Жаңалықтар

“Алтын Орда” базары былыққа батып барады

Фото:интернет көздері

Алматы мен Алматы облысының халқын арзан жеміс-жидекпен, арзан тауарлармен қамтамасыз етіп отырған базар айғай –шудың кесірінен құрдымға кетіп барады. Қоғам белсенділері сәуір айында басшылық ауысқанымен, сауда орнында заң бұзушылықтар тоқтамағанын айтады.

Әсіресе , көрші елдерден келген топтар базарды өздігінше бөліп алып, билігін жүргізеді екен. Ондағы үнемі жазасыз қалатын ұрлық-қарлық пен қолдан жасалған қымбатшылыққа осы топтардың қатысы бар,-дейді астанада жиын өткізген заңгер Дәурен Ғабдул. Саудагерлер тарапынан да көптеген шағым түсіп жатқан көрінеді. Олар «Алтын орданың» қазіргі қожайыны тиісті жұмыстарды жүргізе алмай жатқанын айтқан. Ал компанияда 95 пайыз үлесі бар астанадағы экономикалық тергеу департаментінің бұрынғы қызметкері Хамзиннің құрылтайшылар құрамына қалай кіргені белгісіз дейді заңгер. Заңсыздықтарды тізген ол, бұл мәселелерге базардың қазіргі иелері жауап беріп, тәртіп орнатуға міндетті деп отыр.

«Бұл шағын сауда орны емес қой, ірі логистикалық торап. Алматы, Алматы облысын қамтамасыз етіп отырған сауда орны. Бұл кем дегенде 3 миллион адам.  Бұл стартегиялық нысан. Егер ол жердің жұмысында ақау болса, бұл әрқайсымыздың үстеліміздегі нанымызға, жеп отырған етімізге дейін әсер етеді. Сондықтан «Алтын орданың» тағдыры әрқайсымызды алаңдатуы керек»-дейді, заңгер Дәурен Ғабдул .

 «Алтын орда» – еліміздің ең ірі мегаполисін негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін сауда орны. Осыдан 3 ай бұрын келген жаңа қожайын базардың ортадағы адамдардың қатысуымен көтерілетін бағаларға қатысты былықтарын жоюға уәде еткен.  Алайда  «Алтын орданың» бұрынғы құрылтайшыларының үстінен  2017 жылы базарды рейдерлік жолмен тартып алды деген арыз түскен болатын. Заңгер Дәурен Ғабдул қазір сауда орынның экс басшылары бизнес ошағын қайтарып алмақшы екенін айтады. Бүгін де былыққа әбден батқан базардың алдағы жай-күйі қалай болатыны белгісіз.