайып келе жатыр дейді.
«Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының баланстарына қарайтын болсақ, проблемалық несиелердің төмендеп жатқанын байқаймыз. Бұл тұрғыда былтыр тарихи минимумға қол жеткіздік, жеке тұлғалардың несиесі бойынша – 2,6 пайыз, ал жеке тұлға мен заңды тұлғалардың төленбеген несиелерін қоса алғанның өзінде 3 пайызды құрады», дейді Агенттік басшысы.
Оның айтуынша, Агенттік Ұлттық банк және несие бюросымен бірігіп халықтың несие жүктемесіне бағалау жүргізген.
«Банктердің балансында 470 мың проблемалық қарыз алушы бар екені, сондай-ақ тағы қарызы кешірілген, бірақ оған деген талаптар тоқтатылмаған тағы 700 мың қарыз алушының бар екені анықталды. Осыған байланысты биыл наурыз айында барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарына проблемалық қарыз алушылармен жұмыс жүргізу және проблемалық кредиттерді, ішкі берешек проблемаларын төмендету бойынша тиісті шаралар қабылдау талаптары қойылды», дейді.
Әбілқасымованың дерегінше, қазіргі уақытта 6,6 млн адамның екінші деңгейлі банктерде несиесі бар. Оның 470 мыңының 90 күннен асқан несие берешегі бар.
«Егер кредит алатын жеке тұлғаларға қарайтын болсақ, онда 2021 жылдың рекордтық көрсеткішке ие екенін байқаймыз. Былтыр жеке тұлғалардың тұтынушылық несие алу қарқыны 40 пайызға өскен. Бұл ретте ипотекалық займдар да қоса есептеліп отыр. Өткен жылы ипотекалық займдар 39 пайызға немесе 3,307 трлн теңгеге өскен. Тұтынушылық займдар да 39,9 пайызға өсіп, 6,144 трлн теңгеге жеткен. 2021 жылы ипотекалық займ бойынша қарыз алушы саны 379 394 адам болса, тұтынушылық займ бойынша қарыз алушылар саны 6,11 млн адам болды. Ипотекалық несиелеудің өсуіне зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану мүмкіндігі сөзсіз әсерін тигізді», деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы.
Биыл Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды әзірлеуге кіріскен еді. Ол бойынша банк алдындағы міндеттемесін орындай алмаған қарыз алушы өзін банкрот деп жариялап, несие берешегінен құтылады және белгілі бір мерзімге дейін қаржы институттарынан несие рәсімдей алмайды.
Учёт.kz» компаниялар тобының басшысы Максим Барышев халықтың дәл бұлай несие қарызына ұшырауы әлеуметтік және экономикалық ахуалды күрделендіріп жатыр дейді.
«Қазақстанда дәл қазір 6 миллионнан астам адамның кредиті бар. Адамдар кредитті тек көлік немесе пәтер алу үшін ғана рәсімдемейді, киім, тамақ, техника үшін де несие алады. Бір адамның басында бірнеше несиеден бар. Ал Қазақстанда несие ставкасы өте жоғары, жылдық 20 пайыздан асып түседі. Қарыз батпағына әбден батқан адамдар сот орындаушылары мен коллекторлардың қолына түспес үшін ресми жалақыдан бас тартып, еңбекақыны «конверт» арқылы алуға өтініш қыла бастайды. Ондай адамдар кредитін әрі қарай төлей алмайды. Бұл адал жұмыс берушілер үшін де қолайсыздық тудырады. Ал жұмысшылар ақшаны қолма-қол алғысы келеді. Мұндай кезде жеке тұлғалардың банкроттығы процедурасы – тығырықтан шығар жол» деп түсіндіреді Барышев.
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың айтуынша, заң жобасын дайындау әлі жалғасып жатыр.
«Шарттар төңірегінде дау болып жатыр: қатаң болу керек пе, әлде жұмсақ болу керек пе. Барлық тарапқа, тіпті банктерге де заңның мейлінше жұмсақ болғаны тиімді. Өйткені заңды тым қатқыл қылып жасасақ, онда әлеуетті қарыз алушылар саны күрт азайып кетуі ықтимал. Егер шала-шарпы істелсе, онда тіпті несиелер қымбаттап кетуі де кәдік. Бір жағынан жұмсақ ұсынылған заң адамдарда жалған сенім ұялатуы да мүмкін: яғни, несие алып, сосын оны төлемей қойсақ болады екен деген сияқты. Сондықтан өзіңнің банкрот екеніңді дәлелдеу де оңайға соқпайды. Ол үшін көп құжат жинауға тура келеді» дейді қаржыгер.