Елімізде қант қызылшасы алқаптарының азаюының негізгі себептері қандай
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысының Меркі, Жамбыл, Байзақ және Талас аудандарындағы шаруаларымен кездесті. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуге қатысқандар АӨК дамыту мәселелерін, күзгі дала жұмыстарының барысын талқылады, сондай-ақ вице-министр қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруалардың проблемалық мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.
Айта кетейік, Жамбыл облысы – Қазақстандағы қант қызылшасын өсіретін негізгі өңірлердің бірі. Өнімді қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттар да осы өңірде орналасқан.
Облыс әкімдігінің деректері бойынша, 2022 жылы қант қызылшасының егіс алаңы 6,1 мың га, ал 2021 жылы егіс алаңы 5,6 мың га құрады. Статистикалық деректерге сәйкес, 2021 жылы Жамбыл облысы бойынша өнімділігі 310,9 ц/га-нан 160,3 мың тонна (2020 жылдан 26,8 мың тоннаға артық) қант қызылшасы өндірілді. Қант қызылшасының көпжылдық өндірісінің орташа көлемі шамамен 171,0 мың тоннаны құрады (2017 жылы – 206,1 мың тонна, 2018 жылы – 192,9 мың тонна, 2019 жылы – 162,2 мың тонна, 2020 жылы – 133,5 мың тонна, 2021 жылы – 160,3 мың тонна).
Қант қызылшасы алқаптарының азаюының негізгі себептері:
– өндірістің жоғары шығыны және экономикалық тиімсіздігі (төмен рентабельділік);
1 гектар қант қызылшасын себуге жұмсалатын тікелей шығын орта есеппен 500 мың теңгені құрайды. Жанар-жағар май, пестицидтер, суаратын су тарифтері бағасының айтарлықтай өсуі жұмсалатын жұмыс күшіне қарамастан, қант қызылшасын өсірумен айналысатын аграршылардың сатып алу бағасы төмен болған кезде рентабельділігі төмен болуына алып келді.
– ылғалмен қамтамасыз ету мәселелері;
Республиканың оңтүстік өңірлерінде ауыл шаруашылығы дақылдарын ылғалмен қамтамасыз ету проблемасы байқалады. Сондай-ақ, шаруаларды техникалық жабдықтау мәселесі бар;
Өткен ғасырдың 30-жылдары салынған қант зауыттары қатты тозған. Зауыттардың технологиялық жабдықтарын жаңғырту үшін көп инвестиция қажет.
Фермерлердің проблемалары мен ұсыныстарын назарға ала отырып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын жаңғырту жоспарын пысықтап жатыр.
Жоспарда келесі тармақтар қарастырылған:
– жаңа суармалы жерлерді іске қосу есебінен қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын 60 мың гектарға дейін ұлғайту;
– қант саласын мемлекеттік реттеу және қолдау шараларын күшейту.
– қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша қолда бар қуаттарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, қант зауыттарын салу және жаңғырту;
– су үнемдеу технологияларын енгізу;
– тұқым шаруашылығын дамыту;
Еске сала кетейік, 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана – Алматы және Жамбыл облыстарында жұмыс істейтінін айтқан болатын. Олар тек жүктеменің 31% жауып отыр. Қазақстан 90% импорттық қантқа тәуелді.
Бүгінде мемлекет қант саласын жандандыруға қомақты қаржы ресурстарын салып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері аталған шараларды іске асыру бәсекеге қабілеттілік деңгейін едәуір арттыруға және қазақстандық қант өндірушілердің өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік береді деп пайымдайды.
Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Жетісу облысының шаруаларымен кездесуді жоспарлап отыр.