Маусым айында Ұлттық қордан 578 млрд теңге алынған
Маусым айында Ұлттық қордан 578 млрд теңге трансфер бөлініп, қордың валюталық активтері 2 млрд АҚШ долларына төмендеп, 51,9 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді.
Ұлттық қор активтерінің төмендеуі акциялар бағасының айтарлықтай құлдырауына және АҚШ долларының нығаюына байланысты болды. Ұлттық қордың төмендеуіне Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу де әсер етті.
«Биылғы жылғы маусымда трансферттер көлемі 578 млрд теңгені құрады. Трансферттердің едәуір бөлігі Ұлттық қордың теңгедегі шотындағы қалдықтар, сондай-ақ қорға теңгедегі түсімдер есебінен бөлінді. Сонымен қатар, ішкі валюта нарығында 438 млн АҚШ долларына активтер сатылды, бұл – 199 млрд теңгеге балама сома. Ұлттық қордан сату үлесі Қазақстан қор биржасындағы валюталық сауда-саттықтың жалпы көлемінің 20,7%-ын құрады» деді Әлия Молдабекова.