Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу басқармасы «AsiaCredit Bank» АҚ мүлкін жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы, «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 2-тармақта аса ірі көлемде қаржы жымқырылғаны жазылған.
Қылмысы дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы лауазымды қызмет атқаруына шектеу қойылып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Департамент Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабының (Істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті тергеп-тексеру. – ред.) талаптарын орындауға бағытталған жоспарлы тергеу жұмысын жүргізіп жатыр» делінген хабарламада.
Агенттік сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу деректері жарияланбайтынын айтып өтті. Бұл деректер тергеу мүддесіне қайшы келмесе және басқа адамдардың құқығы мен заңды мүддесін бұзбаса, прокурордың рұқсатымен ғана жария етілуі мүмкін.
Журналист Михайл Козачков өз телеграм-арнасында 28 маусымда 25 миллиард теңгенің ұрлануына қатысты іс тергеліп жатқанын жазған.