Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, Палатаның VII шақырылымының II сессиясының жұмысы қорытындыланды деп жазады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Алдымен депутаттар Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәжілістің екінші сессиясының жұмысы аяқталғанын айтқан Палата Төрағасы атқарылған жұмыс нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтті. Осы сессия күллі қоғам үшін жауапты әрі күрделі кезеңде өткенін, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Парламенттің 25 жылдығымен тұспа-тұс келгеніне назар аударып, Конституциялық өзгерістер бойынша республикалық референдум өткізілгенін айтты.
«Бұл кезеңде Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Палатаның қарауында 127 заң жобасы болды, оның 75-і мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Соның ішінде, депутаттық корпус бастамашылық еткен 27 заң жобасымен жұмыс істеді. Бұл Палатаның қарауына енгізілген заң жобалары санының 21 пайызын құрайды. Мақұлданған заң жобалары, бірінші кезекте, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған», – деді Мәжіліс Төрағасы.
Е.Қошановтың айтуынша, олардың ішінде Омбудсмен туралы, Рақымшылық жасау, Өлім жазасын жою, Сайлау, Республикалық референдум, Саяси партиялар, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңдар бар.