Әр дағдарыс – өзінше бөлек. Кез келген дағдарыстың әсер ету нәтижесі біркелкі, алайда туындау себебі әр алуан. Жақында Bloomberg агенттігі қазіргі қаржы дағдарысын 2008 жылғы жаһандық дағдарыспен салыстырып, айырмашылықтарын анықтаған зерттеуді жариялады.
Инфляция
Қазір тұтынушылық инфляцияның рекордты межеге жетуі бүкіл әлемде анық байқалып отыр. Тіпті АҚШ пен ЕО елдері де қымбат инфляциямен бетпе-бет келді. Сондай-ақ жоғары инфляция деңгейі Жапония, Швейцария сияқты елдерде де байқалуда. Айта кетейік, соңғы аталған екі елде бұған дейін қымбатшылық деңгейі өте төмен болып келген еді.
АҚШ-тағы еңбек нарығы
Қазір құрама штаттарда жұмыссыздық деңгейі 3,6 пайызды құрап тұр. 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін, 2013 жылдың қаңтарының өзінде ол жақтағы жұмыссыздық деңгейі 8 пайыздан асқан еді.
Еуропалық күйзеліс
Бұрынғы дағдарыс уақытында неміс экономикасы жанданып, бойына қан жүгіре түсті. Ал шалғай мемлекеттер терең дағдарысқа тап болды. Ал қазіргі дағдарыс жағдайында энергия тасымалдау бағасының қымбаттауымен және Ресей газын алмастыру мәселесіне байланысты неміс өнеркәсібіне үлкен салмақ түсіп тұр деп айтуға толық негіз бар. 2012 жылы Германия сауда балансының ғажайып профицитіне ие болған еді. Ал қазір ол елде айқын тапшылық сезілуде.
Италия сияқты еуропалық шеткері елдер Германияға қарағанда облигациялар нарығында қарыз алу үшін бұрынғысынша жоғары баға төлейді. Бірақ Еуропалық Орталық банктің арқасында жағдай өткен онжылдықпен салыстырғанда біршама тұрақты. Италия мен Германияның 10 жылдық облигациялары арасындағы спред (биржа мәмілесіне байланысты айырмашылық) 2012 жылға қарағанда әлдеқайда аз.
Тұтынушылық сенімділік
2006-2007 жылдары тұтынушылық дефолт көрсеткіштері күрт өсті де, оның соңы қаржы дағдарысына ұласты. Содан кейін де бірнеше жыл бойы бұл көрсеткіш жоғары деңгейде қалып кетті. Қазір біз ондай ештеңені байқап отырған жоқпыз.
Тұрғын үй нарығы
Әрине, тұтынушылық картинадағы үлкен айырмашылық тұрғын үймен байланысты. 2006 жылдың басында тұрғын үй бағасы құлдырай бастады. Қазір біз тұрғын үй секторындағы кейбір әлсіздіктерді байқаудамыз, бірақ АҚШ-тағы тұрғын үй бағасының көрсеткіштері әлі төмендей қойған жоқ. Осыған дейінгі кризисте банкротқа ұшыраған тұтынушылар немесе қаржылық міндеттемелерді орындай алмаған үкіметтер болсын, әлем негізінен ақша тапшылығынан зардап шекті. Ал қазіргі жағдайда күйзеліс негізінен нақты заттардың жетіспеушілігінен туындап жатыр. Мәселен, бірінші кезекте энергия көздерінің тапшылығынан.
Капитал
2007 жылдың көктемінде АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі кенеттен көтеріле бастады. Бірнеше айдан соң S&P 500 өз шарықтау шегіне жетті. Қазір акциялар осымен сегізінші ай қатарынан құлдырауда тұр, ал жұмыссыздық деңгейі өсетін емес.
Өнеркәсіптік өндіріс
АҚШ-та өнеркәсіптік өндіріс 2008 жылдың басында құлдырады. Ал осы жылдары ол өзінің жаңа максимумдарын бағындыруда. Атланта ФРЖ жалақыны бақылау деректеріне сәйкес, төмен жалақы алатын жұмысшылардың жалақысының өсуі жоғары жалақы алатын жұмысшылардың жалақысының өсуінен айтарлықтай асып түсті. Бұл 2008 жылдан кейінгі жағдайдан мүлдем өзгеше.
«Әлем экономикасы рецессияға ұшыраса да, ұшырамаса да, алдыңғы дағдарыстардан бөлекше болары сөзсіз. Өйткені қазіргі кризис мүлде басқа ортада, мүлде басқа әсер ету жағдайларында қалыптасып жатыр. Бұл дағдарыстың өзіндік стресі мен қысым нүктелері бар» деп жазады агенттік.
Citigroup сарапшыларының айтуынша, жаһан экономикасының рецессияға ұшырау ықтималдылығы 50 пайыз деңгейінде. Өйткені барлық елде тұтынушылық инфляция өсіп, орталық банктер базалық ставканы көтеріп, бұл жағдай экономикалық өсімді айтарлықтай тежеп жатыр.
«Тарихи тәжірибе инфляцияның баяулауы көбінесе экономикалық өсуге айтарлықтай шығын әкелетінін көрсетеді және біз рецессия мүмкіндігі 50 пайызға жақындады деп есептейміз. Орталық банктер «жұмсақ қонуды» немесе «тым қатты емес қонуды» жүзеге асыра алар, дегенмен, бұл ұсыныс дағдарысының жеңілдеуін және сұраныстың тұрақты болуын талап етеді», дейді банктің экономистер командасын басқаратын Натан Шитс.
Citigroup болжауынша, жаһан экономикасы 2022 жылы 3 пайызға, 2023 жылы 2,8 пайызға өседі. Банк өкілдерінің пікірінше, егер әлем экономикасында шынымен рецессия орын алса, онда ол ең бірінші кезекте жұмыссыздық бірнеше пайыздық тармаққа дейін өсуімен және бірнеше тоқсан қатарынан ішкі жалпы өнімнің төмендеуімен байланысты болады.
Ал Халықаралық валюта қоры әлемдік рецессия 2023 жылы басталады деп болжайды. ХВҚ басшысы Кристалина Гергиеваның айтуынша, Ресейге салынып жатқан санкциялар, Қытайдағы экономикалық өсімнің тоқтауы және инфляцияның жаппай таралуы – жаһандық құлдырауға себеп болады.
«2022 жылы қиын болады, бірақ 2023 жыл одан да ауыр тиетін түрі бар. 2023 жылы рецессия тәуекелдері өсе түседі. ХВҚ жақын апталарда өзінің әлемдік экономика өсіміне қатысты болжамын үшінші рет төмендетеді. Нақты цифрларды қор сарапшылары анықтайды» дейді ол.
Еске салсақ, ХВҚ сәуірде болжамды 4,4 пайыздан 3,6 пайызға дейін төмендетті. 2022 және 2023 жылдарға арналған жаңа болжам шілденің екінші жартысында жарияланбақ. Өткен жылы әлем экономикасы 6,1 пайызға өскен болатын.