Алаяқтар өздерін екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ), МҚҰ қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін. Көп жағдайда олар ірі және танымал қаржы ұйымдарының атаулары мен логотиптерін пайдаланады, бірақ алаяқтар алдаудың басқа схемаларын да ойлап тапты. Олар клиенттерге белгісіз, дәлірек айтқанда, ойластырылған қаржылық құрылымдардың атынан байланысқа шығады. Бұл елес кредиторлар деп аталады. ТМД елдерінде алаяқтықтың бұл түрі пандемия кезінде кеңінен таралды. Бұл туралв fingramota.kz айтып берді.
Егер сіз кредиттік алаяқтардың құрбаны болсаңыз не істеу керек?
Полицияға арыз жазыңыз және сізді жәбірленуші деп тану туралы қаулы алыңыз.
Егер сіз алаяқтарға өзіңіздің жеке және төлем деректеріңізді берген болсаңыз, онда өз карточкаңызды дереу бұғаттап, жаңасын қайта шығарып, құжаттарыңызды ауыстыруыңыз қажет. Сондай-ақ, өзіңіздің барлық аккаунттарыңыз бен жеке кабинеттеріңіздегі: мобильді банкинг, электрондық пошта, әлеуметтік желілердегі құпиясөздерді өзгерткен жөн. Егер сіз күмәнді қосымшаны жүктеген болсаңыз, оны дереу жойып, зауыттық өлшемдерге қалпына келтіруіңіз керек.
Егер сіз қате ақша алған болсаңыз, онда оны өзіңіз аудармаңыз. Банк бөлімшесіне хабарласыңыз, банктің өзі адресатқа ақша аударуы үшін өтініш жазыңыз.
Өз қаражатыңызды алаяқтардан қорғау және «бөтен» кредитті мойныңызға ілмеу үшін әрқашан қырағы және ұқыпты болыңыз, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз.
Тек алаяқтар белгілі бір сомаға:
- кредиттік ұйымда қарызды ресімдеуді және алынған қаражаттың бір бөлігін кредит бойынша төлейтін делдалдарға беруді;
- сіздің барлық банктік қарыздарыңыз бен микрокредиттеріңіз бойынша барлық борыштарды есептен шығаруды;
- міндетті алдын ала төлеммен (аванспен) төмен пайызбен кепілсіз кредитті ресімдеуге көмек беруді ұсынады.
Білу маңызды! Банктік қарыз немесе микрокредит ресімдеуге көмектесетін клиенттер мен ЕДБ, МҚҰ арасында ешқандай делдал болмайды! Бұл сіздің ақшаңызды алып, телефонды өшіріп, жоғалып кететін алаяқтар. Ешқашан алдын ала төлем жасау көзделетін қаржылық қызметтерге жүгінбеңіз. Ешкімге кредит ресімдегені үшін ақшалай сыйақы бермеңіз және бөтен адамдарға өзіңіз және картаңыз туралы ақпарат бермеңіз.