Жаңалықтар

Пойыз билеті неліктен қымбаттайды? Тозған вагондар қашан жаңарады?

900-ден астам вагонның пайдалану мерзімі 30 жылдан асып кеткен

Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның айтуынша, биыл ішкі тұрақты әуе рейстерінде жолаушылар ағыны айтарлықтай артқан. Өз кезегінде бұл ұшулар кідірісінің көрсеткішіне айтарлықтай әсер етіп отыр. Осы тақілеттес жағдай қазіргі таңда Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ-та да байқалуда.

«Қазіргі уақытта жолаушылар ағынының айтарлықтай өсіп келе жатқанын көріп отырмыз, тиісінше бұл кідірістердің артуына алып келеді. Рейстер неғұрлым көп болса, соғұрлым кідіріс көп болады. Сын да көп айтылады. Осы аспект бойынша министрліктің, қазақстандық қана емес, бүкіл әлемдегі азаматтық авиацияның басымдығы – бұл әуе жолаушыларының қауіпсіз тасымалы екенін айтқым келеді. Кешіктірудің әртүрлі себептері бар. Мысалы, әуе кемесінің техникалық ақаулығы немесе ауа райының қолайсыздығы, өкінішке орай, алдын ала болжау қиын. Авиатасымалдар кешенді процедуралардың жиынтығы болып табылады, оларға тек тасымалдаушылардың өздері ғана емес, әуежайлар да, әуе көлігін басқару саласы да, жолаушылардың өздері де қатысады. Рейстің кідіруі әуе компаниясының кінәсінен болған жағдайда, заңнамаға сәйкес авиакомпаниялар жолаушылардың құқықтары жөніндегі қызметтерді дереу көздеуі тиіс. Яғни, екі сағаттық кідірістен кейін авиакомпаниялар екі рет қоңырау шалу, алкогольсіз сусындар, ана мен бала бөлмесін және кідіріс ұзақтығына байланысты ыстық тамақ, қонақ үй, көлік ұсынуы керек. Егер авиакомпаниялар жолаушыларға тиісті қызмет көрсетпесе, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады» деп түйіндеді спикер.

Сонымен қатар ол жоғарыда көрсетілген талаптар мүлде немесе тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда әуе компаниясының 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын атап өтті.

Айта кетейік, рейсті кешіктіргеніне айыппұл төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу мәселесі қарастырылуда. Оң шешім қабылданған жағдайда, норма биыл күшіне енеді деп күтілуде.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары әуе билеттерінің бағасына қатысты да түсініктеме берді.

Атап айтқанда, халықаралық тәжірибеге сәйкес елімізде баға белгілеуді реттеудің күші 2016 жылы жойылған. Осыған сәйкес әуе компаниялары билет бағасын дербес белгілейді.

Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қасым Тлепов теміржол мәселесіне тоқталды. Оның ақпаратына сүйенсек, бүгінде Қазақстан аумағында 130-дан астам жолаушылар пойызы қызмет көрсетеді. Жылжымалы құрам паркінде 2 мың 600 дана жолаушы вагоны бар. Вагондардың орташа тозу деңгейі 46 пайызды құрайды. 900-ден астам вагонның пайдалану мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Тозығы жеткен вагондар сұраныстың өсуі кезінде пойыздарға қосылады.

Соңғы 10 жылда 1100 жаңа вагон, оның ішінде 600-ге жуық «Тұлпар-Тальго» вагоны сатып алыныпты. 2022 жылы тағы 73 вагон сатып алынбақ.

«Салада қалыптасқан ахуалды жақсарту мақсатында бірқатар кешенді шаралар қабылдануда. Мәселен, швейцариялық Штадлер компаниясымен бірлесіп 537 жаңа вагон шығару көзделіп отыр. Вагондарды сатып алуға несие беру кезінде сыйақы мөлшерлерлемерін субсидиялау тетігі де қарастырылған. Сонымен қатар жолаушылар вагондарының жай-күйіне және сервис сапасына қойылатын талаптар да күшейтілуде» дейді ол.

Қасым Тлепов жолаушылар пойыздарына бақылаудың күшейтілгенін айтты. Атап айтқанда, 2022 жылдың алғашқы бес айында 200 жолаушылар пойызына тексеріс жүргізілген.

«Жолаушылар мен вагондарға қатысты белгілі бір шағымдар бар екені белгілі. Соңғы 5 айда 5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Әрқайсысы қаралып, тиісті шаралар қабылданды» дейді Тлепов.

Тексеріс қорытындысы бойынша 431 жолаушыл тасымалдау қағидасы талаптары бұзылғаны анықталған. Бүгінгі күнге дейін 31,2 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Биыл сондай-ақ «Қазақстан Темір Жолы» жаңа үш бағыт бойынша Talgo пойызын іске қоспақшы. Ол шілде-тамыз айларына жоспарланып отыр. «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшысы Жәнібек Тайжановтың айтуынша, жаңа Talgo пойыздары қатынайтын бағыттар – Нұр-сұлтан-Шымкент; Нұр-сұлтан-Қостанай; Нұр-сұлтан-Алматы.

Жалпы қазір ҚТЖ-ға қарасты 2215 вагон бар. Оның ішінде 1429 бұрынғы стандартты вагон және 670 Тальго вагондары деді Жәнібек Тайжанов.

«Қазақстан Республикасы аумағында жазғы маусымға 138 маршрут қарастырылған. Соның 104 маршрутын «Жолаушылар тасымалы» ұлттық тасымалдаушысы атқарады. Өздеріңіз білетіндей, ұлттық тасымалдаушыдан бөлек 9 жеке тасымалдаушы бар» деп түсінік берді Тайжанов. Ол сонымен бірге, вагондардағы тазалық мәселесін де айтты.

«Жазғы маусымға байланысты біз пойыздарға қызмет көрсету және клининг бойынша жаңа стандарттар енгіздік. Бұл біріншіден, пойыз жүрер алдындағы тазалық жұмыстары. Екіншіден, сапар кезіндегі тазалау және жолаушылар түскеннен кейінгі, кірерден бұрынғы тазалық жұмыстары. Сапар кезіндегі тазалау шарасы әрбір 4 сағат сайын, күніне 3 реттен кем емес тәртіппен жүргізіледі» деді.

Сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» билеттерді 25 пайызға қымбат ететін жаңа баға саясатын енгізбек. Тиісінше, билетті 25 пайызға арзан бағамен сатып алу мүмкіндігін де ұсынады.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің келісімімен 1 шілдеден бастап динамикалық баға саясатын енгіздік. Бұл жолаушылардың билетті сатылым ашылған сәттен бастап 45 күн ішінде 25 пайыздық жеңілдікпен сатып алуына жағдай жасайды. Сұранысқа сәйкес жүйе бағаны көтереді. Максималды баға 25 пайыз қымбат болуы мүмкін. Яғни, баға диапазоны минус 25 пайыздан плюс 25 пайызға дейінгі аралықта» дейді компания басшысы.