Кәсіпкерлер электронды шот-фактура қолданысына қатысты салық кодексіне енгізілетін өзгерістерге қарсылық білдірді. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының талқылауында айтылды. Жиынға қатысқан кәсіпкерлер электронды шот-фактура көшірмесіне шектеу енгізу адал жұмыс істеп отырған кәсіпкерлердің ісін қиындататынын алға тартты. Себебі олар өзінің адал табысын дәлелдеп отыруға мәжбүр болады, деп хабарлады ұлттық палатаның баспасөз қызметі.
Ал мемлекеттік кірістер департаменті бұл норма бизнеске кедергі келтірмейтінін, жұмыс тоқтап қалмайтынына кепілдік беріп отыр. Департамент мәліметінше, бұл норма енгізілгенімен, шағым түсіру қағидаттары сақталады. Ведомство төрт жыл бойы жүргізілген пилоттық жоба Салық кодексіне толықтыру енгізумен аяқталатынына сенімді. Ал бұл өзгерістер көлеңкелі экономика үлесін азайтуға бағытталған.
Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, пилоттық жоба қорытындысы бойынша 8,5 мың салық төлеуші 6,4 триллион теңгеге жуық сомаға жалған шот-фактура көшірмесін жасаумен айналысқаны анықталды. Екі мың компанияның тіркеуі жарамсыз немесе олар бір триллион теңгеге жасасқан мәміле жарамсыз деп танылды.
Мемлекеттік кірістер департаменті шоты бұғатталған кәсіпкерлердің 80%-ға жуығы өз кінәсіздігін дәлелдеуге келмегенін хабарлады, яғни олар бір күндік компания ретінде жұмыс істеген.
Ал Ұлттық палата бұл түзетулер жағдайды нашарлатады деп есептейді. Олар электронды шот-фактура көшірмесіне шектеу қою және «электронды шот-фактураның ақпараттық жүйесінде электронды шот-фактура көшірмесіне шектеу» түріндегі уақытында орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз етудің жаңа әдісін енгізуді құптамайды. Себебі жаңашылдық салық төлеушілер салық міндеттемесін орындамаған жағдайда олардан салық қарызын күштеп өндіріп алуға әкеледі.
«Кәсіпкерлер кінәлі емес екенін дәлелдемеуі керек! Салық кодексінде кінәсіздік презумпциясы жарамсыз. Сот кәсіпорын кінәлі деп танымайынша кәсіпкер соттан өзгеге адал, кінәсіз екенін дәлелдеп жүгірмеуі керек».
Наталья Кузнецова, Қазақстан қаптаушылары қауымдастығы өкілі
ҰКП мамандарының айтуынша, ұсынылған түзетулер салық төлеушіні сот қорғауынан айыруға бағытталған.
Айта кетейік, Салық кодексіне түзетулер президент тапсырмасы бойынша көлеңкелі экономика үлесін азайту және жалған шот-фактура көшіріп беретін бір күндік фирмалармен күресті күшейту үшін енгізіледі.