Қазақстанда алимент рәсімдеу процесі қалай жүреді?
Ерлі-зайыпты адамдар екіге кетсе де, ата-ана ретінде арадағы балаларына материалдық көмек беруі заңмен міндеттеледі. Яғни бала кімнің қолында қалатын болса, сол тарапқа ай сайын табысының белгілі бір бөлігін беріп отыруы керек. Кейде екеуара келісім жасау оңай болады. Ал енді бір жағдайларда алименттен қашатын оқиғалар да кездеседі. Қазақстандағы алимент мәселесінде не ескеру керек, заң не дейді, көлемі қандай және қалай рәсімдейді? Бұл туралы бүгінгі материалымыздан біле аласыздар.
Алдымен қай заңмен реттелетініне тоқталсақ. Неке және отбасы кодексіне сәйкес, алимент дегеніміз — бір адамның оны алуға құқығы бар адамға төлеуге міндетті ақысы. Баланы асырау ата-ананың міндеті болғандықтан, ажырасса да ол міндет мойнында қала береді. Қамқорлыққа алынған немесе патронаттық тәрбиедегі балалар, асырап алған балалар үшін де алимент төленеді. Өйткені Кодекстің 6-бабына сәйкес, балаға алимент ретінде берілетін тиісті сома баланың ата-анасына не басқа заңды өкілдеріне түсіп отырады да, ол қаражат баланы асырауға жұмсалады.
Алимент кімдерге төленеді?
Ата-ана ретінде баласын асырауға міндетті болғандықтан, алиментке қатысты бір шешімге келген дұрысырақ. Яғни Кодекстің 20-бөлімінде көрсетілгендей, екеуара келісімге келуіне болады. Ал енді бала үшін ақша төлегісі келмесе, бала кімнің қолында қалса сол тарап сот арқылы өндіріп алуға болады. Негізі некені бұзуға өтініш берген кезде сотта кәмелетке толмаған балалардың кімнен тұратыны, балаларды және еңбекке жарамсыз зайыбы асырауға алиментті қалай төлейтіні, қандай мөлшерде болатыны, мүлікті қалай бөлетіндерін қарастырады. Егер ерлі-зайыпты мұндай келісім жасаспаса, шешімді сот шығарады. Алиментті келісімге аясында төлесе, ол ерікті деп аталады. Ал енді сот бұйрығы яки берілген талап-арыз арқылы жасалса, мәжбүрлі болады. Алименттен бөлек ата-аналарды баланы асырауға қосымша сомалар да алынуы мүмкін.
Бұрынғы ерлі-зайыптылардың біріне төленетін алименттер
Кодекстің 147-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылар бір-бірін материалды қолдауға міндетті. Баланы асырауға қаржыдан басқа ері немесе зайыбын немесе бұрынғы ері немесе зайыбын асырауға қаржы талап етілетін бірқатар жағдай бар. Егер келісім болмаса, онда алименттерді төлетуге сотқа талап-арыз бере алады:
- еңбекке жарамсыз мұқтаж ерлі-зайыптының бірі;
- жүктілік кезінде зайыбына және ортақ бала туғаннан бастап 3 жыл ішінде;
- 18 жасқа толғанға дейін ортақ мүгедек-баланың күтімін жүзеге асыратын мұқтаж зайыбы, сондай-ақ ортақ балаға 18 жасқа толуы бойынша І-ІІ топты мүгедектік анықталған жағдайда.
Алимент мөлшерін және төлеу тәртібін сот анықтайды. Көп жағдайда сот бұрынғы зайыбына алимент төлеуден бас тартуы мүмкін. Атап айтқанда, егер еңбекке жарамсыздық спирт ішімдіктерін, есірткі заттарын, психотроптық заттарды шамадан тыс қолдану нәтижесінде немесе олар қасақана қылмыс жасағанда орын алса; некенің сақталмауына байланысты (5 жылға дейін) және егер алименттерді төлеуден бас тартатын ерлі-зайыптының бірі өзін лайықсыз ұстаса төлеуден бас тартады.
Кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз балаларға алименттер
Кодекстің 143-бабына сәйкес, еңбекке жарамды ата-аналар көмекке мұқтаж өздерінің кәмелетке толған еңбекке жарамсыз балаларын асырауға міндетті. Бұл жағдайда келісім болмағанда алименттер мөлшерін сот отбасының материалдық жағдайына байланысты анықтайды. Егер ата-аналарының арасында келісім болмаса, онда төлем тәртібі мен мөлшерлерін сот анықтайды, бұл жағдайда екі ата-анасының да материалдық жағдайы және өзге шарттары ескеріледі. Алименттер нақты шығындарға, сондай-ақ алдағы, болашақта талап етілуі мүмкін шығындарға да талап етілуі мүмкін.
Кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарын асырауына алименттер
Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз мұқтаж өз ата-аналарын асырауға және оларға қамқор болуға міндетті. Егер балалар еңбекке жарамсыз ата-аналарын келісім бойынша ерікті асырай алмаса, онда ата-аналар сотқа алименттерді талап етуге өтініш бере алады. Мұнда бір, сондай-ақ барлық балаға беруге болады, алайда өз міндеттемелерін орындамаған ата-аналар соттың оң шешімін алуы екіталай, ата-ана құқығынан айрылған ата-аналар осындай алименттерге мүлде үміткер бола алмайды. Егер ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында алименттерді төлеу тәртібі және мөлшері туралы келісім құрастырылса, онда іс жүзінде төлем келісуге сай келуі керек. Егер алименттерді төлеу туралы келісім болмаса, онда Кодекстің 139-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған балаларға алиментті ата-анасы сотпен төлетеді.
Алименттердің мөлшері
- бір балаға – ата-анасының еңбекақысының немесе өзге табысының (1/4) төрттен бірі;
- екі балаға – ата-анасының еңбекақысының немесе өзге табысының үштен бірі (1/3);
- үш және одан да көп балаларға – ата-анасының еңбекақысының немесе өзге табысының жартысы (1/2);
- кейбір жағдайларда осы үлестер мөлшері тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайын және басқа балалар және өзге де назар аударатын жағдайларды ескерумен азайтылуы немесе ұлғайтылуы мүмкін;
- алимент төлеушінің жалақысынан ұстап қалудың жалғыз шектеуіші — «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 95-бабы, оған сәйкес борышкерде жалақысының немесе өзге де табысының кемінде жартысы сақталуы тиіс. «Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақының және өзге де кiрiс түрлерiнiң бекітілген тізбесі бар, онда кәмелетке толмаған балаларды асырауға алименттерді ұстау жалақының барлық түрінен (ақшалай сыйақы, асырау) және ата-анасы алатын өзге де табыс түрлерінен жүргізілетіні көрсетілген. Мұнда қай валютада болатыны еш маңызды емес. Осылайша, алименттер мыналардан ұсталады:
- қызметкерлерге нақты жұмыс істеген уақыты үшін немесе орындаған жұмысы үшін еңбек ақы төлеу жүйесінде көзделген белгіленген лауазымдық айлықақыларға (мөлшерлемелерге) байланысты есептелген жалақыдан;
- еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген қосымша ақылар мен үстеме ақылардың барлық түрінен, сондай-ақ еңбек ақы төлеу қоры шегінде үнемделген қаражат немесе тиісті мекемені қамтуға көзделген қаражат есебінен алынатын үстеме ақылардан;
- еңбек ақы төлеу жүйесінде көзделген сыйлықақылардан (ақшалай сыйақылардан);
- «Атқарушылық Іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабының 7-тармағымен көзделген;
- демалыс уақытында сақталатын жалақыдан, сондай-ақ бірнеше жылғы демалыстарды қосқан жағдайда ғана пайдаланылмаған демалысқа төленетін ақшалай өтемақыдан;
- комиссиялық сыйақыдан (сақтандыру агенттеріне, брокерлерге);
- азаматтық заңнамаға сәйкес жасалатын және бір жолғы сипаттағы емес шарттар бойынша орындалған жұмыстар, ұсынылған көрсетілген қызметтер үшін алынған кірістерден;
- авторлық сыйақы төлемдерінен;
- зейнетақы төлемдерінің барлық түрінен, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабымен көзделген жәрдемақыларды қоспағанда, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан, атаулы әлеуметтік көмек сомаларынан;
- білім беру ұйымдарында білім алушыларға төленетін стипендиялардан;
- заңды тұлға құрмай кәсіпкерлікқызметпен айналысудан түскен кірістерден;
- мүлікті жалға беруден түскен кірістерден;
- бағалы қағаздар бойынша түскенкірістерден және заңды тұлғаның мүлкін басқаруға қатысудан түскен басқа да кірістерден;
- «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1) тармақшасымен және «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1-тармағының 2-тармақшасымен көзделген кірістерден жүргізіледі.
Сонымен бірге әскери қызметкерлерден, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарының қызметкерлерінен алименттерді төлету қызметтік міндеттерді орындаумен байланысты олар алатын, келесі төлем түрлерінен жүргізіледі:
- лауазымдық жалақыдан, әскери, арнайы атақ бойынша берілетін жалақыдан, арнайы атақ немесе сыныптық шен үшін қосымша еңбекақыдан және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстеме ақыдан;
- «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1) тармақшасымен және «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының тармақшасымен көзделген;
- еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты әрі біржолғы сипаттағы және тиісті органды қамтуға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен алынатын сыйақылардан (ақшалай сыйақылардан);
- тиісті органды ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен алынатын үстеме ақылар мен қосымша ақылар сомасынан;
- мертіккен жағдайда төленетін бір жолғы өтемақыны;
- зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмыс үшін өтемақы төлемдерін;
- табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жою кезінде экологиялық әсерден зардап шеккендерге төленетін ақшалай соманы;
- тұрғын үйді жалдағаны (жалға алу) үшін мақсатты өтемақыны;
- жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына алушыға төленетін ақшалай өтемақыларын;
- кепілдік берілген тегін медициналық көмектің көлемі шегінде емделуге жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
- қызметі бойынша ауысқан, әскери қызметтен шығарылған кезде, стационарлық емделуге барған және кері қайтқан кезде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша көлікпен жол жүруге, сондай-ақ қызметі бойынша ауысқан және әскери қызметтен шығарылған кезде он тоннаға дейін жеке мүлікті тасымалдауға жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
- пошта жөнелтілімдеріне арналған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
- оқуға жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
- іссапарға жіберілген қызметкерлерге берілетін өтемақы төлемдерін;
- коммуналдық көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстарды төлеу үшін төленетін ақшалай өтемақыларды;
- әскери қызметшілердің көрсетілетін қызметтерге, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауымен байланысты келтірілген шығындарын өтеумен байланысты өтемақы төлемдерін;
- әскери-оқу, арнайы оқу орындары курсанттарының(тыңдаушыларының) лауазымдық жалақыларын (стипендияларын) қоспағанда, барлық өтемақы түрлерінен жүргізіледі.
Заң алименттер ұсталуға тиіс табыстың ең төменгі немесе барынша көп сомасының шамасын белгілемейді, себебі алименттер ресми расталған табыстың кез келген сомасынан ұсталуы тиіс. Егер келісімге келу мүмкін болмаса немесе тараптардың бірі алименттерді төлеуден бас тартса, онда сотқа өтініш беріп, алименттерді мәжбүрлі төлеткізуге болады. Ол үшін жауапкер-ері немесе зайыбының тіркелу орны бойынша міндетті түрде сотқа талап арызбен жүгіну қажет.
Алиментті қалай рәсімдейді?
Сотқа алименттерді төлетуге өтініш беру үшін мынадай құжаттар қажет:
- Алименттерді төлеу туралы талап өтініш, сондай-ақ жауапкер үшін оның көшірмесі.
- Жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы.
- Талаптар негізделетін жағдайларды растайтын құжаттар, жауапкер және үшінші адамдар үшін, егер оларда мыналар болмаса келесі құжаттардың көшірмелері: неке туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, баланың туу туралы куәлігі, әкелікті анықтау туралы куәлік және нақты жағдайға байланысты басқалары. Нақты жағдайларға байланысты өзге де құжаттар талап етілуі мүмкін.
Алиментті жалақыдан ұстау әдетте ұйым бухгалтерінің басшылығында болады. Алиментті ұстау және аударуға мыналар негіз болады: нотариалды расталған келісім, сот бұйрығы немесе атқару парағы. Алименттерді аудару алимент төлеушінің өзге табысынан немесе еңбекақысын алғаннан кейін 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырылуға тиіс. Сот орындаушысы алименттердің дұрыс ұсталуын, уақытылы жүргізілуін жүйелі түрді бақылауында ұстауы керек. Атап айтқанда, кем дегенде тоқсан сайын және талап етушінің өтініші бойынша кез келген уақытта тексеріс жасайды. Кодекстің 75-бабына сәйкес, егер ата-анасы ата-ана ретіндегі міндеттерін орындаудан бас тартса, соның ішінде алименттерді төлеуден қасақана бас тартса, онда олар ата-ана құқықтарынан айрылады.