Жаңалықтар

Үкімет отставкаға кете ме? Тоқаев мәлімдемесіне сарапшылар қандай пікір білдірді?

Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

14 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, елдегі экономикалық ахуалды, шектен тыс қымбатшылықты қатаң сынға алды. Тіпті біраз министрге сөгіс те жариялады. Жалпы алғанда үкімет жұмысына орташа деп баға берген Президент, күзге қарай кадрлық өзгерістер жасайтынын да жасырған жоқ.

«Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ… Жалпы, Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беруге болады. Үкімет табандылық танытуға тырысуда. Бірақ, қазіргі кезеңде босаңсуға болмайды. Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек. Экономистер, кәсіпкерлер көп. Шетінен білімді, дарынды. Бірақ, олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті, жоқ деп айтуға болады. Күзге қарай, мүмкін, кадрлық шешімдер қабылдау керек болады. Ерекше дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екені түсінікті» деді Тоқаев.

Президент сынынан кейін бірқатар саяси-экономикалық сарапшылар пікір білдірген еді.

Ғазиз Әбішев (Abishev Analytics телеграм каналы):

«Президент Тоқаевтың сөзінен қазіргі Смайылов кабинеті дағдарысқа қарсы жедел әрекет ету тактикалық міндетін де, жаңа сапалы экономикалық өсімнің негізін қалау жөніндегі стратегиялық міндетті де орындай алмағанын аңғаруға болады. Күнделікті өзгермейтін бюрократиялық режиммен жұмыс істейді. Қыркүйек айының басында Парламент каникулдан оралып, жаңа маусымға жаңа міндеттер қойылған тұста бірқатар кадрлық мәселелерді, оның ішінде жалпы үкіметке қатысты мәселелерді қарастыру әбден орынды болар еді».

Никита Шаталов, саяси шолушы:

«Смайлов үкіметі экономикалық блок тұрғысынан алдыңғы басшылардың тәжірибесін көшіріп отыр. Экономиканы несиелеу проблемасын шеше алмады. Реформа туралы айтудың өзі қисынсыз, дағдарысқа қарсы болжамды саясат та жоқ. Министрлер мен вице-премьерлер Ақорданың көзқарасын күтіп, содан кейін ғана әрекетке кіріседі».

Асхат Қасенғали, саясаттанушы:

«Бүгінгі жиында біраз дүние айтылды. Қарапайым халық үшін аса маңыздысы менің ойымша азық-түлік бағасына қатысты тұсы. Себебі дүкенде, маркетте, базарда баға расымен шарықтап барады. Бүгін 1000 теңге тұратын зат, апта соңында 1200 теңге тұруы мүмкін. Бұл тұрғындардың қалтасына үлкен соққы. Біраз тапсырма орындалмағаны да айтылды. Менің ойымша осындай ашық формат болғаны дұрыс. Қағазда баға тұрақты, инфляция төмен, айлық өсіп жатса, ал шынайы өмірде керісінше болса, онда оның апаратын тұсы тығырық. Көзді ашып, сөредегі бағаның 100 теңге емес, қасында тағы бір нөлі барын көріп, оны реттеу үшін жұмыс жасалу керек. Үкіметтің жұмысын халық та, президент те мына критерийлермен бағалайды деп ойлаймын: халықтың қажеттіліктерді сатып алу қабілеті (азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанармай), жол, су және жарықтың қолжетімді болуы және барлық саладағы баға тұрақтылығы. Балапанды күзде санайды. Үкіметтің жұмысына баға күзде беріледі. Көреміз, күтеміз.

Олжас Құдайбергенов, экономист:

«Бүгін кеңейтілген жиын өтіп, онда көптеген мәселе қозғалып, Президент дипломатиялық тұрғыдан үкіметке орташа баға берді. Оның көпшілік алдында ұстамды баға беруге тырысатынын ескерсек, шын мәнінде үкімет жұмысына көңілі толмайтынын ескеруге болады. Екінші жағынан, мен мемлекеттік басқару жүйесі бір ғана аспектіде ғана өзгерді деп айта аламын. Отбасы факторы жойылды. Әйтпесе, әсте ештеңе өзгере қойған жоқ. Сол баяғы бюрократия, шешім қабылдаудан қорқу, өз балаларын, туыстарын қажетті қызметке көтеру. Үкіметтің бүкіл имиджіне кері әсер ететін кейіпкерлер де бар. Мәселен, премьер-министрдің орынбасары Тоғжанов жалпы ел тарихындағы өз қызметін орындай алмайтын ең нашар орынбасар болып табылады. Оған ауылды да сеніп тапсыра алмайсың. Тағы да бір осындай шенеуніктер бар. Олар өз креслосы үшін алаңдамайды, алайда өзгелерге әртүрлі лауазымды беруге атсалысып жүр. Олар барда Жаңа Қазақстан артық мүмкіндіктерге қол жеткізе алмайды».