Қазақстан мұнайы экспортының 82 пайызын жүзеге асырып тұрған «Каспий құбыр консорциумы» (КТК) жұмысының 30 тәулікке тоқтатылуы үлкен шу тудырып жатыр. Сарапшылардың көбі бұл шешімді Ресейдің саяси қысымы деп санайды. Расымен, мұның кездейсоқтық бола қоярға қисыны да жоқ. 2022 жыл басталғалы, соның ішінде Ресей Украинаға басып кіргелі бері КТК үшінші рет жұмыс графигін бұзып отыр.
Bloomberg агенттігінің мұнай ісі бойынша стратегі Джулиан Лидің жазуынша, Владимир Путин Украинаны қолдап отырған Еуропа елдеріне қарсы жаңа бір қару тапты, ол – Қазақстан мұнайы.
«5 желтоқсанда ресейлік мұнайға қатысты еуропалық санкция күшіне енбей тұрып және өнеркәсіптік дамыған елдер Мәскеуден келер шикі мұнай бағасын шектеуді қарастырып жатқан кезде Путин алдын ала жауап қатып үлгерді. Ресейлік көзқарас тұрғысынан алып қарағанда, көлемі қысқаратын экспорттық ағын – ресейлік мұнай емес, көршілес Қазақстанның өндірісі. КТК толық тоқтаған күннің өзінде ресейлік мұнайға еш зиянын тигізбейді. КТК-ның бүкіл көлеміндегі Ресей мұнайының үлесі 10 пайызға жуық қана және ол еш қиындықсыз балама маршруттарға ауыстырыла салады. Осы құбыр арқылы экспортының 80 пайызын іске асырып отырған Қазақстан үлкен зиян шегеді. Сонымен қатар күніне миллион баррельге жететін жеңіл күкіртті мұнайдың жоғалуы Еуропа үшін ауыр соққы болады. КТК ағындарын қысқа уақытқа тоқтата отырып, Ресей Батысты жазалап, қазірдің өзінде жоғары мұнай бағасын көтеріп, сонымен бірге өзінің іс жүзінде бүлінбеген экспортынан түсетін мемлекеттік кірісті арттыруы мүмкін», деп жазады халықаралық сарапшы.
AERC (Қолданбалы экономиканы зерттеулер орталығы) сарапшыларының айтуынша, дәл қазіргі мезетте отандық мұнайды экспортқа шығара алатын бірнеше әлеуетті балама маршрут бар.
«1768 шақырымға созылып жатқан «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құбыры үш елдің – Әзірбайжан, Грузия және Түркияның территориясынан өтеді. Өткізу қабілеті – жылына шамамен 50 млн тонна. Құбыр мұнайды Түркиядағы Жерорта теңізі жағалауында орналасқан Жейхан портына апарады. Аталған бағыт – ТМД-дағы Ресейді айналып өтетін және АҚШ пен Ұлыбритания тікелей қатысатын алғашқы маршрут. Дегенмен бұл бағытқа қатысты бірнеше проблема бар:
- Транзитке қатысты Қазақстан мен Әзірбайжан арасында келісімнің жоқтығы. Бұл екі тараптың күш салуы мен уақытын, сондай-ақ шетелдік серіктестердің де тікелей қатысуын талап етеді;
- Ақтау порты жұмыс жақсы жүрген жылдары жылына 12 млн тонна мұнай тасымалдады. Оны жылына 20 млн тонна деңгейіне көтеру үшін порт инфрақұрылымын жақсартуға айтарлықтай қаржы құю керек» делінген зерттеуде.
Иран маршруты да осы Ақтау портына байланысты. Ашық дерек көздеріндегі мәлімет бойынша, 2021 жылы «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбыры жылына 12,1 млн тонна (негізгі қуаттылығы – 17,5 млн тонна) мұнай тасымалдаған. «Атасу-Алашанькоу» бағыты бойынша жүктеме көлемі 11 млн тоннаны (негізі 20 млн тоннаға мөлшерленген) құрады. «Баку-Тбилиси-Жейхан» бағытымен 26,4 млн тонна мұнай өткен. Ал енді былтыр 53-54 млн тонна мұнай тасымалдап берген КТК бағытындағы мұнайды қалай басқа бағыттарға бөлістіреміз? Теориялық тұрғыдан, жоғарыда айтылған мұнай құбырларының толық көлемде мұнай тасымалдап жатпағанын ескере отырып 23 млн тоннаға жуық мұнайды КТК-дан алып «Баку-Тбилиси-Жейханға», тағы 5 млн тоннаға жуық мұнайды «Өзен-Атырау-Самараға» және 9 млн тоннаға жуық «қара алтынды» «Атасу-Алашанькоу» бағытына ауыстыруға болады. Соның өзінде 17 млн тонна мұнай артылып қалады. Оны Иран арқылы экспорттауға болады (егер Ираннан санкциялар алынған жағдайда – ред).
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Ақордада еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізіп, теңіз арқылы тасымалдау ісін дамытуға ерекше назар аударды.
«Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін» деді Мемлекет басшысы.
Ол Қазақстанның Транскаспий бағытына көңіл бөлу керектігін мәлімдеді.
«Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет» деді Президент.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, бұл ұзақ мерзімге негізделген жұмыс.
«Бұл жерде, ең алдымен, геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан көмірсутегін халықаралық нарықтарға жеткізу бағыттарын әртараптандыру туралы сөз болып отыр. Жиында жаңа көлік дәліздерін ашу мәселесі талқыланды. Бұл бір күндік жұмыс емес, ұзақ мерзімді жоспар. Шын мәнінде, қабылданған шешімдердің ешқандай саяси астары жоқ. Ресей біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз болып қала береді. Оның мүддесіне нұқсан келтіретін қандай да бір іс-әрекеттерге жол берілмейді. Қазақстан тарапына қатысты да осындай әрекеттер жасалмайды деп үміттенеміз» деді ол.
Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, Ресей Қазақстанның мұнай экспортына кедергі жасау арқылы шетелдік инвесторларды қазақстандық нарықтан кетіруге итермелеп отыр.
«Жағдайды жедел түрде шешпесек, жаһандық ірі компаниялар бізден кетіп қалуы ықтимал. Ал босап қалған орынған Ресей өз компанияларын ұсынады. Сондықтан қазір әр қадамды ойланып басып, уақытша экономикалық қиындықтарға шыдауымыз керек, саяси тұрғыда ел келешегіне залал келтіретін әрекеттерге бармаған дұрыс», дейді.
Сарапшының айтуынша, дәл қазір балама жолдарды реттеу ұзаққа созылатын процесс, құбырды салып шығудың өзі жоқ дегенде 3-5 жыл уақыт алады. Сондықтан ең абзал нұсқа – мұнайды шығысқа жөнелту дейді.
«Олар – Қытай мен Үндістан. Халқы көп болғандықтан тұтыну нарығы да үлкен. Қытаймен келісімге келер болсақ, арамызға басқа мемлекеттер де кіріге алмас еді. Өйткені Қытайдың инвестицияға да, басқа мақсаттарға да жұмсар қаржысы жеткілікті. Қазақстан мен Қытай арасындағы коммуникацияның деңгейі де жақсы. Екі жерден теміржол мен автомобиль жолы өтеді. Құбырымыз да бар. Атасу-Алашанкоу құбырын айтып отырмын. Тек, құбырдың қуатын арттыру маңызды» деді Жақсылықов.