ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету бойынша Қазақстан әйелдер қозғалысының өкілдерімен бесінші кездесу өткізді, деп хабарлайды министрлік баспасөз қызметі.
Келіссөз барысында министр арнайы жұмыс тобы белсенділердің ұсыныстарын жан-жақты зерттегенін, сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бойынша ұсынылатын тәсілдер туралы айқан.
Кездесуге қоғамдық қозғалыс өкілдері Майкен Бигарстанова, Марина Бачаева, Ольга Смирнова, Гүлнәр Смайылханова, Жанар Жибегенова, Ләйла Оспанова, Қарлыға Ахметбекова және Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Азиза Шужеева қатысты.
Келіссөз барысында Тамара Дүйсенова белсенділердің ұсынысын министрлік жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы жан-жақты зерттегенін хабарлады. Бұл ретте келесі факторлар ескерілді:
- 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін жинақталған еңбек өтілі үшін алынатын ынтымақты зейнетақы жүйесі мөлшерінің кемуі;
- экономиканың түрлі секторларындағы жасы 50-ден асқан әйелдердің табыс деңгейі;
- әйелдердің зейнеткерлік демалысқа ерте шыққан кездегі зейнетақыларының болжамды мөлшері, олардың табыстары және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі.
Министр еңбек өтілі жоқ және бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын қазақстандықтар үшін 50+ жасында зейнетке ерте шығу лайықты төлемдерді қамтамасыз етпейтінін атап өтті.
Бұл ретте қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтарға зейнетке ерте шығу құқығы беріледі. Осылайша зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары 55 жасқа (ерлер) және 52,5 жасқа (әйелдер) толғанда жеткілікті болған кезде қазақстандықтар зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады (зейнет жасына жеткенге дейін зейнетақы жинақтарынан төлем алу құқығы). Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан бастап пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан басталады.