Дамушы елдер валюталарының динамикасы көп бағытты болды
Ресей рублі, түрік лирасы, бразилиялық реал және индонезиялық рупия әлсіреді
Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 22 шілдеде теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,7%-ға (480,37 теңгеден) әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 483,88 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк баспасөз қызметі хабарлады.
2022 жылғы 15-22 шілде аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. АҚШ-та іскерлік белсенділік индексі шілденің қорытындысы бойынша 2020 жылғы мамырдан бері ең төменгі деңгей – 47,5 тармаққа дейін күрт төмендеді, бұл көрсеткіш Еуроаймақта 49,4 тармаққа дейін (өткен айдағы 52 тармақтан) төмендеді. Инфляцияның өсуі аясында ЕОБ 2011 жылдан бері алғаш рет мөлшерлемені 0,5%-ға дейін 50 б.т. арттырды. Жапония банкі ақша-кредит саясатының негізгі параметрлерін өзгеріссіз (мөлшерлеме (-) 0,1% деңгейінде) қалдырды.
Бұл факторлар дамушы нарықтардағы валюталардың әр түрлі бағыттағы динамикасын көрсетті.
Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының динамикасы төмендегідей қалыптасты:
- Оңтүстік Африка ранды мөлшерлеме 5,5%-ға дейін 75 б.т. қарқынды артқан тұста 1,5%-ға (17,08-ден 16,83-ке дейін) нығайды;
- үнді рупиясы 79,88-ден 79,85-ке дейін нығайып, бір аптада нақты өзгерген жоқ. Орталық банк басшысы ұлттық валютаның күрт ауытқуына жол бермеу үшін реттеушінің резервтерді пайдалануға дайын екенін мәлімдеді;
- Мексика песосы қаралып отырған кезеңде 20,54-тен 20,53-ке дейін біраз нығайды. Әр түрлі бағыттағы ауытқулар инвесторлардың жаһандық тәуекел дәрежесінің жай-күйіне байланысты туындады;
- Индонезия рупиясы 0,1%-ға (14 997-ден 15 014-ке дейін) әлсіреді. Орталық банк пайыздық мөлшерлемені 3,5% деңгейінде сақтады;
- Ресей рублі РФ Орталық банкінің негізгі мөлшерлемені консенсустан да күштірек 9,5%-дан 8%-ға дейін төмендету туралы күтпеген шешімі аясында 0,2%-ға (57,17-ден 57,29-ға дейін) әлсіреді.
- Бразилия реалы шетелдік инвесторларды тарту үшін бейрезиденттердің инвестициялық кірісіне салынатын салықтарды азайтудың жоспарланғаны туралы хабарламаларға қарамастан 1,7%-ға (5,41-ден 5,5-ке дейін) әлсіреді;
- түрік лирасы Орталық банктің мөлшерлемені инфляцияның рекордтық мәніне қарамастан, тағы да 14% деңгейінде сақтап қалу жөніндегі шешімі аясында 2,1%-ға (17,36-дан 17,73-ке дейін) әлсіреді.