Сіздің борышыңыз коллекторларға өтсе не істеу керек?
Егер сіз өз кредитіңізді өтеуді кешіктісеңіз, кредитор коллекторларды, яғни мерзімі өткен берешекті қайтару бойынша мамандарды тартуы мүмкін.Коллекторлар сізбен байланысса не істеу керек және олармен құқықтық салада диалог қалай құру керегі жайлы Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы төрағасының міндетін атқарушы Назгүл Естеусізова Fingramota.kz сайтына айтып берді.
Коллекторлық агенттік өз қызметін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде есептік тіркеуден өткеннен кейін ғана жүзеге асыруға құқылы. Коллекторлық агенттікте қаржы реттеушісінен лицензияның бар-жоғын Агенттіктің ресми интернет-ресурсында коллекторлық агенттіктер тізілімінен тексеруге болады.
Заңды коллекторлардан қорқудың қажеті жоқ. Олардың қызметі нысанасы кредиторға берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу, сондай-ақ берешекке байланысты ақпарат жинау жөнінде қызметтер көрсету болып табылатын шарт негізінде жүзеге асырылады. Олар ҚР Парламенті Сенатының ұсынымымен әзірленген және 2021 жылы Қазақстанда қабылданған Коллекторлық агенттік қызметкерінің кәсіптік этикасының үлгілік кодексіне сәйкес жұмыс істейді. Борыштарды қайтару үшін коллекторлық агенттіктер өркениетті және ашық тетіктерді қолданатынына қарамастан, олармен өзара іс-қимыл жасаған кезде кейбір жағдайларды білу керек.
Бірінші жағдай. Сіз өзіңіздің құқықтарыңызды білуіңіз қажет
Борышкерлер мен коллекторлардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін «Коллекторлық қызмет туралы» ҚР Заңы (бұдан әрі – Заң) 2017 жылы қабылданды. 2021 жылғы мамырда ең алдымен борышкер мен коллектор арасындағы қатынастарды өркениетті құруға бағытталған заңнамалық түзетулер енгізілді. Жалпы алғанда, қабылданған барлық нормалар қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.
Мысалы, сіз борышкер ретінде:
– кредитордан берешекті сотқа дейін өндіріп алуды және реттеуді жүзеге асыратын коллекторлық агенттік, оның орналасқан жері, өзінің дербес деректерінің бар-жоғы, берешектің мөлшері мен құрылымы туралы мәліметтер алуға;
– коллекторлық агенттіктің талаптарын толығымен де, ішінара да даулауға құқылысыз. Әрине, берешекті сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге тырысқан дұрыс.
Оны қалай жасауға болады? Коллектор сізбен хабарласып, мысалы, сіздің мерзімі өткен берешегіңіз сатып алынғанын хабарлағаннан кейін, сізге күнтізбелік 30 күн ішінде коллекторлық агенттікке банктік қарыз шартының немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту туралы жазбаша өтінішпен жүгіну қажет. Өз өтінішіңізде сіз берешектің туындау себептері, осы өтінішхатты негіздейтін расталған мән-жайлар мен фактілер туралы мәліметтерді ашуға тиіссіз. Сондай-ақ, білімі, кірістер мен шығыстардың деңгейі, отбасы құрамы, тұрғылықты жері, мүліктің болуы және кредитор сұрай алатын басқа да ақпарат туралы сенімді ақпарат беру қажет. Коллекторлық агенттік сіздің жазбаша өтінішіңізді алғаннан кейін оны күнтізбелік 10 күн ішінде банкке немесе микроқаржы ұйымына жіберуге міндетті. Кредитор сіз ұсынған банктік қарыз шартын немесе микрокредит беру туралы шартты өзгерту талаптарын күнтізбелік 15 күн ішінде қарайды және жазбаша нысанда коллекторлық агенттікке:
– келіскені туралы;
– кредит шартының талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстары туралы;
– себептерін көрсете отырып, өзгертуден бас тарту туралы хабарлайды.
Нәтижесінде, коллекторлық агенттік кредитор қабылдаған шешімді алғаннан кейін күнтізбелік 10 күн ішінде сізге ол туралы хабарлайды.
Екінші жағдай. Өз міндеттеріңіз туралы да ұмытпаңыз
Заңға сәйкес, сіз: коллекторлық агенттікке өзіңіздің тұрғылықты жеріңіздің (заңды мекенжайыңыздың) өзгергені туралы, атының, тегінің, бар болса – әкесінің атының өзгергені, жеке басын куәландыратын құжаттарының ауыстырылғаны туралы, мерзімі өткен, жоғалған жағдайда хабарлауға міндеттісіз. Егер сізде байланыс ақпараты өзгерсе, онда сіз бұл туралы коллекторға хабарлауыңыз керек. «Борыштарды өндіріп алушылардан» жасырынудың қажеті жоқ, себебі егер кредиторлар сізбен байланысқа шықпаса, олар қарыздарды қайтару үшін соттарға және кейіннен жеке сот орындаушыларына (ЖСО) жүгінуге мәжбүр болады. Әдетте, ЖСО сіздің банктік шотыңызға тыйым сала алады, мүлікті тізімдеп, тыйым сала алады. Сондай-ақ, олар «қорытынды төлем шотын» ұсына алады, онда қарыз сомасы артады. Мәселе мынада, борышкердің шығыстарына өндіріп алу сомасына байланысты мемлекеттік баж сомасы мен ЖСО қызметтерінің құны – 3% дан 25%-ға дейін қамтылады.
Сондай-ақ сіз коллекторлық агенттіктің сұрау салуы бойынша:
– кірістер мен шығыстардың деңгейі, тұрғылықты жері, Қазақстанның заңнамасына сәйкес берешекті өтеу үшін өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлкінің бар-жоғы туралы дәйекті ақпаратты ашуға;
– берешекті реттеу бойынша коллекторлық агенттікпен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
– кредитор ұсынған берешекті өтеу шарттарын 15 жұмыс күні ішінде қарауға және коллекторлық агенттікке не кредиторға өзіңізге қолайлы шарттар туралы хабарлауға міндеттісіз.
Үшінші жағдай. Сіз коллекторлардың өзіңіз туралы қандай ақпаратты ешкімге жариялауға құқығы жоқ екенін білуіңіз керек
Коллектор коммерциялық құпияға немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияға жататын ақпаратты қоспағанда, сіздің талап етуіңіз бойынша берешектің мөлшерін растайтын құжатты және коллекторлық агенттіктің берешекке қатысты өз қызметін жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктерін растайтын құжаттардың көшірмелерін беруге міндетті.
Борышкер, кредитор, берешек, банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі кредитормен міндеттемелерге байланысты үшінші тұлғалар туралы кез келген мәліметтер коллекторлық қызметтің құпиясы болып табылады. Берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттардың талаптары туралы ақпарат және коллекторлық агенттік өз қызметін жүзеге асыру кезінде алған және жасаған өзге де мәліметтер де құпия болып табылады.
Есіңізде болсын, сізге қатысты коллекторлық қызмет құпиясы сізге ғана, ал үшінші тұлғаға – сіздің жазбаша келісіміңіздің, оның ішінде банктік құпияны ашуға арналған банктік қарыз шартын немесе микрокредит беру құпиясын ашуға арналған микрокредит беру туралы шартты жасасу кезінде берілген келісім негізінде ғана ашылуы мүмкін.
Төртінші жағдай. Сіз коллекторлық агенттікпен кез келген ыңғайлы тәсілмен өзара іс-қимыл жасай аласыз
Мысалы, сіз телефон арқылы сөйлесу, жеке кездесулер, жазбаша немесе пошталық хабарламалар арқылы, сондай-ақ ұялы байланыс бойынша мәтіндік, дауыстық және өзге хабарламалар арқылы Интернет арқылы өз берешегіңіз туралы ақпарат алу үшін коллектормен байланыса аласыз.
Коллекторлық ұйымдардың жосықсыз әрекеттеріне жол бермеу үшін коллекторларға бөгде телефон нөмірлерінен қоңырау шалуға тыйым салынды. Борышкерлермен байланыс үшін коллекторлық агенттіктердің барлық телефон нөмірлері ресми тіркелген және қаржы реттеушісінің ресми тізілімінде көрсетілген.
Заңға сәйкес, сіз коллекторлық агенттіктің қызметкерлерімен өзара іс – қимыл процесін аудио-және (немесе) бейнетехника құралдарының көмегімен дербес тіркеуге құқылысыз.
Егер коллектор сізге қоңырау шалса, онда ол Сізге мынадай ақпаратты хабарлауы керек:
– коллекторлық агенттіктің атауы;
– коллекторлық агенттіктер тізіліміндегі есептік тіркеу нөмірі;
– коллекторлық агенттіктің орналасқан жері;
– өзінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
– берешекті коллекторлық агенттікке жұмысқа берген кредитордың атауы;
– кредиттік шартта көзделген берешектің құрылымы, негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының қалдығы туралы;
– сіздің жауапкершілігіңіз және банктік қарыз шартында немесе микрокредит беру туралы шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттемелер, сондай-ақ өзінің қаржылық міндеттемелерін орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары туралы.
Ал егер сіздің берешекке қатысыңыз жоқ болса, бірақ коллектор сізбен байланысқан болса, онда оны сізбен байланысқа түспеуін және нөміріңізді қоңырау шалу базасынан алып тастауды сұраңыз.
Бесінші жағдай. Коллекторлық агенттік қызметкерлерінің құқықтарын зерделеңізз
Коллекторлық агенттік:
– сіздің берешегіңізге байланысты ақпарат жинауды жүзеге асыруға, оның ішінде берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттар бойынша кредитордан құжаттарды (түпнұсқалар мен көшірмелерді), түсініктемелерді алуға;
– егер заңдарда немесе банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша қамтамасыз ету болып табылатын кепілге салынған мүлікке жасалған шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртібімен өндіріп алуға;
– сізбен немесе үшінші тараппен келісімшарт бойынша кредитормен міндеттемелермен байланысты сіз сияқты тәсілдермен өзара іс-қимыл жасау. Бұл ретте коллекторлық агенттіктің бастамасы бойынша телефон арқылы сөйлесу жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін үш реттен аспай асырылуға тиіс. Ал егер жеке кездесулер туралы айтатын болсақ, сіздің үйіңізде тұрғылықты жеріңізде немесе тіркелген жеріңізде немесе коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) үй-жайында болсаңыз, онда олар аптасына үш реттен аспай және тек жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін болуға тиіс.
Алтыншы жағдай. Сіз коллекторға шағым бере аласыз
Коллекторлық агенттіктермен даулы мәселелер туындаған жағдайда сіз Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасының https://stop-collector.kz сайтында өтінім қалдыра аласыз, +7707 573 00 00 телефон нөмірі бойынша байланыса аласыз немесе Қазақстанның коллекторлар қауымдастығына +7776 508 33 00 телефон нөмірі бойынша хабарласа аласыз.
Коллекторлық агенттіктердің ҚР заңнамасын сақтауы тұрғысынан тексеру және өз құқықтарыңызды қорғау үшін Сіз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өтінішпен жүгіне аласыз:
– жазбаша түрде мына мекенжай бойынша: А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 ш /а, 21-үй;
– egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;
– Агенттіктің Өңірлік өкілдер басқармаларына (тұрғылықты жері бойынша). Сіз Агенттіктің 1459 қысқа нөмірі бойынша немесе «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы консультация ала аласыз.