Ұлттық банк маусым айында интервенция жүргізбеген

Жарияланды
Теңге бір айда 13,3 пайыз құнсызданды

Маусым айында теңге бағамы 13,3% құнсызданып, 1 доллар үшін 470,24 теңгеге дейін жетті. Қазақстан қор биржасында бір күндік орташа  сауда-сатттық бір айда 115 млн АҚШ долларынан 96,4 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Бұл айда жалпы сауда-саттық көлемі 2,1 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды Ұлттық банк.

«Энергия тасымалдаушылардың қолайлы бағасына қарамастан, ұлттық валюта бағамы шектеулі валюта ұсынысы мен валютаға деген сұраныстың бір уақытта өсуі  себепті құнсызданды. Валюта ұсынысының төмендеуі – экспорттаушылардың салық төлеу үшін валюта сатуды қысқартуына, ал сұраныстың өсуі дивиденд төлеудің басталуына байланысты» делінген хабарламада.   

Ұлттық банк валюта нарығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы қолдау көрсеткенін,  ол шамамен 480,4 млн АҚШ долларын құрағанын айтады. Маусымда Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта 438,3 млн АҚШ долларына сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттықтың көлемінің 20,7%-ын құрады.

Маусым бойы ішкі валюта нарығында Ұлттық Банк валюталық интервенция, сондай-ақ БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлар үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операцияларды жүзеге асырған жоқ.

Қысқа мерзімді перспективада теңге бағамының құбылуы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады.

Сондай-ақ оқыңыз