Саудаласуды қалай үйренуге болады?

Жарияланды
Базарда ғана емес, сауда үйлерінде де бағаны түсірудің жолдары

Саудаласа білу — өнер. Кейбіріміз мұндай өнеріміз жоқ деп ойлап, қымбатқа ұрынып қалып жатамыз. Ал енді саудаласуды жақсы меңгергендер болса, әжептәуір ақша үнемдеп қалады. Негізі үйренгісі келген адамға бірнеше лайфхакты ескерсе болады. Әрі саудаласу тек базарда ғана болады деп ойласаңыз, қателесесіз. Өткені сауда орталықтарындағы бутиктерден де бағасын түсіріп алуға болады. Тек ескеретін бірнеше жайт бар. Базарда, қолдан алғанда, сауда үйлерінде қалай саудаласу керегі туралы бүгінгі материалымыздан оқи аласыздар.

Ірі сауда орындарында қалай саудаласу керек?

         Мұндай жерде баға бекітілетіндіктен, одан түсіріп алу мүмкін емес деп ойлаймыз. Бұл ойымыз жартылай рас, жартылай қате. Өйткені дүкендерде көп жағдайда жыл бойы жеңілдік жүріп жатады. Ол үшін ұялмай акциялар туралы сұрасаңыз жеткілікті. Ұнаған затыңызды арзандау бағамен алудың қандай жолы барын консультанттан сұрастырып көріңіз. Әлбетте, кейде мүлдем жеңілдік жоқ болуы мүмкін. Ал енді кейде белгілі бір сомаға зат алған соң жеңілдік жасайтын не екі тауар алса, үшіншісін қосып беретін акцияларға тап болып қалуыңыз ғажап емес. Жалдамалы сатушы бағаның бекітілгенін айтып, түсіріп бере алмаймын дейді. Онысы түсінікті. Өйткені иесі ол емес. Соның өзінде онымен сыпайы сөйлесіп, амалын табуға тырысып көріңіз. Дисконт карта, компанияның жаңалықтарына жазылу арқылы жеңілдік алу дегендей тәсілдер болып қалуы мүмкін. Келесі бір лайфхак: ақауына байланысты жеңілдік сұраңыз. Бұл әдіс те кейде жұмыс істесе, кейде жарамай қалады. Себебі әр желінің өз саясаты бар. Біреуі тігісі сөгітілген не ілгегі түсіп қалған киімге жеңілдікті оңай бере салса, енді бірі ондайды қарастырмайды. Десе де, бір сұрап көргенде тұрған ештеңе жоқ. Ілгекті өзіңіз салып ала салатыныңызға сенімді болсаңыз, сапасы, фасоны ұнап тұрса жеңілдік сұраңыз. Жарты бағасына түсіре қоймас. Кемінде 10 пайыз болсын жеңілдік жасаса, оның өзі — үнем. Мәселе келісе білуде. Егер жеткізу шеберлігіңіз жақсы болса, келісім алу ықтималы жоғары.

         Мультибренд дүкендердің көпшілігінде мынадай бар: егер сіз сол дүкендегі затты одан да арзан бағаға таба алсаңыз, сізге жеңілдік береді. Мұны арагідік жарнамалардан да естіп жүрген боларсыз. Егер бұрын-соңды мән бермеген болсаңыз, челлендж ретінде сынап көріңіз. Демалыс күні не істеріңізді білмей отырғанда ерінбей бірнеше жерді аралап шығыңыз. Тіпті болмаса, бармай-ақ парақшаларын, сайттарын да ақтарып қарауға болады. Бірақ базардан тауып алып, жеңілдік алам деп мәз болмаңыз. Өйткені мұндай акцияларда көбіне қосымша шарттар болады. Яғни белгілі бір компаниялар тізімі дегендей. Сондықтан іске кірісерден бұрын соны ескеру керек. Әйтпесе, үйден сататын біреуден арзанға таба алатыныңыз анық. Ал ол үшін басқалар бағасын түсіре қоймайды. Ал енді қымбат тауар алғалы жатсаңыз, былай істеп көріңіз. Бір фирмадан ең көп дегенде қанша пайыз жеңілдік жасайтынын біліп алыңыз, сөйтіп дәл сондай тауар сататын екінші фирмаға барып әлгі біріншісінің жеңілдігін айтыңыз. Кім көбірек жеңілдік жасайды, содан аламын десеңіз, бәсекенің буымен жап-жақсы жеңілдік жасап беруі мүмкін. 

Базарда қалай саудаласу қажет?

         Базарға не иесінің өзі тұратын шағын дүкенге бара жатсаңыз, бағаның түрліше құбылатынына дайын болыңыз. Бастапқысынан әжептеуір түсіп қалуы да ғажап емес. Ондай жерде көбіне киіміңізге, сырт келбетіңізге қарап баға бекітеді. Мәселе бренд киім киіп баруда емес. Ұқыпты, жарасымды киінсеңіз, сізге қымбаттау баға айта салады. Жалпы алғанда жеңілдік беру — әр сатушының еркіндегі дүние. Ол сізге түсіріп беруге еш міндетті емес. Қай жерде болсын сыпайы, жайдары жүзбен сөйлесу керек. Тарс етіп бірден «бар түскенде қаншаға бересің?» демеңіз. Алдымен жағымды диалог құрып алыңыз. Сонда жақсы жеңілдік аласыз. Тауар туралы сұраңыз, әңгімелеп бергенін тыңдап алыңыз. Қарап жүргеніңізге көп болғанын, бірақ қалтаңыздың сәл жұқалау боп тұрғанын тілге тиек етіңіз. Алғыңыз келіп тұрғанын білдіре алуыңыз керек. Әйтпесе, сатушы керісінше бұл бағадан арзанға болмайтынын, жеңілдік жасалмайтынын айтып сізді көндіріп алуы мүмкін. 

         Тауардың елде жоқ зат емес екенінен, арзанға табуға болатынынан сіздің хабардар екеніңізді сатушы сезіп тұруы керек. Бірақ өтірік айтпағаныңыз жөн. Мысалы 5000 теңгеден деп тұрған футболканы кеше бір жерден 4000 теңгеге көргеніңізді айтсаңыз, жеңілдік жасап беруі әбден мүмкін. Дегенмен әр сатушы әр түрлі қабылдайды. Бірі затын өткізу үшін келісімге келе қалса, енді бірі ашуланып, «онда барып сол жерден ал» дей салуы да мүмкін. Базарда «кешкі сауда» деген ұғым бар. Мұны бұрын-соңды естіген де боларсыз. Яғни жабыларға қарсы жеңілдік жақсы жасалатын кез. Киімдерге қатысты бұл лайфхак кейде жүрсе, кейде жүрмей қалады. Бірақ азық-түлік сататын базарлар кешке өте арзан бағамен береді. Өйткені ертеңге жарамай қалуы мүмкін болғандықтан мүлдем өтпегеннен, жеңілдікпен беріп жіберген тиімдірек. Саудаласуды бастағанда өзіңіз ала алатын бағадан сәл төмендеу айтыңыз. Сөйтіп сатушы да бастапқысынан түсіп, сіздің бағадан сәл жоғары айтып, орта бағаға келесіздер. Ал орта баға деген — сіздің ала алатын сомаңызға жақын. Дегенмен баға түсіремін деп тым артық кетпеңіз. 10 мың теңгенің затын 3 мың теңгеге алуға тырысқан жөн емес. Мұндайда сатушының ашуына тиіп кетуіңіз де мүмкін.

         Саудаласу құдды ойын ойнаумен бірдей. Өйткені мұнда расымен ойын элементтері кездеседі. Егер оған жүйкеңіз шыдамайтын типтерден болсаңыз, қандай баға айтса, соған алып, тынышына кете берген жөн. Себебі сатушы әр түрлі. Кейде ыңғайға келеді, кейде қарсыласып, бет жыртысып кетеді. Мұның бәріне психологиялық тұрғыдан әзір болып баруыңыз керек. Коммуникацияға нашар адамсыз ба, сөзді көбейтпей, минимум байланысқан жөн. Өйткені сізге керек бағаға сатушы бергісі келмей, көңіл-күйі жоқ болып қалып ұрсып жіберетін кездер болады. Мұндайда сіз де қарсы жауап беріп дауға ұласып кетуі мүмкін.    

Қолдан алғанда нені ескеру керек?

          Хабарландыру сайттарынан жиі тауар сатып аласыз ба? Онда бізден бірер кеңес. Мынадай жағдай болды делік: бір әйел бірден 10 көйлегін сатып жатыр. Әрқайсысының бағасы 5000 теңгеден. Бір-бірден өткеннен гөрі бір адам бәрін сатып алса, оған тіпті жақсы. Сондықтан 50 мың теңгеге емес, 40 мың теңгеге беруін сұрап көрсеңіз болады. Он адаммен байланыс орнатып, жауап беріп, біреуі алса, біреуі алмай жүргеннен бір адаммен келіскен оған жақсырақ емес пе? Сол себепті жеңілдік жасай салуы мүмкін. Иесі үшін әлгі тауардың құндылығын анықтап алу маңызды. Бұл дегеніміз кейінгі шыққан смартфонға жеңілдік беруі қиын болса, көптен бері пайдаланылмаған әрі сатып алатын адам табылуы қиын зат болса, түсіп беруі әбден мүмкін. Өйткені iPhone тез-ақ өтіп кетеді. Ал пианиноны өткізу ондай оңай емес. Бұдан бөлек, кейбірі затын ақша керек болғаннан емес, «үйде шаң басып тұрғаннан беріп жібергенім жақсы» деп құтылғысы келгеннен сатады. Хабарландыру сайтында түрлі бағаға, түрлі тауар табуға болады. Сондықтан жеңілдік сұрағанда базардағыдай «анау әлдеқайда арзанға береді» деп айту жеткіліксіз. «Олай болса, содан ал» дей салады. Аргументіңіз ойға қонымды болсын. Мысалы алып кететін жер алыс болса, екінің бірі келісе бермейтін жер болса, жеңілдік сұраудың реті бар.  

         Көбі тауарды сайтқа салғанда қазір жеңілдік сұрайды деп, бағасын ойлағаннан жоғарырақ етіп қояды. Сөйтіп іс жүзіне келгенде жеңілдік жасағандай болып, ойындағы құнына өткізеді. Бұл баршамызға таныс схема болар. Алдымен жай ғана жеңілдік сұраңыз. Бірақ басынуға болмайды. «Балам бар», «жұмыссызбын», «жалғызбасты анамын» дегендей себептермен аяушылық тудырмаған дұрыс. Көбіне аяушылық емес, жағымсыз әсер қалдыруыңыз мүмкін. Одан гөрі тауарды алуға сәл ғана ақша жетпей тұрғанын айтып, түсіріп беруіңіз өтініп көрсеңіз болады.

Сондай-ақ оқыңыз