Қазақстанда инфляцияны есептеу тәсілі өзгере ме?
Елімізде жылдық инфляция тағы өсті, бұл жолы маусым айының қорытындысы бойынша 14,5 пайызға. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әсіресе азық-түлік өнімдері мамырмен салыстырғанда маусымда 19,2 пайызға қымбаттаған. Азық-түлік емес тауарлар – 13,2, ақылы қызметтер 9,2 пайызға көтеріліпті.
Соңғы бірнеше ай қатарынан инфляцияны тежеу мақсатында Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемені көтеріп келе жатқаны белгілі. Қазір ол 14 пайыз шамасында. Ал инфляция одан да озып барады (14,5 пайыз). Сөйтіп, елдегі нақты пайыздық ставка минусқа қарай жылжыды.
Экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, инфляцияны әзір тоқтату қиынға соғады.
«Ұлттық банк тарапынан төл экономикамыздың аяғына оқ атылып жатыр. Менің ең жұмсақ айтқаным осы болсын. Мұндай базалық ставка тұрғанда инфляцияны төмендетеміз деудің өзі күлкілі. Ол тек өсе береді. Өйткені мұндай жоғары ставка экономиканы тұншықтырады, тұтынушылық сұранысқа қысым жасап, кез келген кредитті қолжетімсіз етеді. Мұндай базалық ставка кезінде ештеңені дамыту мүмкін емес» дейді ол.
Осы орайда елімізде депутаттар тарапынан инфляцияны есептеу тәсілін өзгерту туралы ұсыныстар айтыла бастады. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Қазақстанда тұрақты өсу перспективасына ие жалғыз көрсеткіш бар екенін, оның инфляция екенін тағы да айтты. Тағы да дейтініміз, депутат қаржы тақырыбындағы түйткілдерді ұдайы көтеріп келеді. Депутаттың айтуынша, Ұлттық банктің саясаты салдарынан әуелі доллар, сосын рубль инфляциясына тап болып жатырмыз.
Оның айтуынша, Ұлттық банк қымбатшылықтың себебін әрдайым жаһандық өсімге, фискалды импульске сілтейді.
«Ресейде ставканы 9,5 пайызға түсірді. Олар жоғары ставканың инфляцияны одан әрі күшейтетінін түсініп отыр. Яғни, кәсіпкерлер несиесін төлей алмай кідірістеп қалады да тауарларының бағасын көтеруге мәжбүр болады. Халықаралық нарықтардан айырылғанын ескерсек, Ресей үшін Қазақстан – маңызды нарық. Барлық жобалар біздің нарықты да ескере отырып іске асырылады. Бұл қалыпты жағдай. Ал біз өз экономикамызды несиелеуден бас тартып, Ресей экономикасына қолдау көрсетіп отырмыз. Өкінішке қарай, шынайы жағдай осындай», деді Жамалов.
Оның айтуынша, ақпанда рубль әлсіреген кезде теңге де әлсіреді. Доллардың теңгеге қатысты курсы 520-ға шығып кетті. Нәтижесінде, долларлық импорт 20 пайызға қымбаттап, Қазақстан доллар инфляциясына ұшырады. Енді рубль күшейіп, Қазақстан рубль инфляциясына ұрынып отыр. «Ұлттық банк пен министрлік баяндамаларында ұдайы бір-бірінен аумайтын цифрлар мен деректер қайталана береді. Ұлттық экономика министрлігі осы ретте бірқатар шаралар жиынтығын тізіп шықты және оның біразын орындады да. Нәтижесінде инфляция өсті» дейді депутат. Осы ретте ол инфляцияны есептеу методикасын өзгертуді ұсынады.
«Қазір инфляция 510 тауар және қызметтер бойынша есептеледі. Бұл себетте тамақтану өнімдері небәрі 40 пайызды құрайды. Ал халықтың шығындарының құрылымындағы азық-түлік тауарларының үлесі 57 пайыздан асады. Егер инфляцияны осы құрылым бойынша есептер болсақ, онда ол әлдеқайда жоғары болады. Тұтыну тауарларын өндіруді қолдау бағдарламаларын сыни тұрғыдан қайта қарастыру керек. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша нәтиже жоқ. Үш жылда бағдарлама 11 рет өзгерді. ҰЭМ мен АШМ тиісті мониторинг пен бақылау жүргізіп отырған жоқ. Халықтың әлеуметтік әлсіз тобына атаулы көмек керек. Баға өсімін тежеу үшін үкімет сауда желілеріне жеңілдетілген несиелеу беріп жатыр. Осы үшін 81 млрд теңге жұмсады. Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін 16,8 млрд теңге жұмсады. Бірақ баға бәрібір өсті» деп дәйекті мысал келтірді Жамалов.
Расында, үкіметтің инфляцияға қарсы қабылдаған шараларының ешбірі тиісті нәтижені бермеді. Мәселен, жыл басында ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров келесі шаралардың іске асырыла бастайтынын мәлімдеген еді:
- Коммуналдық қызметтер тарифін тоқтата тұру;
- ҚР аумағынан кейбір тауарлардың шығарылуына тыйым салу;
- Жанар-жағармай шекті бағасының бекітілуі және 6 айға дейін бензин, дизелді отын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін алып шығуға тыйым салу.
Алайда бұл шаралардың барлығы жағымды эффекте бере алған жоқ. Үкіметтің тағы бір бастамасы – жеңілдетілген автонесие бағдарламасы еді. Алайда Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова бұл бағдарламаны да сынға алды. Оның айтуынша, бұл бюджет үшін өте тиімсіз жоба. Сарапшылардың да айтуынша, жеңілдетілген автонесие жобасының басталуы автокөлік бағасын өсіріп, инфляциялық күтулерді жоғарылатуы ықтимал.
Ұлттық банк болса әзірге осы қазіргі ұстанып отырған ақша-несие саясатын өзгерте қоймайтын секілді. ҰБ жақында жарияланған хабарламасында жыл соңында инфляция деңгейін 13-15 пайыз диапазонында күтетінін мәлімдеген.
«2022 жылдың соңында импорттық жеткізулердің қайта реттелуі, сыртқы инфляциялық қысымдардың айтарлықтай қысымы, азық-түліктің жоғары әлемдік бағасы, сондай-ақ оң фискалды импульс жағдайында инфляция 13-15 жоғары диапазонында қалыптасады деп күтіледі» делінген ҰБ хабарламасында.
Инфляцияны 2023 жылы 7,5-9,5 пайыз, 2024 жылға таман 8 пайызға жақындата түсу де Ұлттық банк саясатына кіреді.