Жаңалықтар

Алаяқтықтың жаңа түрі: Органдардан хабарласатындар шықты

Оларға алданып қалмау үшін не істеу керек?

Телефон арқылы алдайтын алаяқтар туралы бұған дейін талай жазғанбыз. Арагідік жаңа тәсілдер пайда бола қалса, оқырманға ескерту мақсатында үнемі мәлімет беріп отырамыз. Мысалы кейінгі кездері Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Ішкі істер министрлігінен, Бас прокуратурадан хабарласып тұрмыз деп алдап, жалған құжат жасап көрсетуі мүмкін. Мұндай алаяқтардың схемасы қандай, алданып қалмас үшін не істеу керек — бұл туралы бүгінгі материалымыздан оқи аласыздар

Алаяқтардың дені қоңырау арқылы алдайтыны белгілі. Әр кезде әртүрлі себеппен хабарласып, тұзаққа түсіреді. Олар кімге қалай сөйлеу керегін де жақсы меңгерген әккі. Тіпті ең күдікшіл деген адамның өзін кейде сөзіне сендіріп жіберуі мүмкін. Кейінгі кездері олар өзін екінші дәрежелі банктердің қызметкері деп емес, одан да салмақтырақ естілетін органдарда істейтін адам деп таныстыратын болып жүр. Атап айтқанда, Ұлттық банк, Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратураның қызметкерімін деп жалған құжат көрсетіп, азаматтарды тығырыққа тірейді.

Қалай десеңіз, айтайық. Тұзаққа түсіргісі келген адамына қоңырау шалып, қорқынышты оқиға айта бастайды. Қиялына қарай неше түрлісін ойдан шығарады. Бәрінің түбінде «қаражатыңыз қолды болғалы тұр, сол үшін біз қазір көмектесуіміз керек» деген месседж жатады. Осылайша алаяқтар азаматтың есепшотына қауіп төніп тұрғанына сендіріп, оны қауіпсіз есепшотқа аудару керегін айтады. Тіпті бұл туралы банкке хабарласпау керегін де ескертеді. «Қазір сіз айтсаңыз, банк қызметкерлері бірлесіп ақшаңызды алып алуы мүмкін. Бұл іске банктегілердің туыстарының да қатысы болуы мүмкін. Сондықтан ешкімге тіс жармай, құпия сақтаған жөн» дейді. Алаяқтар өте көп сөйлейді. Аузы аузына жұқпай сөйлеп жатқанда адамның басын айналдырып, сау ақылмен ойлауына мүмкіндік бермей қояды. Ойлануға уақыт таптырмас үшін де осындай тәсілді қолданады. Көбіне олар топтасып жұмыс істейді. Арасында бір-бірімен рөл алмасып, басқа операторға не басқа бөлімге ауыстырамыз деп өз ішінде «ойнауы» мүмкін.

Бұларға қалай төтеп беруге болады? Алаяқтар кез келген нөмірді қолдан жасап, сол нөмірден түрлі смс жолдап, сендіруге тырысады. Сондай-ақ, кейінгі шыққан түрінде құқық қорғау органдарында істейтін адам ретінде таныстырып, қызметтік куәлігін, жеке куәлігін, қауіпсіз есепшоттың реквизиттерін, өзге де нұсқаулықтарды жолдап отырады. Қазір заман дамығалы алаяқтық әдістерінің де небір түрі қоса шығып жатыр. Заманауи технологиялардың көмегімен банктің байланыс орталығының нөмірін қолдан жасап, содан хабарласқандай кейіп танытады. Тағы бір айта кетерлігі, алаяқтар Қазақстанда ғана емес, тіпті басқа елде де отырып, алдап түсіруі бек мүмкін.

Мұндайда не істеу керек? Ең алдымен, есіңізде болсын! Санаңызға мына нәрсені түйіп алыңыз. Сізге қатысты бір мәліметті растап, сіздің атыңызға тіркелген картаны білу үшін мемлекеттік орган қызметкерлері де, банк менеджерлері де сізден сұрап жүрмейді. Ол үшін база бар. Сол жерден қарап, біледі. Сондықтан банк менеджерімен деп, не Ішкі істер министрлігінің өкілімін деп осы сынды сауалдар қоя бастаса, оны бірден секем алу керек. Нақты сол жақтан хабарласып тұр ма, жоқ па күмәнданған кезде телефон тұтқасын қойып тастап, нақты байланыс орталығының өз нөміріне хабарласу керек. Мазасын аламын деп уайымдамаңыз. Осындай себеппен, нақтылау үшін хабарласқаныңызға еш қызметкер ренжімейді. Өйткені анықтауға құқығыңыз әбден бар. Бастысы, қобалжымаңыз, артық уайымға салынбаңыз. Ойланбай шешім қабылдап, жеке деректеріңізді біреуге жолдамаңыз.

Алаяқтар сізді қорқытып, жағдайдың қиын екеніне сендіру үшін барын салады. «Мынадай есепшотттағы қаражатыңызға қауіп төніп тұр» десе де, салқынқандылық сақтаңыз. Бар болғаны «Жақсы, банкке өзім хабарласамын» немесе «Банк бөлімшесіне барып жеке тексеріс жасаймын» деңіз. Бұл сөзіңізге телефон тұтқасының арғы жағындағы адам ашуланып қалуы мүмкін. Бірі келесі сценарий құрып алдауды жалғастырса, енді бірі боқтық сөз айтып тұтқаны қоя салуы мүмкін.
Тағы бір айта кететін жайт, банк менеджерімін деп хабарласып, әлдебір мобайл қолданба шыққанын, оны жүктеуге кеңес беретінін айтып, сілтеме жіберсе, бірден өтуге болмайды. Бұған дейін де зиянды қолданбалар арқылы ақшаңызды қолды қылуы мүмкін әдістер туралы айтқан болатынбыз. Жалпы алғанда СМС арқылы болсын, электрон поштамен болсын сілтеме жолдаса, қауіптену керек. Ол сілтемелер түбінде фишиң сайттарға апаруы мүмкін. Одан бөлек, ресми сайттардың көшірмесін жасау әдісі бар. Сондықтан барынша мұқият болу керек. Фишиңге машықтанғандар бәрін «беске» біледі. Мысалы, жылдам жеткізу қызметінің сайтындағы интерфейсті қайталап, тіпті коронавирус туралы жаңалықтар жүктеп, шын сайт секілді түр жасап қойғандар анықталған. Мұндағы қауіп сол – электронды поштаның логині мен паролі ұрланады. Мысалы, фейк сайтқа кірген адам есептік мәліметін енгізсе, олар бірден алаяқтың қолына түседі. Соңында e-mail да, тапсырыс та жоқ болады.

Интернетте сақ болу қажет дейтіні – осы. Міндетті түрде сайттың адресіне мұқият қарау қажет. Фишинг сайттардың мекенжайы өте ұқсайды, байқамаған адамға білінбейді де. Көбіне бір әріп басқа, қалғаны сол күйі болады. Мұндайға тап болмас үшін браузерлерде сайттар верификациясы бар. Яғни, сайттың адресін жазатын жерде сайт атауының қасында «құлып» тұрса, демек қорғалған, сенімді сайт деген сөз. Сондай-ақ «https» сөзінен басталуына мән беріңіз. Сілтеменің басында «http» деп тұрса, байланыстың қорғалмағанын білдіреді. Осылай басталғанның бәрі демесек те, көбінде қауіпсіздікке кепілдік жоқ.

Алданып қалмау үшін есте ұстаңыз. Жалпы алғанда алаяқтық схемалардың дені адамның қорқынышы мен үрейіне байланысты құрылады. Яғни алдымен сізді қобалжытып, қорқытып алады. Өйткені салқынқанды қалыпта тұрсаңыз, сіз күдіктене аласыз. Оған жеткізбес үшін миыңызды «өшіруге» тырысады. Сондықтан түрлі жағдайларды ойдан құрастырады. Оның бірнешеуін жоғарыда атап өттік. Көбіне алаяқтар сізге көмектескісі келетіндей кейіп танытып, сеніміңізге кіріп алады. Не істеу керегін айтып, сыбырлайды. Шығынға батып қалмаудың, үнемдеудің жолын айтқандай болады. Мұндайда ол сөздер сізге жағымды естіліп, сеніп қаласыз. Көп жағдайда адамдар «жоқ» деп бас тартуға ұялады. Өйткені тәрбиесіз болып көрініп қалғысы келмейді. Ал егер «жоқ» деп айтқанда, көп нәрседен басы аман қалар еді. Сонымен бірге өздігімен шешім қабылдауға деген қорқыныш болады. Өйткені бәлкім, қате шешім шығар деген ой тұрады. Ал алаяқ мұндай екіойлы сәтті өте ұтымды пайдаланып кетеді. Сізге айтар ұсынысы да, шешімі да дайын болып тұрады. Енді бірі еркіндіктен, ақшадан не күнделікті комфортынан айырылып қалудан қорқады. Одан қала берді, жақындарының айырылып қалу қорқынышы тағы бар. Кейбірі өмірін демде өзгеріп, табан асты жақсы өмірге қол жеткізуге берілген мүмкіндікті жоғалтып алудан қорқады. Байқасаңыз, қандай жағдайда болсын, алаяқ адамды күйзеліс кезінде, эмоциямен тұрғанда тұзаққа түсіреді. Ондайда бар керегі — сценарийді ауыстырып жіберу. Алаяқ өзі түсінбей қалып, абдырап қалсын. Себебі оның ойындағыдай болмай қалды.

Кез келген жағдайда физикалық және эмоционалдық қашықтықты ұстауға дағдыланыңыз. Әр қадамды ойланып басып, «мұны не үшін істегелі жатырмын?», «былай істесем, бұған одан келіп-кетер не бар?» деген сауалдарды қойып, жауап іздеңіз. Олардың күтпеген реакциясын танытыңыз. Яғни жағдайда түгелдей өз бақылауыңызға алуыңыз керек. Сонымен қатар, мүлдем қатысы жоқ сұрақтар қойып, әдеттегі шаблонын бұзыңыз. Мысалы картаңыздың деректерін сұратып жатса, әңгімені басқа жаққа бұрыңыз. «Уау, көйлегің қандай әдемі. Маған сыя ма екен? Берсең де, бір жерің түсіп қала ма?» деп миға қонымсыз сұрақтар қойыңыз. Сонда алаяқ өзі-ақ біліне бастайды. Есіңізде болсын, алаяқтарға алданатындардың бәрі ақымақ емес. Өзін ақылды санайтындардың өзі кейде байқамастан тұзаққа түсіп қалып жатады.