Жаңалықтар

ҚазМұнай Газ-дың IPO-сында жеке инвесторларға басымдық беріледі

Осылайша жеке инвесторлардың қызығушылығын арттырмақ

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ IPO аясында жеке инвесторлардың шот ашу мен өтінім беруіне көбірек уақыт бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы 13 шілдеде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары – қаржы директоры Дәурен Қарабаев қоғамдық талқылау барысында айтты.

«Осы жерде айта кететін жайт, біз инвесторларға, әсіресе жеке инвесторлардың шот ашу және өтінім беруіне сәл ұзағырақ уақыт бөлуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, бұған Қазақстанның заңнамасы мен биржа ережелері мүмкіндік береді. Бұл өтінімге дайындалуға көбірек уақыт қажет ететін жеке инвесторларды тартуда да маңызды рөл атқарады деп үміттенеміз» деді ол.

Оның айтуынша, «ҚазМұнайГаз» Қазақстанның қор нарығында ұзақ мерзімге қатысуға бел буып отыр.

«Біз компания инвесторларға тартымды және сәйкесінше дивиденд төлеуге мүмкіндігі  бар есептейміз. Мысалы, биыл біз барлық акциялар пакеті бойынша рекордтық деңгейде дивиденд төледік және келешекте де осы қарқынды сақтаймыз деген үміттеміз. Әрине, көп нәрсе мұнай бағасы мен ақша ағынына байланысты» деді Қарабаев.

 Сонымен қатар, жергілікті IPO – KASE  мен AIX -тегі листинг ең алдымен қазақстандық инвесторларға бағытталған. Ал шетелдік инвесторлар халықаралық биржалардағы листингке қатыса алады.

Бұған дейін  IPO-сы 2021-2025 жылдарға жоспарланған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның  екі компаниясы өз акцияларын инвесторларға 2022 жылы ұсынатыны айтылған еді. Қазақстандық брокерлер әл-ауқат қорының құрамындағы компаниялар бағалы қағаздарының халықаралық алаңдарға шығарылатынын және жергілікті  жеке инвесторларға басымдық берілетінін ескере отырып, акция пакетінің кемінде 20 пайызы нарыққа шығарылады деп күтіп отыр