Экотуризмді дамытудың жолы қандай?

Жарияланды
АҚШ-та бір жылдағы экотурист саны 200 млн адамды құрайды

Соңғы жылдары ерекше сипат алып, танымал бола бастаған бағыт – экотуризм. Оның ерекшелігі сол, экотуризм – табиғат аясындағы демалысқа жауапкершілікпен қарауға басымдық береді. Тек саяхаттап қана қоймай, қоршаған ортаны аялау, тиісінше тек махаббатпен қарап қоймай, табиғатты жақсарта түсуге үлес қосу. Қазір әлемдегі жалпы туризмнің 25 пайызын экологиялық туризм құрайды. Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегіне сәйкес, экотуристер саны жыл сайын 20 пайызға көбейіп келеді.

Жақында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов аясында ішкі туризмді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, оған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері және туристік саланың бірқатар инвесторлары қатысты. Тоғжанов елімізде туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын, сәйкесінше ішкі туризмді өркендетуге үкіметтің қажетті жағдай ұсынуға даяр екенін атап өтті.

«Ұлттық парктердің көбі шоғырланған Алматы өңірі экотуризмді дамытудың негізгі бағыты екені анық. Бұған статистикалық деректер де дәлел. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Алматы кластерінің аумағындағы үш ұлттық паркке келушілер саны оның алдындағы жылдар көрсеткіштерінен асып түсті. 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша да ұлттық парктерге келушілер саны артқан. Мұның бәрі экотуризмнің дамып, аталған мәдениеттің халық арасында кеңінен таралып келе жатқанын байқатады. Сонымен қатар биоалуантүрлілікті сақтап, табиғат объектілеріне зиян келтіруге жол бермеу керек» деп атап өтті вице-премьер.

Кеңес аясында Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев ел туризмінің негізгі көрсеткіштері туралы баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 6,9 миллион болды, бұл 2020 және 2019 жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш болып отыр.

«Біз әзірлеген eQonaq жүйесінде 6 мыңнан астам қолданушы тіркелген, олардың қатарында қонақ үйлер, туроператорлар және жеке тұлғалар бар. Жүйенің арқасында министрлік туристердің қайдан келетінін, олардың жасы мен жынысын, қанша уақыт тұратынын, олардың қандай маршрутты таңдайтынын біле алады. Бұдан бөлек, шетелдік азаматтың Қазақстанда неше рет болғанын және оның қалауларының қалай өзгергенін көруге болады. Жалпы, туризм жақсы дамып келеді. Шетелдік қонақтар саны артып келеді. Жыл соңына дейін елге 700 мыңға жуық шетелдік турист келеді. 28 елмен 107 бағыт бойынша халықаралық қатынастар қалпына келтірілді, сондай-ақ 77 елдің азаматтары үшін визасыз режим қалпына келтірілді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық парктерге барушылар саны 1,5 миллион адам болды. 2022 жылдың соңына дейін ұлттық парктерге келушілердің санын 1,6 млн-ға дейін арттыру жоспарланып отыр» дейді вице-министр.

Kids Go Free бағдарламасын іске асыру аясында тегін ұшқан 385 баланың әуе билеттерінің құнын өтеу үшін туроператорлардан 192 өтінім қаралды (08.07.2022 жылғы жағдай бойынша).

Биыл 1 000-нан астам бала осы бағдарлама бойынша жазғы маусымда отбасымен бірге саяхаттамақ.

Осы жылдың соңына дейін негізгі капиталға түсетін инвестицияларды 708 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр екен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 31 мыңнан астам адам туризм саласына жұмысқа тартылған.

Шетелдік туристер үшін туроператорларды субсидиялау, балалар әуе билетінің құны және СМУ-ды күтіп ұстау, тау шаңғысы жабдықтары мен туравтобустарды сатып алу, туристік және жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына кеткен шығынды өтеп беру бойынша мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру басталды. Ішкі туризмді ілгерілету үшін NeoNomad акциялары ұйымдастырылып жатыр, ол ішкі туристерді еліміздің 20 өңірін аралауға ынталандырады.

Сондай-ақ кеңесте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров сөз сөйледі. Ол қалалық әуежайға қосымша терминал салу арқылы туристер санын арттыру жоспарлары туралы айтты. Оған қоса, қаланың әлеуетін ескере отырып, MICE туризмін дамыту қажеттілігіне баса назар аударылды.

Алматы облысының әкімдігі ауыл шаруашылығы жерлерінің иелеріне туризммен айналысуды ұсынды. Жердің бастапқы мақсатын өзгертпей, оны осы салаға пайдалануға болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі автомобиль көлік құралдарының ұлттық парктер аумағына кіруі үшін ақы алу процесін цифрландыруды ұсынды. Сондай-ақ ұлттық парктер аумағындағы инвестициялық жобаларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу мәселелері айтылды.

Кеңес барысында инвесторлар ұлттық парктерде жобаларды іске асыру туралы хабардар етті және экотуризмді дамыту бойынша ұсыныстар енгізді. Ералы Тоғжанов инвесторларға жан-жақты жауап беріп, оларға осы бағыттағы кездесулерді жиі өткізіп, мәселелерді талқылап, елдің ішкі туризмін дамыту мәселелері бойынша бірлесіп шешімдер қабылдауды ұсынды. Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге инвесторларға жәрдем көрсетіп, инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмысты жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

QazaqGeography басқарма төрағасының орынбасары Артур Әбубәкіров қазір консорциум ретінде Алтын-Емел, Шарын, Ұлытау ұлттық парктерінің инфрақұрылымымен жұмыс істеп жатқандарын айтады.

«Біздің жобамыздың маңызды бөлігі – жергілікті халықпен жұмыс істеу және олардың әл-ауқатын жақсарту. Олар үшін семинар мен тренингтер ұйымдастырылды, бұл олардың парк жанында бизнес құруына мүмкіндік береді. Мысалы, қонақ күтетін үйлер ұйымдастырып, өндіріс бастап, кәдесый өнімдері мен тамақ өнімдерін сата алады. Қазіргі кезде Алтын-Емел мен Шарын ұлттық парктерінде сусыз экодәретханалар, су ішетін субұрқақтар, көлеңкелі шатырлар пайда болады. Бұл туристердің қолайлы жағдайда жүруіне көмек береді. Шарынның кейбір бөліктерінде ұялы байланыс желісі ұстайды, келешекте барлық территориясын қамтымақ. Сонымен қатар екі парктің аумағында ыңғайлы навигация қалыптасты. Бұл туристердің емін-еркін қыдыруына жағдай жасайды. Мұндай жағдай Алтын-Емелде де жасалып жатыр» дейді Әбубәкіров экотуризмнің ұлттық парктерде қанат жайып жатқанына орай пікір білдіріп.

Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің мәліметі бойынша, бізде ерекше қорғалатын табиғи аумақ көлемі 26 млн гектарды құрайды. Бірақ жыл сайынғы турист саны 2 миллионға әрең жетеді. Бұл көрсеткіш АҚШ-та – 200 млн адам болса, Аустралияда – 60 млн. Олар бұл жетістікке ұлттық парктерді жүйелі дамытудың, экотуризм бойынша тиісті заңнамалық актілерді жетілдірудің және соны лайықты орындай алудың арқасында қол жеткізген.

Қазір Қазақстанда жалпы аумағы 2,5 млн шаршы метр болатын 14 ұлттық парк бар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының басшысы Ерқұлан Дүйсекеевтің сөзінше, соңғы жылы ұлттық парктер аумағына 1,5 млн адам барған. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Дүйсекеевтің айтуынша, біз ұлттық парктерде блемпинг, кемпинг және бизнес-орталықтар құрғанда және халықаралық тәжірибені ескере отырып тиісті қадамдар жасағанда ғана экотуризм дамиды.

Сондай-ақ оқыңыз