Сарапшыдан жауап: Базалық ставка неге инфляцияға әсер ете алмай жатыр?
Қазір Қазақстанда базалық пайыздық мөлшерлеме – 14 пайыз. Ұлттық банк бірнеше ай қатарынан осы деңгейді төмендетпей отыр. Өйткені, базалық ставка ай сайын күшейіп бара жатқан инфляцияның жолына тосқауыл болуы тиіс. Алайда Ұлттық банктің бірегей инструменті бұл үдеден шыға алатын емес. Сарапшылардың бір тобы ҰБ тез арада базалық ставканы төмендетіп, несие пайыздарын қарапайым халық пен кәсіпкерлер үшін қолжетімді етуі тиіс, әйтпесе экономикалық өсімге жол аша алмаймыз десе, енді бір тобы қымбат базалық ставкамен несие берілуді тежегенде ғана, инфляцияны тежейміз деген сенімге сүйенеді.
Осы орайда белгілі қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев базалық ставканың мән-маңызы, оның инфляцияға әсер ету тетігі, Ұлттық банктің неліктен мөлшерлемені жоғары күйде ұстап отырғаны, қымбат ставканың депозиттер үшін пайдасы, экономикалық өсім мәселесіне ҰБ-ның жауаптылығына байланысты маңызды сауалдарға жауап береді.
Базалық ставка дегеніміз не?
Базалық мөлшерлеме қаржы жүйесіндегі ақша құнын анықтайды. Бұл ешқандай тәуекелі жоқ ставка (үкіметтің дефолт тәуекелінен басқа). Ал ондай тәуекел әркез туындай бермейді. Нарықтық экономикада елдегі кредит базалық ставкадан төмен бола алмайды. Әйтпесе несие берушілер үшін тиімсіздік болады. Банк ешқандай тәуекелсіз орталық банктен өз пайызын алады. Қазір Қазақстанда базалық пайыздық мөлшерлеме – 14 пайыз. Бұл әлемдегі жоғары пайыздардың бірі. Соның салдарынан коммерциялық кредиттер 18-20 пайыз деңгейінде қалыптасады. Үкіметтің капитал тарту ставкасы – 14, ал квазимемлекеттік сектордыкі – 16 пайыз. Біздегі базалық ставкадан төмен барлық несиелер, мәселен «7-20-25» бойынша жеңілдетілген несиелер, автонесиелеу бағдарламалары базалық ставкаға дейінгі мөлшерде субсидияланады.
Ұлттық банк неліктен жоғары ставканы ұстап отыр?
Өйткені бұл оның инфляциямен күрестегі жалғыз құралы. Ал инфляциямен күрес – Ұлтық банкке берілген бірегей мандат. Базалық ставка жоғары болған сайын ақша да қымбат бола түседі. Адамдар кредитті аз алған сайын, депозитті де аз шешеді, тиісінше ақшаны да аз жұмсайды. Аз жұмсаса – инфляция да баяу өседі. Бір жағынан адамдар несие алмағандықтан базалық ставканың жоғары болу жағдайында экономика ілгерілемейді. Оқулықтарда солай жазылған және ол теорияда ғана шындық.
Қазақстанда базалық ставка инфляцияға әсер етпей ме?
Дәл солай! Қазақстан коронадағдарысқа кірген кезде ипотекалық бум басталды және ол жалғасып жатыр. Түрлі жеңілдетілген бағдарламалар бойынша тағы біраз шығындар базалық ставканың жанынан өтіп кетіп жатыр. Осылайша, ставканың шығындарды тежеуге әсері тек экономиканы несиелендіруге ғана әсер етеді, нәтижесінде экономика өспейді. Екінші жағынан, инфляцияның өсуінің негізгі арнасы — курстық арна. Өсудің негізгі үлесін біз Ресейден импорттаған өнімдер құрады және 1 Ресей рублі үшін 9 теңгеге дейін бағамның өсуіне байланысты олар баға бойынша пропорционалды түрде өсті. Базалық мөлшерлеме Ресей импортының бағасына мүлдем әсер етпейді.
Ол не нәрсеге әсер етеді?
Ол мәселен, айналым капиталына әсер етеді. Импорттық-экспорттық қызметпен айналысатын трейдерлер кредит желілері мен айналым капиталына деген қолжетімділікті жоғалтады. Несиенің үлкен құнына байланысты көптеген адамдар бос қоймалармен жұмыс істейді, яғни ресурстарды тарту тиімсіз және оны бағаға ауыстыру инфляцияны одан әрі арттыруды білдіреді.
Бірақ осындай жоғары ставка жағдайында депозиттер тиімді болады ғой?
Иә, әрине. 15 пайыздан басталатын депозиттер әлемде сирек кездеседі. Ұлттық банк депозиттердің жұмсалмауын және инфляцияны үдетпеуін қамтамасыз ету керектігін бірнеше рет айтқан. Бірақ ақпанда жарияланған 10 пайыздық сыйлықақының арқасында депозиттер бойынша жиынтық табыстылық келесі наурызға қарай шамамен 20-22 пайыз болады. Осылайша, депозиттер қазір сенімді қорғалып тұр. Оларды теңгеге деген сенімді арттыру арқылы ғана одан да күшті етіп сенімді қорғауға болады, ал бұл өте қиын.
Теріс базалық ставка салдарынан Түркияда дағдарыс туындаған жоқ па?
Қазір 83 елдің 70-інде нақты ставкалар теріс болып тұр. Меніңше, бұл соншалықты қорқынышты нәрсе емес. Әсіресе дағдарыс жағдайында, бағаның төмендеуін ғана емес, экономикалық өсуді де ынталандыру қажет.
Бірақ Ұлттық банк экономикалық өсімге жауап бермейді ғой?!
Ол рас. Ұлттық банк тек инфляцияға таргет жасауға жауап береді және бұл міндетін өте әлсіз атқарып жатыр. 4-6 пайыз таргет жағдайында базалық ставканың қарқынды өсуіне қарамастан қазіргі инфляция 14,5 пайыз болып тұр. Бұл кітапта жазылған қағидалардың Қазақстанда оңайшылықпен орындала қоймайтынын көрсетеді. Тап қазір Ұлттық банкке тағы бір мандат жүктеудің қисыны жоқ. Бірақ орта мерзімді перспективада бұл мәселені ойланып көруге болады. Себебі, Ұлттық банктің өзі орта мерзімді перспективада ақша-несие саясаты жөніндегі комитетке тәуелсіз эксперттерді тартамыз деп уәде берген еді. Ең бастысы қаржылық реттеуші нақты теріс ставкадан қорықпай, базалық ставканың әрі қарай көтеріле беруі бізді инфляциядан құтқарып қала алмайтынын түсінуі керек. Базалық ставка дәл қазір инфляцияға еш әсер ете алып тұрған жоқ.