Жаңалықтар

Күйзеліс кезінде үй шаруасымен қалай айналысу керек?

Ретке келуге көмектесетін 8 әдіс

Кез келген адамның күйзеліске түсетін кезі болады. Тек әркім әртүрлі деңгейде өткереді. Мұндай кезде көп нәрсеге құлқыңыз болмай, жата бергіңіз келуі мүмкін. Ал жұмыс болса үйіліп тұрады. Бұл жүйкесі тозып тұрған адамға қосымша стресс тудырады. Үй шаруасы мен мазасыздық арасында қандай байланыс бар? Тұрмыстық тірлікпен айналысу қай кезде ментал саулыққа оң әсер береді? Қандай кезде жай ғана демалу керек? Осы туралы ой қозғаймыз.

Алдымен күйзеліс не екеніне қысқаша анықтама бере кетейік. Бұл — сыртқы қоздырғыштарға физиологиялық реакция түрі. Ол құдды бір сигнализация сияқты жұмыс істейді. Күйзеліс кезінде ағзаңызға едәуір салмақ түседі. Қанға көбірек гормон бөлініп, жүрек соғысы жиілеп, көпшілігінде қан қысымы көтеріліп кетеді. Мұндай кезеңнің болуы қалыпты. Қысқа мерзімге созылатын мұндай мобилизация тіпті қажет десек болады. Әсіресе, ойыңызды жинақтап, бір байламға келерде пайдалы. Дегенмен уақытын созып, күйзеліске кіріп алып, шықпай қоюдың зардабы мол. Себебі ол физикалық та, психикалық та саулыққа кері әсер береді. Стресс кезінде адамның көп нәрсеге құлқы болмайды, солғын тартып қалады. Соның салдарынан аутоиммундық және жүрек-қан тамырлары аурулары қаупін тудырады. Одан қала берді, күйзелісте жүрген адамның көңілі тыншымайды, ашушаң болып кетеді, жабырқау жүреді.

Күйзеліспен міндетті түрде күресу керек. Ол бағытта жасалатын шаралардың да бүгінде неше түрі бар. Біреулер үй жұмысын істеп кетеді. Ыдыс жуса, киім жинаса, терезенің шаңын айнадай қылып сүріп қойса, сергіп қалады. Мұндай жұмыс расында жақсы әсер береді. Өйткені күнделікті жеңіл әрі қайталанатын жұмыспен айналысу — өзіңізді тыныштандырып, мазасыздықтан құтылуға көмектеседі. Айтқандай, стресс кезінде әркім әртүрлі жағдайды бастан өткереді. Кейбірі керісінше, үй жұмысымен мүлдем айналысқысы келмей кетеді. Тіпті үйі шашылып, соның ортасында «солған» күйі отыра береді. Себебі энергия шығарып, өзін бір іспен алдаусыратуға кей адамдардың тіпті құлқы болмауы мүмкін. Көбіне қатты уайым кезінде адам апатияға ұшырайды. Ондай уақытта үйге қарауға тіпті шама болмайды.

Бірақ үйдің таза тұруы, жайлы болуы адамның ментал саулығына оң әсер беретінін дәлелдейтін бірнеше ғылыми тәжірибе белгілі. Мысалы Оңтүстк Калифорния университетінің ғалымдары жасаған мынадай тәжірибе туралы айтып өтейік. Олардың айтуынша, үйін соншалықты жайлы және таза деп есептемейтін әйелдерде стресс гормоны — кортизол көбірек бөлінеді екен. Сөйтіп егер үй шашылып тұр деп ойласа, онда күні бойы өзін жайсыз сезініп, шаршаңқы халде жүреді. Ал Принстон университетінің ғалымдары болса, шашылып жатқан жерде ой жинақтау әлдеқайда қиын дегенді дәлелдеген. Жиналмаған үй адамның өміріне қанағаттану деңгейін төмендетеді екен. Бұл дегеніміз стресстің кесірінен қуаты әлсіреген адам тұзаққа түсіп қалады деген сөз. Әлсіздік пен көңіл-күйі болмағанынан үй тазалауға күші жоқ, ал үй шашылып жатқандықтан көңіліңіз одан бетер түсіп, шашылғанның үстіне шашыла береді. Ал енді кірісіп, жинай қояйын десеңіз, құлшыныс жоқ. Бір қарасақ, бұл тығырыққа тірейтін жағдай секілді көрінеді. Десе де, мұндай кездің өзінен сәтті шығып кетіп, үй жинауға күш табудың бірнеше әдісі бар.  

  1. Ең оңайынан бастаңыз. Жалпы алғанда үй жинау оңай шаруа емес. Оған күш, уақыт, құлшыныс керек. Күйзелісте жүрмеген кездің өзінде тазалықпен айналысу — әжептәуір қиын шаруа. Ал енді стресс кезінде не істеу керек? Егер шаруа өте көп болса, оны кейінге қалдыра беріп, «қашамыз». Сөйтіп одан сайын үйіле береді. Ондайға жеткізбеу үшін максимал жеңіл және тез бітіруге болатын бір істен бастаңыз. Жуынатын бөлмедегі раковинаны жуып, айнасын сүрте салыңыз. Қоқысты тастап келіңіз. Ас бөлмеде ыдыс үйіліп тұрса, кемінде соларды жуып тастаңыз. Немесе өзіңіз көбіне қай бөлмеде жүресіз — соны тазалап қойыңыз. Жұмыс үстеліңіздің үстінде қағаз бен құжат үйіліп жатса, реттеп алыңыз. Жатын бөлмеде жата бергіңіз келіп тұрса, төсек жабдықты ауыстырып, жастықтарды сілкіп-сілкіп алыңыз. Осындай кішкентай ғана шаруалардың өзі үйге біртүрлі жайлылық береді. Жинақтырақ көріне бастайды. Нәтижесі байқалған соң, басқа шаруаларды да істеп тастауға құлшыныс артады.  
  2. Жоспар құруды үйреніңіз. Күрделі іспен айналысып бастау көпшілікке қиынға соғады. Жағымсыз іс секілді көрініп, беттей алмай жүресіз. Десе де, ондай кезде ең дұрысы — кішкене бөліктерге бөліп тастау. Әр бөліктің дедлайнын бекітіп қойыңыз. Кішігірім әрі нақты қадамдар белгілі болған кезде оларды атқару жеңілдей түседі. Бағана қиын боп көрінген шаруа кішкентай бөліктер арқылы оңайлайды. Бастысы, жоспарлаған кезде күшіңізді дұрыстап бағалаңыз. Мақсат қойғанда да әліңізге қарай қойыңыз. Міндетті түрде арагідік демалыс жариялап тұруыңыз керек. Мұны назардан тыс қалдыруға болмайды. Жоспарлаудың бүгінде мың сан әдісі бар. Ішінде өзіңізге ұнаған схеманы тауып алыңыз да, жұмыс көлемін өз қалауыңызға қарай таңдаңыз. Айталық, бір жинағанда бір бөлмені ғана жинастырып, таймер қойып, күніне үй шаруасына 15-30 минут бөлсеңіз болады. Созбалақтай бермеңіз. Графиктен айнып кетпеуге барынша тырысыңыз. Ал енді ойдағыдай болмай жатса, ол үшін қосымша стресске түсіп кетудің қажеті жоқ. Жоспар — ойымызда идеал болғанымен, іс жүзінде оған өзгеріс енуі жиі кездеседі.
  3. Жағымды атмосфера құру маңызды. Үй шаруасы сізге жақсы әсер сыйламайтын болса, тіпті сондай кездің өзінде жағымды ететін әдістер болады. Мәселен, біреулер ән тыңдап жүріп үй жинағанды жақсы көреді. Болмаса, исі өте ұнайтын жууға арналған құралдар сатып алыңыз. Еден жууды ұнатпайсыз, бірақ әлгі құралдың исін ойласаңыз, үйден соның исі аңқып тұрса деп тез-тез жуып тастайсыз. Кейде сүрткішті жаңартқанның өзі адамға жақсы әсер сыйлайды. Құдды өмірін жаңадан бастап жатқандай болады. Осы сынды ұсақ-түйектердің өзінен көңіл-күйіңізді жақсартуға тырысыңыз.   
  4.  Үй шаруасын да саналы түрде атқару керек дейді, сенесіз бе? Бұл жерде сананың қандай қатысы бар деп қалған боларсыз. Ендеше, айтайық. Англияның Ұлттық денсаулық қорғау қызметінің мамандары үй шаруасын саналы істеіу практикасы негатив эмоциямен күресуге, депрессияны жоюға көмектеседі деген байламға келген. Үй жинап болғаннан кейінгі сезім керемет. Десек те, үй жинау процесінің өзін стресспен күрес әдісі деп қарауға болады екен. Егер саналы түрде атқаратын болсаңыз, үй шаруасы медитация іспеттес болады. Соның арқасында өзіңізді тыныштандырып, жайлы сезіне бастайсыз. Саналы деген қандай? Автомат түрде айналысып кетпей, физикалық сезімдеріңізге мән беріп істеп көріңіз. Краннан аққан судың сылдырына құлақ қойыңыз. Оның жылы не суық температурасын сезініңіз. Тамақ істесеңіз, аңқыған исінен рахат алыңыз. Сонда сіз мазасыз ойларды қашырып, өзіңізд жақсырақ сезініп қаласыз. 
  5. Егер алдыңғы тәсіл ешқалай көмектеспей қойса, оған қарама-қарсы техниканы жасап көруге кеңес береміз. Яғни үй шаруасы автомат түрде жасайтын әдетке айналдырыңыз. Тамақ істеп жатып арасында ыдысты жуып тастаңыз. Үйден шығып бара жатсаңыз, қоқысты іліп ала кетіңіз. Бір киімді шешсеңіз, бірден орнына қойып қойыңыз. Осыларды күн сайын қайталап істей беріңіз, істеген кезде ойланбаңыз. Егер осы техниканы әдетке айналдырсаңыз, үйді таза ұстау жеңілдеу болады.  
  6. Өзіңізді мақтауды ұмытпаңыз. Енді істеуіңіз керек істерге емес, істеп бітіргендерге көбірек фокус қойыңыз. Үнемі өзіңізді мақтап, мадақтап жүріңіз. Бұл мотивацияны молайтады. Мысалы жуынатын бөлмені айнадай қылып жинап қойсаңыз, сондай жайлы атмосферада спа-процедуралар істеңіз. Тамақ істеп болсаңыз, оны мерекелік ас сияқты әдемі ыдысқа салыңыз. Бір бітірген шаруадан кейін өзіңізді мадақтау мақсатында кішігірім сыйлық алыңыз.
  7. Көмек сұраудан ұялмаңыз. Кейде қарапайым ғана кеңес сұрау көп тығырықтан шығарады. Сондықтан егер үйдегі бір шаруаларды атқару қиынға соғып жатса, үйдегілерден көмек сұраңыз. Бәрінің мойнына белгілі бір шаруаларды іліп қойыңыз. Болмаса, үй тазалау графигін жасаңыз. Тіпті болмаса осы процессті ойынға айналдыруға болады. Айталық, лотерея секілді ішінде шаруалар жазылған билетті суырып ойнаңыздар. Кімге не түссе — соны істейді. Сізден басқа ешкім үй жинамайтын, тамақ істемейтін болса, кемінде клиниң қызметтеріне, тамақ жеткізу қызметтеріне жүгініп көріңіз.
  8. Жүрегіңізге үңіліңіз. Айналаңыздың бәрі от секілді шарпып жатқан кезде физикалық және ментал саулығыңызды сақтау үшін жүрегіңіздің үніне құлақ асуыңыз керек. Ол жылтырап тұрған еден тазалығынан әлдеқайда маңызды. Он жерден үйіңіз шыбын тайып құлайтын таза болып тұрса да, ол өзге маңызды шаруаларға кедергі болса психикалық саулығыңызды сақтауға көмектеспейді. Бәрін ретке келтіремін деп күйіп кетпеңіз. Мазасыздық деңгейні үнемі бақылап жүріңіз. Егер тазалықпен айналысқанда мазасыздық азаймай қойса, басқа шаруамен айналысып көріңіз, ең құрығанда жай жатып, демалыңыз.