Санкциядан жалтару: ресейлік компаниялар Қазақстанға жаппай көшіп жатыр
Ресей Украинаға басып кіріп, соғыс ашқалы бері, Қазақстан санкциялық қысымнан жалтарған компаниялар сағалайтын жерге айналды. Мәселен, биыл мамыр айының соңына қарай ҚР-да жұмыс істеп тұрған шетелдік кәсіпорындар саны жыл басынан бері 12,7%-ға көбейіп, 25 мыңға жетті. Бұл ретте, егер айлық өсімді қарастыратын болсақ, онда ҚР-на шетелдік компаниялар ағынының өсімі 2022 жылдың наурыз айында басталды, деп жазады Finprom.kz
2022 жылғы наурызда сектордағы өсім 3,3%-ды, сәуірде – 4%, мамырда 4%-ды құрады. Бұлм– соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстырар болсақ, жалпы алғанда, 2021 жылы шетелдік компаниялар санының орташа айлық өсу қарқыны небәрі 1,1%-ды құраған.
Өз кезегінде тіркелген заңды тұлғалар, филиалдар мен шетелдік қатысуымен шетелдік заңды тұлғалар филиалдарының саны мамыр айының соңына қарай 40,2 мыңға жетті.
Биыл қаңтар-мамыр айларында бұл көрсеткіш 2,4 мың компанияға артты. Бұл жағдайда негізгі ағын Ресейден келген ұйымдарға тиесілі: плюс 1,6 мың. 2022 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша олардың саны 13 мыңға жетті.
Сонымен қатар келген компаниялар саны бойынша көшбасшы үштікке Өзбекстан (плюс 205 ұйым) мен Беларусь (плюс 120 ұйым) кірді.
Түрлі компаниялардың Ресей мен Беларуссиядан ағылуына салынған санкциялар себеп.Геосаяси дағдарыс мен әлемдік аренадағы ахуалға байланысты, ресейлік компаниялар ағыны одан әрі жалғасады деп болжауға болады.