Қазақстандық банк активтері мамыр айында сәуірмен салыстырғанда 595 миллиард теңгеге қысқарған. Үздік ондықтағы банктердің тек төртеуі ғана актив мөлшері бойынша оң динамиканы сақтап қала алған.
Мамыр айындағы жағдай бойынша елдегі екінші деңгейлі банктердің актив портфелі 37,18 трлн теңгені құраған. Сәуір айында көрсеткіш 594,7 млрд теңгеге төмен түскен. Биыл ақпанның соңынан басталған ауыр геосаяси дағдарыс отандық банк секторындағы компанияларға да соққы болып тиді. Банк активтері осымен екінші ай қатарынан теріс көрсеткішке қарай кетіп отыр. Өйткені наурыз айында активтердің қысқаруы 429,7 млрд теңгені құраған.
Айлық динамикада елдегі 22 екінші деңгейлі банктің 11-і минусқа кірген. Көрсеткіші теріс динамикаға ауысқан банктер ішінде үздік ондықтан түспейтін 6 қаржы институты да бар. Сәйкесінше, 4 банк оң нәтиже көрсеткен. Айлық өсім көрсеткіші бойынша үздіктер көшін «Қазақстан Халық Банкі» бастайды. Қаржы институтының активтер көлемі сәуір айында 496,8 млрд теңгеге өсіп, 12,76 трлн теңгені құраған. Сондай-ақ бұл банк жыл басынан бері және соңғы бір жылдағы активтер өсімі бойынша да алдыңғы қатарда. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бері «Қазақстан Халық Банкінің» портфелі 1,13 трлн теңгеге, ал 2021 жылдың 1 мамырынан бері 2,63 трлн теңгеге өсім көрсеткен.
Аталған банкке елдегі екінші деңгейлі банк активтер көлемінің 34,3 пайызы тиесілі. Ай бұрын олар елдегі бүкіл банк активтерінің – 32,5, жыл басында – 30,9 және бір жыл бұрын 30,7 пайызын иеленген екен. Айлық өсім көрсеткіші бойынша екінші орында – «Банк ЦентрКредит». Аталған банктің активтері 199 млрд теңгеге өсіп, 2,48 трлн теңгеге жеткен. Банк сондай-ақ жыл басынан бері актив көлемін көбейту бойынша да алдыңғы орында. 2022 жыл басталғалы активтері 413,4 млрд теңгеге артқан. Жалпы, бұл қаржы институтында елдегі бүкіл активтердің 6,7 пайызы бар. Үздік үштік тізімінен Kaspi Bank-ті де көруге болады. Соңғы бір ай межесінде банк өзінің актив қорын 162,2 млрд теңгеге толықтырған, нәтижесінде 3,79 трлн теңгеге жеткізген. Сондай-ақ жылдық динамикадағы өсім бойынша да банктің жетістігі баршылық, 2021 жылдың 1 мамырынан бері 810 млрд теңге көлеміндегі актив қосылған. Жалпы, бұл банк елдегі екінші деңгейлі банктердегі активтер қорының 10,2 пайызын еншілейді.
Үздік үштіктегі қаржы инстиутттарынан бөлек айлық динамикада «Еуразиялық банк» те плюске шыққан: Олар өздерінің актив қорын соңғы бір айда 32,3 млрд теңге тұратын активтермен толтырған, нәтижесінде қор көлемі 1,44 трлн теңгеге жеткен. Айта кетейік, «Еуразиялық банк» жиынтық көрсеткіштер бойынша үздік ондыққа кіреді және активтер көлемі бойынша нарықтағы үлесі 3,9 пайызды құрайды. Айлық динамикадағы ең нашар көрсеткіш – Батыстың қатал санкциялық қысымына ұшыраған «Сбербанк Қазақстанда». Қаржы ұйымы сәуір айында 791,1 млрд теңге активтерінен айырылған, қазіргі актив қоры 2,08 трлн теңгеге бағаланады. Жыл басынан бері банк 2,14 трлн теңгесін жоғалтыпты. Актив көлемі бойынша аутсайдерлер қатарында жақында ғана «Банк ЦентрКредит» сатып алып, атауы Eco Center Bank болып өзгерген, байырғы «Альфа-Банк» те бар. Оның жоғалтуы 461,8 млрд теңгеге бағаланады. Бұл айлық мәндегі минус. Ал жыл басынан бері қаржы институты 466,2 млрд теңге активінен айырылған.
«Жалпы алғанда, отандық банк секторы бүйірден соғып жатқан дағдарысқа жедел бейімделе алып жатыр. Мысалы, «Қазақстан Халық Банкі» активтер көлемін арттырудан бөлек, айлық динамикада қарыз портфелінің өсіміне де қол жеткізді. Сәуірде олардың қарыз портфеліне 400,3 млрд теңге қосылып, 6,88 трлн теңгеге дейін жетті. Бұған «Сбербанк Қазақстаннан» бірқатар займдардың «Халық Банкке» ауысуы да әсерін тигізді» дейді Finprom сарапшылары.
Еске салайық, АҚШ тарапынан бұғаттаушылық санкциялар жарияланғаннан кейін «Сбербанк Қазақстан» мен «Қазақстан Халық Банкі» арасында мәміле жасалып, соған сәйкес шағын және орта бизнес секторындағы 7,5 мың кәсіпорынның займдарына жеңілдік жасалды. Оның шарттары бойынша, ресейлік еншілес банктің жалпы көлемі 105 млрд теңге болатын сапалы коммерциялық портфелі «Қазақстан Халық Банкіне» ауысты. Сонымен бірге, 4,9 млрд теңге көлеміндегі «Даму» қоры арқылы берілген несиелер де бар. Займдар бойынша барлық шарттар – төлеу уақыты, төлем графигі, сомасы мен пайыздық ставкасы еш өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар «Қазақстан Халық Банкі» кәсіпкерлерге екі айға – сәуір мен мамырдың жоспарлы төлемдері бойынша төлемді кейінге қалдыру жеңілдігін ұсынды. Осылайша, Ресейге қатысты салынған қатаң санкциялар салқыны отандық шағын және орта бизнеске сондай қатты салқынын тигізе алған жоқ.
Сонымен қатар «Қазақстан Халық Банкі» «Сбербанк Қазақстанның» бөлшек сегменттегі клиенттерінің де қарыз портфелінің бір бөлігін сатып алды. Мәміле аясына Қазақстан Даму Банкінің жеңілдетілген автонесиелеу қарыздары, кепілсіз кредиттер, мәжбүрлі түрде алынған несиелер және ипотекалық займдар кіреді. Берілген несиелер бойынша негізгі қарыздың жалпы көлемі 330 млрд теңгені құрайды.