ҰҚК жыл басынан бері 2 террорлық актінің алдын алған

Жарияланды
Экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталған

Жыл басынан бері ҰҚК экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адамды ұстап, 2 терролық актінің алдын алған. Бұл мәліметтерді Президент Қ.Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында келтіріп өтті.

Ақорда сайтының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында ҰҚК органдарының ардагерлерін, офицерлері мен қызметкерлерін құттықтаған.

Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдарының екі мыңыншы жылдары терроризм мен радикалды діни экстремизмге қарсы күреске қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Сыртқы барлау қызметінің ұлттық мүддені қорғау жолында өз міндетін табысты орындап келе жатқаны және Комитеттің «А» арнаулы қызметі мен Шекара қызметінің жұмыстары туралы айтты.

– Жыл басынан бері Комитет қызметкерлерінің тиімді жұмысының арқасында экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталды. Екі терролық актінің алдын алды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Ұлттық қауіпсіздік органдары полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады, бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Нәтижесінде 700-ге жуық қару-жарақ, 54 граната, 17 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Жарты жылдың ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды, 3 есірткі плантациясы әшкереленді. Шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес аясында 14 халықаралық арнайы операция жүзеге асырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз