Президент мұнай тасымалын әртараптандыруды тапсырды
Президенттің төрағалығымен елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев жүк жеткізетін балама бағыттарды, сондай-ақ тасымалдау ісін әртараптандыруды пысықтауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласының Қазақстан экономикасында ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, өңірлердің өзара қарым-қатынасын жандандыру үшін бұл саланың маңызы зор. Дегенмен, геосаяси жағдай мен санкциялық текетірес дәстүрлі көлік-логистика желісін өзгеріске ұшыратты.
Президенттің пікірінше, отандық өнімнің экспортқа қауіпсіз әрі үздіксіз шығарылуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Мемлекет басшысы еліміздің Орталық Азия аймағындағы көшбасшылығын сақтап, Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту керек екенін айтты. Осы мақсатта балама теміржол бағыттарын қалыптастыру қажет. Бұл жерде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза жобаларын жүзеге асыру, Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісін салу жөнінде сөз болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдау ісін әртараптандыруды тағы бір маңызды міндет ретінде атап өтті.
– Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет, – деді Президент.